Жәнібек Әлімханұлы мексикалық боксшыны жекпе-жекке шақырды
Жәнібек Әлімханұлы мексикалық боксшыны жекпе-жекке шақырды
382
оқылды
WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы өз дивизионындағы Дүниежүзілік бокс ұйымы рейтингісіндегі көшбасшылардың бірі – мексикалық Хайме Мунгияны айқасқа шақырды. 13 қараша күні таңертең «Qazaq style» Лас-Вегаста титулын алғаш рет қорғап, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен британдық Дензель Бентлиді жеңген еді. Бұған дейін WBO егер Әлімханұлы жеңсе Мунгиямен міндетті айқас өткізуі тиіс деген шешім қабылдаған болатын. «Мунгия жекпе-жекке келіседі деп үміттенемін және соны асыға күтемін», – деп жазды Жәнібек Тwitter-де. Айта кетейік, Хайме Мунгия рингке 19 қарашада Гвадалахарда (Мексика) аргентиналық Гонсало Кориямен жұдырықтасады. Әлімханұлы 2020 жылы Г.Корияны нокаутпен жеңген болатын.