Солтүстік Қазақстан облысында Қызылжар ауданына қарасты ауылдардың бірінің тұрғындары таза ауамен дем ала алмай, улы химиялық иіске тұншығып отыр. Бұған санитарлық нормаларды бұза отырып, ауылдың дәл түбінен медициналық қалдықтарды жою кәсіпорны салынғаны себеп. Экология департаменті бұл кәсіпорынға лицензия беруден бас тартқанымен, серіктестік заңсыз жұмыс істеп келген. Көп ауылдардың тұрғындары жол, су жоғына, мектептер мен ауруханалардың, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жабылып, жұмыс орындары қысқарып жатқанына шағымданса, Қызылжар ауданына қарасты Малое Белое ауылы тұрғындарының зары мүлдем басқа. Мұнда керісінше жаңа кәсіпорын ашылғанымен, оның пайдасынан зияны көп болып шықты. Жауапкершілігі шектеулі «СҚО Фармация Экомед KZ» серіктестігі медициналық қалдықтарды жоюмен айналысады. Атап айтқанда, қолданылған шприц, система, дәрі-дәрмек қораптары, құтылары, пайдалану мерзімі өткен препараттар, тіпті биологиялық қалдықтар, яғни адамның «дене мүшелері» осында өртеледі. Соның салдарынан қоршаған ортаға зиян келтіріліп, тұрғындар таза ауамен тыныстай алмай отырғандарына шағымдануда. Ауылдың қақ ортасынан салынған кәсіпорын үйлерден небәрі 96 метр қашықтықта орналасқан. Бұл санитарлық нормаларға қайшы. Кешкісін және түнде қауіпті қалдықтар өртеле бастаған кезде ауылды күлімсі иіс жайлап, тұрғындар есік-терезелерін қымтауға мәжбүр. Тіпті, түнде химиялық иістен дұрыс ұйықтай да алмайтындарын айтады. Көпшілігі аллергиядан зардап шегіп отыр, кейбіреуінің өкпесі сыр бере бастаған. Соңғы жылдары қатерлі ісіктен қайтыс болған ауылдықтардың өлімін осы кәсіпорынмен байланыстырып отырғандар да баршылық. Улы газ көптеген аурудың таралуына себеп. Лицензиясыз жұмыс істеген Экология департаменті кәсіпорын жұмысына лицензия беруден екі рет бас тартқанымен, серіктестік заңсыз жұмыс істеп келген болатын. Солтүстік Қазақстан облыстық Экология департаментінің басшысы Азамат Бектасовтың айтуынша, Экологиялық кодекс талаптарына сәйкес мұндай кәсіпорын лицензиясыз жұмыс істемеуі тиіс.
«Медициналық қалдықтар адамдарға көп қауіп төндіреді. Оны басқа қалдық сияқты полигонға тастай салуға болмайды, ерекше ережелер бар. Мұндай қалдықтар ауруханалардың жұмысы нәтижесінде пайда болады. Мәселен, бір рет қолданылатын медициналық құралдар, шприц, науқастардың күтіміне арналған заттар, операциядан соңғы биологиялық қалдықтар, токсикологиялық заттар, тіпті құрамында аса қауіпті радиоактивті элементтер бар қалдықтарды жоюға қойылатын талаптар ерекше. Сондықтан медициналық қалдықтарды жою қатаң регламенттелген. Бұл жұмыспен лицензиясы бар кәсіпорындар ғана айналысуы тиіс. Олардың айналасына белгілі бір санитарлық қорғау аймағы салынуы керек. Оның елді мекеннен қашықтығы кемінде 1 шақырым болуы тиіс», – деп түсіндірді облыстың бас экологі.Ал Малое Белое ауылында 96 метр ғана арақашықтық сақталған. Департаменттің оған лицензия бермеуінің басты себебі осы болса керек. Кәсіпорын басшысы лицензия сұрап департаментке екі рет жүгініпті. Енді үшінші рет шағым айтып келгенінде пештерді жаңартатынын алға тартқан екен. Бірақ бас экологтің түсіндіруінше, мәселе пеште емес. Алайда зауыттың лицензиясы жоқтығына қарамастан, қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаты мен экологиялық сараптама қорытындысы бар болып шықты. Мемлекеттік сатып алуды жетілдіру керек Ауылдықтар бұған дейін осы мәселені көтеріп, талай табалдырықты тоздырғанымен, мұнысынан еш нәтиже шықпаған. Мәселен, оларға берілген жауаптардың бірі мынадай: «Қызылжар ауданы Малое Белое ауылының тұрғындарының «СҚО Фармация Экомед KZ» ЖШС қызметінің нәтижесінде пайда болған иіс алаңдатып отыр деген өтініші бойынша: учаскелік полиция инспекторы материалдарды жинақтап, тексеру жүргізу және шешім қабылдау үшін Қызылжар аудандық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберді. Басқарманың 2022 жылғы 2 қыркүйектегі жауабына сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық оқиғасының болмауына байланысты әкімшілік іс қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарылды». Осылайша, қайда барса да, маңдайы тасқа тиген тұрғындар зауыттың түтіндеп жатқанына амалсыз көнуге мәжбүр болған еді. Ауылдықтар о баста заңды белден басып, ауылдың қақ ортасынан қауіпті кәсіпорын салуға кім рұқсат бергенін біле алмай дал. «Мың асқанға – бір тосқан», жуырда кәсіпорынның жұмысы сот шешімімен тоқтатылды. Департаменттің кезектен тыс тексерісінен соң сотқа жүгінуіне тиісті талаптардың сақталмағаны ғана емес, тұрғындардың арыз-шағымдары түрткі болды.
Сотта тараптар арасында бейбіт келісім жасалды. Атап айтқанда, «СҚО Фармация Экомед.KZ» кәсіпорны қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызмет көрсетуге лицензия алғанға дейін шаруашылық қызметін тоқтата тұруға міндеттенеді. «Егер кәсіпорын осы келісімді бұзса, біз сот орындаушылары арқылы әрекет етеміз», – дейді бас эколог. Айтпақшы, зауыт лицензиясының мерзімі өтіп кеткенін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» қоғамдық бірлестігінің өкілдері анықтапты. Қоғамдық бірлестіктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының басшысы Руслан Асаубаевтың пікірінше, мемлекеттік сатып алулар порталын жетілдіру қажет. «Атап айтқанда, оны басқа ресурстармен кіріктірген жөн. Мемлекеттік сатып алу барысында тапсырыс беруші неліктен кәсіпорынның лицензиясы бар-жоғын анықтап алмаған? Лицензия туралы мәліметті кез келген азамат elicense.kz сайтынан ала алады. Мемлекеттік сатып алулар бойынша маман келісімшарт жасаспай тұрып, осындай жайттарды анықтап алуы тиіс», – дейді Руслан Асаубаев.
Солтүстік Қазақстан облысы