Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізуді мақсат еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу» деп, кезекті Жолдауында баса мән берген болатын әрі елорданы дамытуға арналған жиында бас қаладағы бірқатар нысанды жөндеу қажеттігін айтып, тапсырма берген еді. Осы орайда, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласындағы бірқатар нысанды аралап, медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту бойынша атқарылып жатқан жобалар ретімен танысты.
Әуелі былтыр тамызда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде ашылып, жұмыс істеп келе жатқан «Жанұя» отбасылық институтын қолдау орталығына ат басын бұрды. Қазіргі күні орталықта «бір терезе» қағидаты бойынша 12 мемлекеттік ұйым мен мекемеден көрсетілетін 70 қызмет біріктірілген. Ашылғалы бері 24 403 мәселе бойынша 11 мыңнан астам адам хабарласып, оның ішінде 18 404-іне жүйелі кеңестер берілген. Нұр-Сұлтан қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Сәуле Нұрғожина орталықтың жұмыс барысымен егжей-тегжей таныстырып, ашық қоғамдық қабылдау жұмыстары істейтінін хабарлады.
– Отбасыларға заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Орталық жұмыс табуға, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар туралы егжей-тегжейлі ақпарат алуға, денсаулық сақтау, білім беру, баспана, бизнесті бастау және мемлекеттік қолдауға кезең-кезеңімен және жүйелі кеңестер беруге мүмкіндік береді. Қазір мұнда 4 ауданда атаулы әлеуметтік көмек қабылдау және тағайындау жүзеге асырылады, – дейді ол. Оның айтуынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, астанадағы Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» мамандары салалық кеңес береді әрі білім басқармасы жалпы білім беру, балабақшалар, үйірмелер мен секциялар, оқуға гранттар алу, мектеп оқушыларына жол жүру билеттерін алу жөнінде, мектепке дейінгі жастағы балаларды (7 жасқа дейін) балабақшаға жолдау үшін кезекке қою, мектепке қабылдау, мүгедек балаларға арналған арнайы білім беру ұйымдарында құжаттарды қабылдау бойынша жүйелі мәліметтер береді. Аралау барысында орталықтың қызметіне жүгініп, кезекте тұрған аналар тиісті қызмет түрін алып жатқанына куә болдық. Орталықтағы тағы бір құптарлық қызмет түрі – «Kasipker ana» орталығы. Мұнда аналарға арналған жеке бизнесті дамытуға қолдау көрсету бойынша мамандар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға әйелдердің бизнесті ашуға немесе үйде жұмыс істеуге қызығушылығын дамытуға, пайдалы бизнес құруға жан-жақты көмек көрсетеді. Мәселен, «Kasipker ana» жобасы басталғалы бері оқуға 434 әйел өтініш беріп, қазір 250 әйел оқып жатыр. Оның ішінде негізгі дайындық курсын 65 адам аяқтап, он шақтысы сәтті жұмыс істеп жатқан көрінеді. 2019 жылы 1 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орталық жұмысымен танысып әрі жоғары бағалап, аймақтарда осындай орталықтар құруды тапсырғаны есімізде.
Арнайы топ бұдан соң қаладағы №2 емханасы мен орталық жол ауруханасының бүгінгі жай-жапсарымен танысты. Амбулаториялық-емханалық көмек, оның ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек, консультативтік-диагностикалық көмек, стационарлық көмек (25 төсек), оңалту және қалпына келтіру емі (7 төсек) қамтылған емхананың жалпы ауданы 8 мың шаршы метрге жуықтайды. Емхана директоры Ләззат Рыспекованың мәлімдеуінше, емхананың өндірістік қуаты ауысымына – 440 адам. Қазір мұнда 63 660 адам тіркелген.
– Біздің міндетіміз заманауи диагностикалық, медициналық, профилактикалық негізде азаматтардың денсаулығын үнемі жақсартуға бағытталған халыққа сапалы амбулаториялық-медициналық көмек көрсету. Сондай-ақ сапалы әлеуметтік медициналық көмекке бағытталған қажеттілікті орындау басты мақсатымыз, – дейді Ләззат Рыспекова.
Ал салынғанына 60 жыл болған қаладағы ең ескі медициналық ұйым Орталық жол ауруханасының ғимараты ескіріп, апатты жағдайда екені көп талқыланып, ақыры Мемлекет басшысының назарына іліккен еді. Бүгінде аурухана күрделі жөндеуден өтіп, 2018-2019 жылдары Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі 1,2 млрд теңге бөліп, жаңа орталық стандарттарға сәйкес заманауи жабдықтармен қамтылып отыр. Ауруханаға хирургиялық, гинекологиялық, патологиялық және анатомиялық бөлім, тамақтану бөлімі кіреді. 2019 жылы гинекологиялық ғимарат жөнделіп, неврология, урология, лаборатория және әкімшілік бөлімдерін апатты ғимараттардан көшірген болатын. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Қисықованың айтуынша, алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен (АМСК) елорда тұрғындарының тек 1 пайызы ғана қамтылмаған. Бұл 35 434 адам. Олардың 22 мыңы сырттан келгендер санатында. 10 мың адам тіркеуден бас тартқан. Оның мәліметінше, бас қаладағы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімге отырған 93 медициналық ұйымның бәрінде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің барлық түрі көрсетіліп отыр.
«Елордадағы мекемелерді аралап шықтық. Қалалық №2 ауруханада МӘМС жүйесінің енгізілуіне байланысты біршама жұмыстың атқарылып жатқанын көріп отырмыз. Маған мәлім етілгендей, қала тұрғындарының 92,5 пайызы медициналық сақтандырумен қамтылып отыр. Бұл үлкен жетістік деп айтуға болады. 1 сәуірге дейін әлі уақыт бар. Сондықтан қалған азаматтарды қамту керек. Егер оған ілікпеген азаматтар болса, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында оларға тиісті көмек-қолдау көрсетілуі тиіс», – деді Үкімет басшысының орынбасары. Ералы Тоғжанов сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық жол ауруханасының жұмысына да оң бағасын берді. «МӘМС-ке енбей қалған азаматтарды міндетті түрде анықтау керек. Олардың саны белгілі. Ол тек медицина саласы азаматтарының міндеті ғана емес. Бұл жұмыс ІІМ-мен бірге жүргізілуі тиіс. Нұр-Сұлтан қаласына басқа облыстардан көшіп келетін азаматтар көп. Келген азаматтарға керекті жағдайда көмектің бәрі көрсетіліп жатыр. Медицина саласындағы реформаның көмегімен дәрігерлердің жалақысын 30 пайызға арттыруға мүмкіндік бар. Бұл нысан Қазақстан Президентінің бақылауында. Ол жақында осында болып, нақты тапсырмаларды жүктеген болатын. Президент тапсырмасы орындалды», – деді ол.
Серік ӘЛІМЖАНОВ, Нұр-Сұлтан