Еңбек министрлігі ең төменгі жалақыны айқындаудың жаңа әдістемесін әзірлеуге кірісті. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылды. Қынжылтатыны сол, Қазақстандағы ең төменгі жалақы көлемі біздің аймағымыздағы ең азының бірі болып отыр. Бұл көрсеткіш жөнінен Қазақстан Никарагуа мен Мысырдың деңгейіне құлдырап кетті. Ең қызығы сол, төменгі жалақыдан да төмен еңбекақы алатындар бар, шенеуніктер оны заңды деп таныды, себебі жарты ставкамен істеуі мүмкін. Бірақ сала реформаны, түбегейлі өзгерістерді қажет етеді.Ең төменде тұнжыраған халық бар...
Биыл Қазақстанда ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 60 мың теңгеге тең. Алайда одан да төмен жалақы алатындар көп екенін ресми мәліметтер де растайды.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне жүгінсек, Қазақстанда 35 335 адам 40-45 мың теңге аралығында ғана жалақы алады. Тағы 187 020 адамның айлығы небәрі 45-60 мың теңге ғана. 199 124 қазақстандықтың еңбекақысы 60-75 мың теңгені құрайды. Бұдан жеке табыс салығын, медсақтандыру жарнасын, зейнетақы жарнасын ұстап қалғанда, бәрібір қолына ЕТЖ-дан төмен алады. Тағы 191 426 азаматтың жалақысы 75-90 мың теңге ғана екен, мемлекет барлық алым-салық, аударым, жарналарды ұстап қалғанда, олардың да қалтасына тиын-тебен ғана түседі.
Ал Еңбек министрлігі бұл санаттағы азаматтардың санын 1,6 миллион адам деп бағалап отыр.
Осы ауыр ахуал шыны керек, бұқараның намысына тиеді. Кәсіпкер, қоғам белсендісі Алмас Мұсатаев Қазақ елінің бұл көрсеткіш жөнінен әлемдегі ең кедей елдердің қатарында тұрғаны абыройсыздық екенін айтты.
«Қазақстандағы ЕТЖ барлық дерлік көршілеріміз арасындағы ең төменгісінің бірі. Еуразиялық одақ бойынша серіктестеріміз де алға озып кетті. 2022 жылы ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге дейін көтерілді. Бұрын 42 500 теңге болатын. Өскеннің өзінде көршілердің соңынан тезек теріп келеді. Тіпті, сұрапыл соғыс пен алапат дағдарысқа душар болған Украинада да бұл меже жоғары. Жаумен арпалыса жүріп, Украина алдағы 1 қаңтардан бастап ЕТЖ-сін көтермек, сонда ол біздің валютаға шаққанда 85 мың теңгеге теңеледі. Қазақстан Үкіметі болса, 2023 жылы ЕТЖ-ні 70 мың теңгеге әзер ұлғайтпақ», – деді А.Мұсатаев.
Ол тағы бір жайтқа назар аудартты: ТМД елдерінің көбінде ЕТЖ жылына бірнеше рет қайта қаралып, өсіріледі. Қазақстан болса, бір жылда бір рет қана бекітеді. Ал биыл қымбатшылық, инфляция рекордтық 19 пайызға жуықтап қалды.
«Әлемдегі алдыңғы қатарлы елдер арасында тіпті ЕТЖ-ны әр ай сайын өзгертетіндері бар. Бізде халық тұтас жыл күтуге мәжбүр. Бізге не болды? Үкімет бұл көрсеткішті көтермегенде кімнің мүддесін діттеп отыр?» – деп сауал тастады қоғам белсендісі.
Қазақстанда ЕТЖ шамамен 125 доллар ғана (60 мың теңге). Салыстыра қарасақ, ең төменгі жалақы 2022 жылы Эстонияда – 756,1 доллар, Латвияда – 607, Иранда – 264, Молдовада – 189,5, Әзербайжанда – 176,4, Ресейде – 165,1, Моңғолияда – 157,3, Арменияда – 142,7, Беларусьте – 140,6 долларды құрады. Бізден азы Орталық Азияда: Өзбекстанда – 75,4, Тәжікстанда – 42,4, Қырғыз Республикасында – 25,1 долларға барабар.
«Мен мысалы, психоневрологиялық ауруханада санитар болып қызмет атқарамын. Дәрігерлерге, педагогтерге жалақы көтереді, ең төменгі жалақы да өсірілді. Алайда біз қолымызға 51 мың теңге ғана аламыз. Бұл ақшаға қалай лайықты өмір сүруге болады? Бізге тіпті сауықтыру төлемін де төлемейді. Бұл жағдай жүйкеге жүк түсіреді. Мейірбикелер мен санитарлардың еңбегі ауыр, ең лас жұмысты бізге тапсырады. Оның үстіне, естері ауысқан адамдармен жұмыс істейміз. Бізге назар аударып, жалақымызды пайыздап емес, екі есе көтерсе екен», – дейді санитар Наталья Осокова.
Ол аурухананың есепшілері мен экономистерінен неге санитарлардың жалақысы көтерілмейтінін сұрапты, олар жалақы көтеруге бұйрық шыққан жоқ деп шығарып салатын көрінеді.
Жолайырықта Тамара ханым қай жолды таңдайды?
Бұқараның зары биліктің құлағына жеткенге ұқсайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда енді ЕТЖ жыл сайын өсіп тұратынын жариялады. Әйтпесе, бұрынғы билік тұсында осы көрсеткіш бірнеше жылға 42,5 мың теңге көлемінде «қатырылған» болатын. Ол тәжірибені ел Президенті Қ.Тоқаев бұзып, 60 мыңға дейін жоғарылатты. Егер жыл сайын тоқтаусыз әрі салмақты өссе, жағдай біршама түзелуі мүмкін.
Еңбекминінің хабарлауынша, арнайы жұмыс тобы ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) айқындаудың жаңа әдістемесін түзіп шығады. Ол әдістеме ЕТЖ мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайтуға мүмкіндік беретін болады.
Министрлік Қазақстанда бұл көрсеткіш ай сайын қайта қарала алмайтынын түсіндірді, өйткені ЕТЖ мөлшері әрбір жылға арналған «Республикалық бюджет туралы» заңында белгіленеді (сонымен бірге бұл заң да бір жылда бірнеше рет нақтыланатыны жасырын емес).
«2022 жылы ЕТЖ 60 мың теңгені құрады. Ал келесі 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ол 70 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Осылайша, екі жыл ішінде ЕТЖ мөлшері 65%-ға көтеріледі: яғни 2022 жылы 41%-ға және 2023 жылы 17%-ға. Бұл шара жалақысы ең төменгі деңгейде қалып тұрған 1,6 миллион жалдамалы қызметкердің ақшалай табысының өсуіне әкеледі», – деді министрлік мамандары.
Жалпы, Қазақстан ең төменгі жалақыны анықтауда ескірген тәсілдемелерді қолданады екен. Салдарынан елдегі қымбатшылық, жаңа замандағы адамдардың жаңа мұқтаждықтары, қажет ететін заттары мен қызметтерінің құрылымы ескеріле бермейді. Мысалы, 50 мың теңге жалақы пәтерді жалға алу түгіл, оның коммуналдық төлемдерін өтеуге де жетпеуі мүмкін.
Жұмыс тобы бұл жағдайды өзгертуі шарт. Министрліктің дерегінше, оның құрамына «орталық мемлекеттік органдардың, әлеуметтік әріптестердің өкілдері, сондай-ақ еңбекақы төлеу саласындағы сарапшылар» кірді. Бірақ олардың аты-жөні көрсетілген тізімді ведомство журналистерге жарияламады.
Әдістемені әзірлеу кезінде топ мүшелері әлемдік тәжірибеде қолданылатын ЕТЖ мөлшерін анықтаудың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен тәсілдерін пысықтап, Қазақстанда енгізу жолдарын қарастырмақ. Соның ішінде екеуі зерделенуде екен.
«Халықаралық тәжірибеден Қазақстан үшін тиімді болатын бірнеше нұсқаны қарастыруға болады. Біріншісі – кешенді тәсіл. Ол өмір сүру құнын талдау, тұтыну себетінің құны, ең төменгі күнкөріс деңгейі, инфляция деңгейі, экономиканың өсу деңгейі, медиандық және орташа жалақы деңгейі сияқты көптеген факторларды ескереді. Бұл тәсіл Еуропалық Одақтың көптеген елдерінде қолданылады», – деді министрлік.
Екінші нұсқа – ЕТЖ-ны медианды, орташа табысқа қарай анықтауға негізделген. Халықаралық еңбек ұйымы ЕТЖ орташа жалақының кем дегенде 50%-ын құрауы керек деген ұсыным берді. Осыған ұқсас тәсіл Франция, Бразилия, Коста-Рика, Нидерланды және Малайзия сияқты елдерде қолданылады.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 2022 жылғы екінші тоқсанда орташа жалақы 312 мың теңгеге жетті. Яғни, бұл әдіске сәйкес, елімізде ең төменгі жалақы 156 мың теңгені құрауы тиіс. Бұл қазіргі ЕТЖ-дан 96 мың теңгеге көп. ЕТЖ-ні осынша күрт көтеру инфляцияның одан ары шарықтауына түрткі болуы ықтимал деген пікір айтылды. ЕТЖ бірден емес, біртіндеп көтерілетінге ұқсайды. Тек тым шабан қарқынды таңдап, митың жүріспен әлем елдерінен артта қалмау қажет.
Бірақ бұл жағдайда Еңбек министрлігі медианды жалақыны басшылыққа алуы да ықтимал. Ал оның көлемі азаюда. Елдегі статистикалық емес, шынайы орташа жалақы көлемін білдіретін бұл көрсеткіш жыл басында 200 теңгеге жуықтаған. Әйтсе де, содан бері төмендепті.
«2022 жылдың ІІI тоқсанында Қазақстан бойынша жалақының медианды мәні – 189 018 теңгені құрады. Яғни, бір тоқсанда 4%-ға кеміді», – деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
Демек, медианды орташа жалақы назарға алынса, ең төменгі жалақы қазір 94,5 мың теңге болуы тиіс.
Қалай болғанда, сарапшылардың байламынша, ЕТЖ деңгейі төмендетілмеуі және ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмауы қажет. Дегенмен Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі де мардымсыз: 2022 жылы 48,1 мың теңге мөлшерінде бекітілді.
Қандай тәсілдің таңдалғаны тек жаңа жылда жарияланатын түрі бар. Жұмыс тобының мүшелері барлық мүмкін нұсқаларды асықпай зерттеп жатыр. Қайда асығады? Өйткені Еңбек министрлігінің хабарлауынша, ЕТЖ анықтау әдістемесін әзірлеуді тек 2023 жылы аяқтау жоспарланыпты. Әділетті Қазақстанның бір шарты адал еңбек ететін әрбір адамның қызметін әділ бағалау болса керек. Ендеше «шаршаған министр» атанған Тамара Дүйсенова ханым бұл істе шабан емес, шапшаң қимыл танытқаны жөн.