Шымкент жеңімпазын қарсы алды
Шымкент жеңімпазын қарсы алды
366
оқылды
Astana Arena стадио­нын­да шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы оралдық «Ақжайық» клубына қарсы ойнап, 5:4 есебімен футбол­дан ҚР кубогының жеңімпа­зы атанған болатын.
Шымкент әуежайында «Ор­да­басы» футбол клубының ойын­шыларын қала тұрғындары, клуб жанкүйерлері, бір топ спорт сүйер қауым, әскери оркестрмен салтанатты түрде қарсы алды. Футболшыларды әуежайдан кү­тіп алған жанкүйерлер «Әл-Фара­би» алаңындағы қала әкім­дігі басшылық құрамының қаты­суы­мен салтанатты жиынға жи­налды. Футболдан ҚР кубогын салтанатты тапсыру рәсімінде сөз алған Шымкент қаласы әкі­мінің бірінші орынбасары Шың­ғыс Мұқан «Ордабасы» футбол командасының ойыншыларын Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының, Шым­кент қаласының тұрғын­да­рының, «Ордабасы» жан­күйер­лері атынан футболдан 2022 жылғы Қазақстан кубогымен құттықтады. «Құрметті футбол­шылар, қала әкімі финалды ста­дионда тамашалап, матчтың соңына дейін болып, өздеріңізге қолдау көрсетті. Жалпы «Астана-Аренада» болған шымкенттік жанкүйерлер сіздерге қолдау көрсетіп, шабыт берді. Алдағы жы­лы өтетін чемпионатта ал­ғашқы үштікке іліне беріңіздер. Келер жылы Шымкент қаласы Еурокубок ойындарын қабыл­дайтын болады. Бұл тек «Ор­да­басы» клубының ғана емес, бүкіл Шымкент қаласының жеңісі, үшінші мегаполис спортының жеңісі! – деді ол.
жеңімпаздар
Міне, араға 11 жыл салып, Қазақстан кубогын Шымкентке алып келген «Ордабасы» коман­дасына қала тұрғындары осы­лайша ерекше құрмет көрсетіп, оларды жігерлендірді. Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов та барша жанкүйерлерді, футбол командасын жеңісімен құттықтады. «Біздің жігіттер та­бандылық көрсетіп, жанкүйер­лерге қуаныш сыйлап отыр. Фи­налдық кездесуде алаңға бі­рін­ші минуттан шыққан 11 фут­болшының жетеуі – қазақ­стан­дық спортшылар екенін мақ­та­ныш­пен айта аламыз. Ал клуб­тағы 25 ойыншының 17-сі – өзі­міздің, Шымкенттің түлектері. Барлығы – клубтың тәр­бие­ленушілері. Кубок тағы да құтты болсын», – деді қала әкімінің орынбасары. Ал «Ордабасы» клубының пре­зиденті Бауыржан Абду­байтов бұл жеңісте барша қала тұрғындарының үлесі бар екенін жеткізді. «Баршаларыңыздың қолдауларыңыз біздің футбол­шыларға күш-жігер берді», – деді. Жүздерінде қуаныш табы сезіліп тұрған футболшылар Ас­танада жүрсек те, жерлес­теріміздің қолдауын сезіндік деп риза болысты.
«Ордабасы» футбол клу­бы­ның капитаны Самат Шәмші Қазақстан кубогын қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлына салтанатты түрде табыстады.

Шымкент қаласы