Асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту – еліміздегі стратегиялық маңызды салалардың бірі болғанымен шаруасы шатқаяқтап шырылдағандар қарасы азаймай тұр. Мемлекеттік қолдауға сеніп малды асылдандырамыз деп банктерден қомақты несие алғандар қарызға белшесінен батқан. Мал басын көбейту былай тұрсын, қайтару үшін қолдағы бар малын союға мәжбүр болғанын айтады. Ауыр шығынға ұшыраған фермерлерге ет өндіріп сату да зор машақатқа айналған. Бұл үш жыл бұрын тірі малды экспортқа шығаруға шектеу қоюдан басталған. Ет өндіру мен өңдеу саласы түзелуі тиіс болғанымен керісінше асылтұқымды малын тұтастай бауыздап қолға алған ісін доғарғандардың қатары көбейіпті... Ресми деректерге сенсек, еліміздің сауда министрлігі биыл шетелге 70 миллион доллардан астам сомаға ет сатқанын жария етті. Тіпті жыл соңына дейін 80 миллион долларға ет сатып рекорд орнатпақ. Алайда, «Қазақстанның ет одағының» басшылығы бұл зор сома іштегі жағдайға еш оң әсер етпей, керісінше зор қиындықтарға душар етіп жатқанын айтады.
«Қазір ет мүлде экспортталмайды десек те болады. Болған күннің өзінде жеке жемдеу базасы мен субсидия көздері бар жекелеген компаниялар ғана экспортқа шығара алады. Оның өзінде ішкі нарықтан төмен демпингтік бағада Өзбекстанға жөнелтеді. Басқа амалы да жоқ», – дейді «Қазақстанның ет одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Асқар Жұбатыров.Яғни, сыртқа ет сатып экспорттаудан гөрі кәдімгі елдегі жайма базарларға шығарып сату әлдеқайда тиімді бола бастаған. Мұны ұлттық статистика бюросы да растап отыр. Олардың мәліметінше, өзбектер еттің келісін 2 200-2 300-ден сатып алса, қара базардағы еттің құны 2 274 теңгеге жеткен. Ал статистика осылай дегенімен, базардағы ет бағасының 3 мың теңгеге тіпті одан да қымбатқа саудаланып жатқанынан қарапайым халық хабардар. Қалтасы қағылып қызылсыраған жұртқа қысқы соғым алу да қиынға түскен. Ақмолалық асылтұқымды мал өсірушілер де жағдайдың күрделілігінен малды экспортқа шығарудың азайып, тіпті құлдыраудың алдында тұрғандарын айтады. Мәселе жөнінде облыс әкімдігімен қоса тиісті министрліктер мен Үкіметке де талай шағымданған. Бірақ фермерлердің жанайқайын естір құлақ табылмаған. Қазақтың ақ бас сиырымен бірге кезінде мемлекеттің қолдауымен ангус және герефорд тұқымды сиырларды әкелген ақмолалық фермерлер мемлекеттік қолдаудың төмендігінен мал басын азайтуға мәжбүр болатынын айтады. Бүгінде асылтұқымды мал басы 1 200-ге жеткен ақкөлдік «SC Food» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Мақсұт Бақытжанұлы ет өңдеу мен экспортқа мемлекеттен қолдау болмаса, істің насырға шабатынын ашық айтты.
– Асылтұқымды мал өсіру – қарапайым мал шаруашылығына қарағанда шығыны мол ауыр кәсіп. Малдың күйі төмендемес үшін пайдалы рациондарға толы жем-шөбіне, денсаулығына баса назар аудару керек. Жасанды ұрықтандыруға да қомақты қаражат жұмсалады. Мұнымен қоса, барлық инфрақұрылым да талапқа сай болуы тиіс. Көптеген фермерлер асылтұқымды мал өсіру үшін миллиондаған несие алып, оған өзінің жеке қаражатын қосқан. Билік тарапынан мемлекеттік қолдауға уәде берілген. Өзара тиімді ынтымақтастықпен саланы ілгерілету міндеттелген. Алайда, іс жүзінде билік органдары қолдаудың орнына бизнестің дамуына түрлі кедергілер тудырып, мемлекеттік жәрдемді қысқартып тастады. Біз бір биік межеге жетіп, несиелерімізден құтылып, ет экспортынан әлемде көшбасшыға айналған сияқты қарайды, – дейді Мақсұт Бақтыбаев.Фермер мемлекеттік түрлі тосқауылдардың салдарынан асылтұқымды мал басының сыртқа экспортталуы 3 есеге дейін төмендеп, тіпті ірі шығындардың салдарынан көп малдың пышаққа ілініп жатқанын айтады. Ал Үкімет керісінше бизнестің онсыз да мүшкіл жағдайын одан сайын құлдыратып, адымын аштырмай тастаған.
– Мал шаруашылығына субсидия үнемі тапшы болып жатады. Малды экспорттауға тыйым салынған. Өнім профицитін ескерсек, біз қазір тек шығынға жұмыс істеп тұрмыз. Әсіресе, соңғы екі жылда болған қуаңшылықта жағдайы шатқаяқтап қалған шаруалардың қатары көп. Шөп пен арпаның құны 2-3 есеге дейін өсті. Қытайға, Ресейге ет экспорты жабық. Тіпті іс жүзінде мүлде жоқ. Бұл бағытта Үкімет ештеңе істеген жоқ десе де болады. Ветеринарлық мәселелерді шешу де сағызша созылып кетті. Ұзақ уақыт бойы ветеринарлық комитет төрағасы да болған жоқ. Фермерлерге жеңілдікпен мал алу да толығымен тоқтатылды. Осыған дейін 15 жыл мерзімге 4 пайызбен кепілсіз 100 басқа дейін несие берілетін. Соңғы жылдары тіпті ауыл шаруашылығы министрлігі бірнеше мәрте етті мал шаруашылығына берілетін субсидияларды да алып тастауға әрекет етті. Бұл саланың түбегейлі күйреуіне әкеліп соғады. Фермерлер малдарын сатып тіпті сұраныстың болмауынан сойып тастауға мәжбүр болып жатыр. Етті мал шаруашылығының одан әрі дамытудың еш стратегиясы да жоқ, – деп толықтырды Мақсұт Бақытжанұлы.Өзбектер қазақ малымен тұқымын асылдандырған Фермерлердің айтуынша, осыдан екі жыл бұрын өзбектер бізден ет емес тірідей мал алып келген. Малдың бір бөлігі шекара асқан соң бірден сойылса, енді бір бөлігі бордақылауға, қалған бөлігі асылтұқымды мал шаруашылықтарына жөнелтілген. Өзбектер осылайша малдарының тұқымын арзанға асылдандырып алған.
– Біз өзбектерге асылтұқымды мал сатамыз. Қазақстанда бүгінде 550 мыңнан астам сиыр бар. Оны 740 палата мүшесі мен асылтұқымды мал өсіруші 15 мың шаруашылық ұстайды. Асылтұқымды мал сататын фермерлер малын бүгін сатқанымен ақшасын біртіндеп қана ала алады. Өйткені облыста мұндай малды субсидиялауға қаражат жоқ. Ал фермерлерде етті экспортқа шығаратын ақша жоқ, – дейді Қазақтың ақбас сиыры республикалық палатасының атқарушы директоры Дәурен Матақбаев.Деректерге сенсек, Қазақстанда қазір шетелге тек 60 мың тірідей мал сатуға квота бар. Палатаның мәліметінше, бұл квота тым аз болғандықтан тек ірі шаруашылықтардан артылмайды. Ал қалғандары өлместің күнін кешпек. Қытай нарығына қолымыз жетпеді
– Жоспарланған экспорт көрсеткіштері жоқ. Арада аттай төрт жыл өтсе де, қол жеткізе алмадық. Егер коммерциялық тұрғыдан өнімді еттей өткізу тиімді болса, біз солай-ақ сатар едік. Біздің көздеген нарығымыз – әуел баста Қытай мен Ресей болатын. Өйткені Қытай тек салқындатылған ет сатып алады. Біз оны кемінде келісін 11 долларға яғни шамамен 5 мың теңгеге сата алар едік. Бірақ қазір Қытай да, Ресей де өз нарығына жолатар емес. Ресей Сібір жарасынан кейін ет алмаса, Қытаймен пандемиядан кейін еш жұмыс істелмеді, – дейді Асқар Жұбатыров.Шаруалар дабыл қаққанымен алдымен ішкі нарықты реттеп, ет бағасын ауыздықтап алайық дейтіндер де табылды. Фермерлер базарға дейін делдалдардың ет бағасын бірнеше есе өсіретінін, ал оны ешкім қадағалап та жатпағанын алға тартты.
– Мал өсіретін фермерден базарға дейін 3-4 делдал бар. Ауылдан біреулер малды сатып алып, оны қалаға әкеледі. Қалада сатып алған делдал оны базарға әкеліп сатады. Базарда сатып алған саудагер халыққа сатады. Бұл жерде малдың өсуіне ешқандай үлес қоспағанымен әрқайсысы өз пайызын қосады. Ал фермер өзі қалаға апарып сатайын десе, оған бірден салық, полиция, ветеринарлар талқанын шығарады. Фермерлер бес жыл бұрын етті қалай сатса, дәл сол бағамен әлі сатып жатыр. Ал сол уақытта нарықта баға пәленбай есеге өскен», – дейді Дәурен Матақбаев. – Ет импорттаушылар елде өз өндірушілері бар екенін түсінгендіктен бәсекеге қабілеттілік үшін сапасына мән береді. Ал егер тұтас елдің ет нарығы оларға қарап тұрғанын түсінсе өз шартын қоятын болады, – дейді Асқар Жұбатыров.Жақында ауыл шаруашылығы министрлігі Қырғыз еліне асылтұқымды мал экспорттауды жоспарлағанын мәлім еткен. Министр Ербол Қарашөкеев екі ел арасындағы ынтымақтастық шеңберінде Қырғыз еліне мал және өсімдік тұқымын сатуға келісімге келіп, жоспарланғанын жеткізді. P.S.
Қысқасы, өзбекке ет экспорттаймыз деп малын асылдандырып, тірідей ет экспортын шектеп алдық. Қытай мен Ресей нарығына шыға алмадық. Енді көршілес қырғыздан тағы ұтылып, қапа болмайық. Жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, елге тиімді жағын байқап, бағдарлай алсақ жөн болар еді...
Ақмола облысы