Мәдениет майталмандарының мерейі үстем
Мәдениет майталмандарының мерейі үстем
615
оқылды
Елорда өнер мен мәдениеттің қаласына айналып ке­леді. Бұл сөзіміздің дәлелі, бірер жылдың өзінде ғана бас қаладағы мәдени орталықтардың саны артты. Ал жұрт сүй­сінерлік қойылымдар мен шығармашылық жетіс­тіктердің артында мәдениет және өнер қай­раткерлерінің орасан зор еңбегі жатыр. Олар сол сияқты өскелең ұрпақ­тың тәлім-тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Жыл­дан-жылға мәдени меке­ме­лерге – театрлар­ға, мұражайларға, кітапханаларға баратындар қатары да өскен. Жуырда мәдениет саласының қызметкерлерімен кездескен Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов осылай деді. Кездесуде мәдениет саласын дамыту және еңбек жағдайын одан ары жақ­сар­ту мәселелері талқыланды. Мәдениет және өнер қайрат­кер­лері де өз тарапынан мәдени нысандар желісін кеңейту, ғи­мараттарды жөндеу, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасу, жалақы мөлшерін көтеру, тұрғын үй мәселелерін қозғады. Шаһар басшысы кездесуде көтерілген мәселелер шешу жұмысын қолға алып, кестеге енгізуді қарасты­ратынын жеткізді.
– Маңызды мәселелердің бірі – тұрғын үй. Қазақстандық тұрғын үй бағдарламасы (ҚИК) желісі бойынша мәдениет қай­раткерлері санатына енгіздік. Тұрғын үй сертификатының со­масын 1 млн теңгеден 1,5 млн тең­геге дейін ұлғайттық. Сол сияқты өзге де тұрғын үй бағ­дарламалары бар. Осы жылдың маусым айында кітапханашылар, суретшілер, мұражай қызмет­керлері секілді көптеген мәде­ниет қызметкерінің жалақысы 30-дан 50%-ға дейін көтерілді. Еңбек жағдайын жақсарту жө­ніндегі шаралар жүйелі түрде жалғасатын болады. Сондай-ақ бірқатар мәдени нысанға жөндеу жүргізілді. Ал М. Горький атын­дағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында жөндеу жүріп жатыр. Өздеріңіз білетін­дей, жөндеу жұмысы 2018 жылы басталған. Алайда сыбайлас жемқорлық, оның ішінде мерді­гер тарапынан да заң бұзылғаны анықталған еді. Сот рәсімдері аяқ­талғаннан кейін жаңа мер­дігер анықталып, жұмыс қайта жан­данады, – деді Алтай Көлгінов.
Сонымен бірге ерекше қа­жеттілігі бар жандардың өтініші бойынша Qanattylar инклюзивті театры ашылды. Инклюзивті театрдың артықшылығы – ерек­ше қажеттілігі бар адамдарды әлеуметтендіру, шығарма­шы­лықпен айналысуына мүмкіндік беру. Ал арнайы сабақтардың арқасында олар да оңалтудың бір түрін алады. Бұдан бөлек, мә­дениет қайраткерлерімен бірлесе отырып, оқушыларға арналған бірлескен жоба іске қосылды. Мысалы, «Музейдегі оқу күні» жобасының да білімді ұрпақ тәрбиелеудегі артықшылығы көп. Оқушылардың Ұлттық музейде Қазақстан тарихын зер­делеуге мүмкіндік беретін бұл жоба теориялық білімді бекітуге бағытталған. Елорда әкімінің айтуынша, қалада мәдениет және өнер қай­раткерлері, өзге де ниет білді­ру­шілер қойылымдар мен спек­такльдер өткізе алатын бірқатар қоғамдық кеңістік ашылды. Мәселен, өткен айда елорда тө­рінде Республика күні қарса­ңында осындай тағы бір маңызды қоғамдық кеңістік өз жұмысын бастаған еді. Атақты күйші Дина Нұрпейісова ескерткішінің жанында музыканттар аллеясы ашылып, онда домбыра, қобыз, сыбызғы ойнаған жүздеген аты аңызға айналған күйші-музы­кант­тардың есімі жазылған ерек­ше мемориал орнатылды.
Өнер мен мәдениет – елдің өркениетін көрсететін аспектісі. Яғни, ұлт өмірінің айнасы, ға­сырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті. Мәде­ниеті мықты дамыған елдің ең­сесі биік болары сөзсіз. Мемлекет басшысы да өз сөзінде «Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән беріледі. Бұл орайда Қазақ­стан­ның мүмкіндіктері зор, соның ішінде өзін халықаралық аренада тиімді таныта алады» деген болатын. Бұл орайда бас қаладағы өнер мен мәдениет майтал­ман­дарына көрсетілген ұдайы қолдау шығармашылықтың шыңына шығуға жол ашып келеді.