«Қыздарымыз жақсы нәтиже көрсетті десе де болады. Жалпыкомандалық есепте қыздардың арқасында бірінші орынға жайғастық. Былтыр сегіз алтын алсақ, биыл үш алтын алдық. Бұл керемет нәтиже деп айтар едім. Бірақ бір қынжылтатыны – құрамадағы қыздардың көбі бұрыннан келе жатқан боксшылар. Кей боксшының ұлттық құрамада жүргеніне он жылдан асып кеткен. Арасында әлем чемпиондары мен олимпиадаға қатысып, жүлде алып жүргендер бар. Бір сұрақ туындайды: бізде неге құрама түлемейді? Неге талантты жастар шықпайды? Кем дегенде құрама қатарында бір-екі жас боксшы қыз болу керек қой. Соған қарағанда, қыздар боксы әлсіреп бара ма, әлде себеп басқа ма? Сондықтан әйелдер құрамасындағы мәселені де қарау керек сияқты», – дейді тәуелсіз спорт шолушысы Анық Көкенайұлы.Жігіттерден жігер кетті ме? Белгілі спорт журналисі Қайрат Әбілдәмен Азия чемпионаты туралы әңгімеміз ерлер құрамасының қарқыны туралы басталған-ды. Оның үстіне, жарыс аяқталған соң құрама жігіттері сынның астында қалды. Қайрат Әбілдәнің айтуынша, бокс спорты бірінші орында тұратын ел үшін бұл қалыпты құбылыс. Әрі сын өшірмейді, ебін білгенді өсіреді. Айталық, 48 келі салмақ дәрежесінде 19 жастағы Санжар Тәшкенбай Қазақстан қоржынына ерлер арасындағы алғашқы алтын жүлдені салды. Санжардың рингтегі әлеуетіне тәнті болғандар жетерлік. Ал 51 келі салмақта өнер көрсеткен Сәкен Бибосынов шешуші жекпе-жекте өзбек Хасанбой Дусматовтан жеңіліп қалды. 54 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Махмұд Сабырхан финалда олимпиаданың күміс жүлдегері, филиппиндік Карло Пааламмен кездесті. Тартысты жекпе-жекте төрешілер 4:1 есебімен жеңісті Филиппин өкіліне берді. 57 келіге келсек, өзбек Абдумалик Халоковпен жұдырықтасқан Серік Теміржановтың да жолы болмады. 60 келі салмақта Саматәлі Төлтаев ширек финалда қырғыз боксшысынан айласын асырғанымен, жартылай финалда иорданиялық Әбу Джадже Мұхаммедке есе жіберді. Сондай-ақ 67 келіде өнер көрсететін Дулат Бекбауов Таиланд елінің боксшысы Бунджонг Синсириден 3:2 есебімен жеңілді. 71 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Асланбек Шымбергенов ел қоржынына екінші алтынды салды. Ал 75 келі салмақта Нұрқанат Райыс өзбек Саиджамшид Джафаровпен үш раунд жұдырықтасты. Төрешілер шешімімен жеңіс өзбек боксшының уысында кетті. 80 келіде Нұрбек Оралбай мен 86 келіде Сағындық Тоғамбай қола еншіледі. 92 келідегі салмақта Айбек Оралбай өзбек Мадияр Сайдрахимовпен жұдырықтасып, алтыннан алға тақты. +92 келіде жұдырықтасатын Қамшыбек Қоңқабаев тағы да күмісті қанағат тұтты.
«Финал кездесулерін тамашалағанда 48 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Санжар Тәшкенбайдың бокс мәнері ұнады. Кезінде Қарағандыда 15 жастағы Серік Сәпиевті тауып, ізденіп жазғаным бар. Сол сияқты Санжардың тума талант екені байқалып тұр. Негізінен, көп боксшы психологиялық түрде ішкі әлемімен айқасып жүреді. Куба сияқты елдің спортшысын қарасаң, рингте «жанып» кетпей, өзін еркін ұстайды. Бұл – үлкен басымдық. Осындай өзгешелікті Санжардың бойынан байқадым. Боксшыда өжеттік пен жігер үйлесім тапса игі. Айта кетерлігі, кезінде Махмұд Сабырхан сияқты өрендер атой салды. Бірақ «өспей» қалды. Сол мәнер, сол тактика. Мансабын қалай бастаса, әлі сол деңгейде келе жатыр. Яғни, бұл жерде бапкер тарапынан үлкен кемшілік байқалады. Іштей Санжар Тәшкенбайға келгенде осы қателікті қайталамаса екен деп тілеймін»,– дейді дейді белгілі спорт журналисі Қайрат Әбілдә.Оған қоса, журналист қалған боксшының физикалық тұрғыда шаршаңқы екенін атап өтті. Оның айтуынша, көпшілігі үшінші раундта сылбыр бокстасты. Аталған спорт түрінде үшінші раундты қарсылас есебіне жазғаның – жеңілгенің. Сондықтан бұл тұста бапкердің де, боксшының да қателігі бар. Ол жігіттерде тактикалық қате көп, техникалық шеберлік азын да атап өтті. Жалпы, осы бәсекеден кейін федерацияда үлкен жиналыс өтіп, бапкердің ұлттық құраманы жаттықтыруға қаншалықты лайық екені талқылануы керек екенін қосты. Оның айтуынша, құрамаға харизмасы мықты, айтқанынан қайтпайтын мінезді бапкер бас болса игі. Өйткені бапкерлер арасында атақты, ықпалдысы өз шәкіртін тықпалап, жарысқа апарғысы-ақ келеді. Сондайда кесіп айтатын бас бапкер керек-ақ.
Ал спорт шолушысы Анық Көкенайұлы бетке ұстар боксшыларымыз финалда жеңілгеніне қапалы. Оның айтуынша, Өзбекстанның екінші құрамы еліміздің бірінші құрамасынан басым түсті. «Біздікін негізгі құрам деп айтуға да келмейді. Шын мықтыларды құрамаға алмай, таныс және көкелерінің арқасында құрамаға енгендер барып ойсырай жеңілді. Мықты боксшылар құрамада жоқ емес, бар. Олар әлі шеберліктерін шыңдауы керек. Ең алдымен басшылықтан бастап майшаммен қарап, трайбализмді құртып, спарринг өткізіп құраманы жасақтау керек. Қазіргі жүйе, ескі тәсілмен ешқашан алға баспаймыз», – дейді ол.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ