Елімізде аэроғарыш саласы, соның ішінде жер серігітік байланыс саласы кенже дамып келеді. Тіпті, тоқырап қалды деуге болады. 2007 жылы шындап қолға алынып, Ұлттық ғарыш агенттігі ашылған еді. Ол 7 жылдан соң жабылып тынды. «Бәйтерек» кешенінің құрылысы өте баяу жүруде. KazSat ғарыштық хабар тарту байланыс жүйесі стратегиялық маңызынан айырылды. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіз жер серігітік байланыс жүйесі жолға қойылмағандықтан, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне де қатер төніп тұр. Жалғыз депутатқа керек пе? Еліміздің ақпараттық дербестігі жалғыз депутатқа керек сияқты. Өйткені мүйізі қарағайдай ғалымдар, тұтастай министрлік отырып аэроғарыш саласы туралы тек «AMANAT» партиясы фракциясы мүшесінің үн қатуы осындай шарасыз ойға жетелейді. Өзінің депутаттық сауалында Екатерина Смышляева 2014 жылдан бері тоқырап қалған аэроғарыш саласын сынға ала отырып, стратегиялық бағытта қайта қолға алуға шақырады. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардың ішінен тек «Ғарыштық зерттеу мен технологиялары» Ұлттық орталығының құрылғанын және екі жер серігі пен Ақмола және Алматы облыстарында орналасқан жер бетіндегі басқару кешенінен тұратын KazSat сериялы ғарыштық хабар тарту байланыс жүйесін атап өтуге болады екен.
«Жерді шалғай кеңістіктен зондтау (ЖШКЗ) жүйесінің жұмысын көріп отырмыз. Бұл жұмыстар орташа және жоғары мүмкіндікке ие KazEOSat-1 мен KazEOSat-2 жер серігітері арқылы жүзеге асырылады. Асқан дәлдікке ие жер серігітік навигация жүйесі жұмыс істеп тұр. Отандық жер серіктерін қолдана отырып ғылыми жұмыстар жүргізу жолға қойылып келеді. Әйтсе де, соңғы кездері ғарыш саласы біз үшін стратегиялық маңызға ие болмай қалды. Бұл саланың жағдайын құлдыратып жіберді. Мәселен, ұлттық агенттігіміз 2014 жылы комитет деңгейіне дейін түсіп кетті. Ал құрастыру-сынау кешенін құру бойынша жоба аяқталмаған қалпы тұр. Шалғай кеңістіктен зондтау жер серіктерінің қаржыландыруды күткеніне бірнеше жыл болды. «Бәйтерек» кешенінің құрылысының жұмыстары, ұшыру қызметін жүзеге асыру бойынша коммерциялық жобалар өте баяу жүзеге асуда. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі былтыр KazSat-2R жер серігін дайындау жобасынан бас тартты. Ол байланыс жүйесіндегі қазір жұмыс істеп тұрған жер серіктердің пайдалану мерзімі біткен кезінде орнын алмастыруға тиіс болатын. Сонда өз бетінше дербес, тәуелсіз жер серіктерін байланыс жүйесін нығайта түсу идеясынан бас тартқанымыз ба? Бұл дегеніміз мемлекетіміздің ақпараттық дербестігіне де қауіп төніп тұр деген сөз емес пе? Қазақстан ғарыш саласын қалыптастыру жолынан өткен ел, енді оны дамытудан бас тарту деген сөз ақылға сыймайды», – дейді депутат Екатерина Смышляева.Ұлттық ғарыш агенттігі мемлекеттік органына дербес статусы қайта берілуі керек. Одан бөлек, дәл қазір жүзеге асып жатқан ғарыш жобаларының басымдықтарын қайта қарап, әсіресе KazSat және KazEOSat жер серіктерін құрастыру бағытында даму мен қауіпсіздікке көбірек назар аудару қажет. Үкімет не дейді? Депутаттың айтып отырған сөзінің жаны бар. Өйткені соңғы геосаяси оқиғалар стратегиялық ресурстардың қысым көрсету құралына айналып кетуі оп-оңай екенін сан рет дәлелдеп отыр. Әйтсе де, Үкіметтің жауабынан дербестіктің лебі еспейді. Ғарыш саласына ұлттық статусын бергенді жөн көріп отырған жоқ. Депутаттың уәждерін де жоққа шығармайды. Баяндап отырғандары – «асықпаған арбамен қоян аладының» кебі. Шамасы, ғарыш сынды «қояндай» жүйрік саланы, «арбамен» қумайтынын түсінгісі де келіп тұрған жоқ сияқты. Былтыр қабылданған ұлттық жобада ғарыш саласы ғылыми-техникалық дамудың басым бағыты болып белгіленгенін алға тартып отыр. Ал ол ұлттық жобаға кіріктірілген оған дейінгі мемлекеттік бағдарламада да сондай болған-тұғын, бірақ одан өзгерген ештеңе жоқ еді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ғарыш саласын 2030 жылдарға дейінгі дамыту тұжырымдамасын енді-енді жасап шығарып жатқан көрінеді. Ол келер жылдың І тоқсанында қабылданбақ екен. 10 министрлік пен ҰҚК-ден тұратын ведомствоаралық жұмыс тобы ғарыш саласында ұлттық мүдделерді қорғау жоспарын бекіткен. Онда «Байқоңыр» кешені мен жерді шалғай кеңістіктен зондтау жүйесін дамыту қарастырылған. Ендігі жұмыстар осы жаңа құжаттар негізінде жүзеге асатындықтан, Үкімет дербес ұлттық бағдарлама жасауға ерте деп санайды. Сондай-ақ қазіргі министрліктің бар екенін алға тартып, Ұлттық ғарыш агенттігін құруды да құп көрмейді.
«Оның үстіне, ғарыш саласының бір мемлекеттік органда цифрландыру, байланыс, электронды өнеркәсіп, геодезия және картографиямен біріктірілуі оң синергиялық әсер беріп отыр. Мәселен, бүгінде ғарыш мониторингі арқылы шамамен 400 мың заңсыз иеленген жер телімдері, 1 млн гектар пайдаланылмай жатқан егістік жерлер, 70 стихиялы қоқыс орны және 20 заңсыз пайдалы қазбаларды өндіру оқиғасы анықталды. 2023 жылы есірткі қылмысымен күрес, субсидиялардың тиімді жұмсалуын қадағалау, сондай-ақ мемлекеттік шекараны 3D форматында модельдеу мақсатында мониторинг жүргізу жоспарлануда. 2030 жылдарға дейін арналған Мемлекеттік басқару тұжырымдамасында мемлекеттік аппаратты одан әрі оңтайландыра түсу мақсаты көзделгендіктен, өз алдына Ұлттық ғарыш агенттігін құруды мақсатқа сай емес деп санаймыз», – дейді вице-пример Роман Скляр.Ал техникалық параметрлері бойынша қазір көкте жүрген қолданыстағы ЖШКЗ аппараттарының белсенді жұмыс істеу мерзімі 2021 жылы өткен екен. Бірақ оларды басқарушы оператор «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК техникалық аудит жүргізіп, қос KazEOSat-1, KazEOSat-2 жер серігітерінің пайдалану мерзімін 2024 жылға дейін созыпты. Телекоммуникациялық ғарыш аппараттарына келсек, KazSat-2-нің пайдалану мерзімін 2024 жылдан 2026 жылға дейін созыпты. Ал KazSat-3-тің мерзімі 2029 жылы аяқталмақ. Сонда 2027 жылдан бастап тұрақты жерсеріктік байланыс үшін бір жер серігі қалмақ. Оларды KazSat-3R байланыс жүйесімен алмастыру жұмыстары жоспар бойынша 2024-2026 жылдары жүзеге аспақ. Бүгінде бұл екі жер серігі еліміздің байланыс пен телехабар тарату сұранысын толықтай қамти алып отыр. Яки, қазір небәрі жобалық қуатының 72%-ында ғана жұмыс істеп тұр екен. Осы ретте тіпті Орталық Азия елдеріне ғарыштық байланыс жүйесінің қызметін экспорттау жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. Ештен кеш жақсы Депутаттың айтып отырғанын сарапшы мамандар да құптап отыр. Олардың ойынша, бұл – әбден пісіп-жетілген мәселе. Ал Үкімет жауабында сырғытпалық сипат басым деп санайды. Солардың бірі – «Ғарыштық зерттеулер және технологиялар» журналының бас редакторы Нұрлан Аселкан. Оның айтуынша, Қазақстан билігі еліміздің ғарыштық әлеуетінің қадірін біліп отырған жоқ. Бұл – дұрыс емес!
«Қазақстан америкалық SpaceХ компаниясы мен еуропалық OneWeb компаниясы ұсынып отырған жаңа төменгі орбиталық жерсеріктік байланысқа қосылғанды қолай көріп отыр. Сондықтан төл жер серіктеріміздің біреуін ғана қалдырғанды жөн санапты. Бірақ мамандар қауымдастығы мұны құп көріп отырған жоқ. Олар бұл тәуекелі жоғары қатерлі жағдай деп отыр. Өйткені біріншіден, шетелдік жер серіктері өзге елдердің қадағалауында болады. Олар кейбір ақпараттарды бермей қоюы немесе өз мақсаттарына пайдаланып кетуі мүмкін. Екіншіден, біз байланыс үшін шетелге ақша төлейтін боламыз. Яки, ақшамыз сыртқа кетеді деген сөз. Тағы да айтарым, ғарышта жалғыз жер серігін қалдыруға болмайды. Байланыс жүйесі қашан да дубльді қосымша нұсқада жүруі қажет. Өйткені ғарыштағы қоршаған орта өте қатал, күрт өзгергіш болып келеді. Онда ауа температурасының өзі +100 градустан -100 градусқа кез келген сәтте кілт ауыса салады. Түрлі сәуленің әсері көп. Мұндай қолайсыз ортада аппараттар кез келген сәтте істен шығуы мүмкін. Сондықтан да екінші жер серігімен сақтандырып қою керек. Ал жерді шалғай кеңістіктен зондтау жайына келер болсақ, одан айырылсақ, біз елімізді ғарыштан қадағалай алмай қаламыз. Қазіргі алмағайып заманда шекарамыздың жанында не болып жатқанын жедел түрде білмей қалуымыз мүмкін. Мәселен, соғыс болып жатқан Украинада мұндай мәліметтерді әріптестік негізде АҚШ беріп отыр. Біз де сөйтіп біреуге кіріптар болсақ, қаншама ақша төлеуіміз керек. Сондықтан да қолда бар мүмкіндіктерімізден айырылып қалмай, керісінше оны дамыта түсуіміз керек. Біз шындығын айтқанда кешігіп қалдық. Бірақ ештен кеш жақсы!», – дейді сарапшы Нұрлан Аселкан.Маманның айтуынша, Байқоңырдың да жағдайы мәз емес. Соңғы жылдары одан ұшырылатын ғарыш аппараттарының саны азайып кеткен. Тіпті, Украинадағы қақтығыс басталғалы жағдай мүлдем шиеленісіп кеткен. Мысалы, Ресей OneWeb компаниясына қарасты Британдық оператордың 36 жер серігін арестке алды. Енді осыдан кейін басқа елдер бұрынғыдай Байқоңырдың қызметін пайдаланудан бас тартып отыр. «Бәйтерек» кешенінің жағдайы да мәз емес. 2004 жылдан бері оның құрылысы қағаз жүзінен аспай келеді. Мұның барлығы еліміздің аэроғарыш саласы жетім баланың күйін кешіп отырғанын білдіреді. Ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан айтқанда да, қауіп зор. Телерадиохабар таратуда өз жер серігіміздің айырылып қалып, ең жақын деген ресейлік аппараттарға жүгінер болсақ, біріншіден ақша төлейміз, екіншіден қазақстандықтар ресейлік телеарналарды көріп, олардың идеологиясын тыңдауға мәжбүр болмақ. Ал жер серігінің жоғалып кетуі дегеннің не екенін біз өз тарихымыздан білеміз. Сондықтан да депутаттың айтқанының жаны бар. Оны тек қана өз алдына агенттік етіп қана құрып қоймау керек. Тікелей Президентке бағынатын ету қажет. Міне, сонда ғана бұл салаға жан бітіп, стратегиялық бағыттың бойына қан жүгірмек.