Жазықсыз жазаланғандар
Жазықсыз жазаланғандар
455
оқылды
Қуғын-сүргін құрбандары толық ақталар күн жақын Екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Саяси қуғын-сүргіндерді ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы жарлыққа қол қойды. Тиісті құжат ел тарихын түгендеп, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы кезеңдерді толық қалпына келтіру үшін қажет болды. Осылайша тарихты зерделеудің, зұлмат оқиғалар хроникасын толық қалпына келтіру мен тоталитаризм жағдайында зардап шеккен қазақстандықтар туралы тарихи естелікті сақтаудың жаңа кезеңі басталды. Мемлекеттік комиссия аясын­дағы зерттеу жұмыстарының нәти­же­лері тарихтағы әділетсіздікке объек­тивті баға беріп, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған қазақстан­дықтарды ақтауға және ұрпақтары үшін ата-бабаларының халық жауы емес екенін дәлелдеуге негіз болары анық. Ал комиссия құрылған осы екі жыл уақытта бірқатар ауқымды жұмыс атқарылды. Астана қаласы бойынша комиссия мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің профессоры Құрман­ғали Дәркеновтің айтуынша, бұған дейін 1921-22 жылдар мен 1930-33 жылдардағы ашаршылық пен қу­ғын-сүргінге байланысты тақырып ішінара айтылғанымен, толыққанды зерттелмей келді. Сондықтан комис­сия қуғын-сүргін құрбандарына қа­тысты материалдарды қайта көтеріп, толыққанды ақтау мәселесі қолға алынуда. Мәселен, Астана қаласында саяси науқанда байлардың дүние-мүлкі тәркіленіп, қуғын-сүргінге ұшырағандар, ашаршылық жыл­дарын­да билікке наразылық таныт­қаны үшін қудаланғандар, 1923-33 жылдарда зардап шеккендер, Халық жауы аталып, «Алжир», «Карлаг» секілді лагерьлерге түскендер мен соғыс жылдарында депортация­ланып, айдауға жіберілгендер секілді арнайы 10 топ құрылыпты. Олардың әрқайсысы өз бағыты бойынша зерт­теу жүргізеді.
– Соның ішінде біздің топ қазақ байларының дүниесін тәркілеу және олардың жазықсыздан-жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырауын зерттеуге жұмыс істейді. Әсіресе, Ақмола өңі­ріне қатысты материалдарды іздес­тіру барысында ел ішіндегі аймақ­тардан Мәскеуге дейін іссапарға бардық. Сонымен қатар Астана қаласының әкімдігінің қолдауымен елорданың мемлекеттік архиві және Сейфуллин даңғылында орналасқан бұрынғы архивтің қорында біраз деректер табылды – дейді Құрман­ғали Дәркенов. Сондай-ақ тарихшы Қылмыстық кодекстің 61-бабы 3-тармағы бойын­ша сотталған Телқожа Сауғабаев Ақмола қаласы Ақмола округі Ақ­мола еңбекпен түзеу колониясына түс­кенін айтады. 65 жастағы қария­ның ісі 1931 жылдың 23 шілдесінде бас­талып, 1932 жылдың 22 қаң­тары­на дейін қаралған. Ол жайында Ас­тана қаласының мемлекеттік архи­він­де дене бітімі сипатталған мынан­дай деректер табылған: «Оң қолы­ның бес саусағынан таңба алынған. Бойы – 1,75 см, шашы – қара, түсе бас­таған. Мұрны шағын, толық». Сол секілді Темірбай, Әжібай және Айтбек есімді Рақымжановтар әуле­тінен үш ағайындыларды соттатып, басқа жаққа жер аудартқан. Сол кезде үйдің кенжесі Әжібай Рақым­жанов бар-жоғы 21 жаста болған екен. Қорғалжын аудандық соты 1931 жылы 8 маусымда 61-баптың 3-тар­мағы және 79-бап бойынша Әжі­байды бас бостандығынан айы­рып, бес жылға жер аудартып жібер­ген. «Қорғалжын ауданының екінші ауылында дүниеге келген жас жігіт ауқатты отбасынан шыққан. Өзі са­уат­ты жігіт, партия қатарында бол­маған. Қорғалжындағы Жер ода­ғын­да жауапты хатшы қызметін атқар­ған. Жергілікті халықтың қолындағы малды алып, сойып, Совет үкіметіне өткізген. Сол кезде «мал сою қар­қы­ны осылай болса, елде мал қалмай­ды» деген сөзі үшін жауапқа тартыл­ған», – дейді тарихшы.
Сонымен қатар Құрманғали Дәркенов еліміздің өзге өңірінен Ақмолаға жіберілген тұтқындар туралы деректер де көп екенін алға тартты. Мысалы, архивтегі құжатта 1863 жылы туған Кәрібжан Сабдали­нов деген тұтқын Семей облысы Бесқарағай округінің 13-ауылынан Ақмоладағы еңбекпен түзеу лагеріне түскені көрсетілген. Егер оның ұрпағы бар болса, бұл мәліметтерді Астана қалалық архивінің 65-қорын­да бірінші тізбеде, 696 істің 10 байла­мынан көруге болады. Ол үлкен от­ба­сы­ның жалғыз асыраушысы бол­ған. Бірақ ешқандай партияда құра­мында жоқ 68 жастағы қартты 61-бап­тың 3-тармағы, мемлекеттің берген салығын орындаудан бас тарт­қаны және 58-баптың 10-тарма­ғы антисоветтік үгіт-насихат жүргізу мен 79-баптың өз малын сойып алғаны үшін соттап, ересек бала­ларын да лагерьге жіберген. Сондай-ақ тарихшы саяси қуғын-сүргін жылдары байлар өзге өңірлерге көшірілгеніне тоқталды. Оның сөзінше, қуғын-сүргін құрбан­дары­ның көпшілігі 61-баптың 3-тармағы, 58-баптың 10 тармағы және 79-бап бойынша жауапқа тартылған. Яғни 61-баптың 3-тармағы мал және астық салығын төлемегені үшін іс қозғалған. Бұл әрекетті сол кезде «кулак пен байлармен сөз байласқан тапсырманы орындамауы» деп жалаң шешім қабылдап, өз малын сойып, отбасына бергені үшін де жауапқа тартылған. Ал «малды сойып алу немесе қасақаны жару» деген 79-бап «ауыл шаруашылығын ұйымдастыруға нұқсан келтіру» деген бап бойынша жүргізіле берге­нін байқауға болады. Ол түгілі, өлген малды сойса да «мемлекеттің мүлкін пайдаланды» деген айып тағылған. Сол секілді 58-баптың 10 тармағы Совет үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізіп, оны құлатуға, оған нұқсан келтіргені үшін жауапқа тартуға жұ­мыс істеген. Қарап отырсақ, қазақ халқының басына түскен нәубетке қатысты ортақ шешімге келіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау маңызды. Өйткені ел басына күн туған сонау Ақтабан шұбырындыдан бастап ХХ ғасырдағы отаршыл саясаттың сал­дар­лары – ашаршылық пен репрес­сия еліміздің дамуын кешеуілдетіп, өсіп-өркендеуіне тосқауыл болғаны анық. Ендігі жерде егеменді елдің өткенін жаңғыртып, әділетсіз баға алған тарих қатпарындағы дәлел-дәйектер нақты оқиғаларға негіз­деліп, лайықты бағасын алуы керек.