Түркістан облысының орталығында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қарқынды жүзеге асып келеді. Аталған жоба аясында бүгінде 4 844 адам жұмыспен қамтылған. Олардың 2 500-і тұрақты жұмыс орындарына, 26-ы әлеуметтік және 804-і қоғамдық жұмыс орындарына жолдама алған. 363 жас маман жастар практикасымен жұмысқа орналасқан. 24 тұрғын мемлекеттік грантқа ие болып, өз кәсіптерін ашуға кірісті. 35 адамға алғашқы жұмыс орындарына жолдама берілді. Сонымен қатар 992 адам «Бизнес Бастау» жобасына қатысыпты.
Айта кетейік, соңғы жылдары «Бизнес Бастау» жобасына көптеген өзгерістер енгізілді. Соның бірі – жұмыс істеуге талабы бар, бизнес-жоспарын құрған ынталы жұмыссыз жанға мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттың 1 млн 200 мың теңгеге ұлғаюы. Бұл грант көптеген жанға үміт отын сыйлады. Сонымен бірге осынау қаржыны алудың жолдары да жеңілдеді. Кәсібін ары қарай дөңгелеткісі келетін азаматтар бұдан былай 21 күн емес, бар болғаны 1 аптаның ішінде «Бизнес Бастау» жобасы аясында білім ала алады. Сондай-ақ оларға енді құжат арқалап кеңсе аралаудың қажеті жоқ. Мұндай шаралардың барлығын бизнес.enbek.kz порталы арқылы онлайн форматта, үйден шықпай-ақ атқаратын болады. Одан соң кәсібін ашқысы келетін дәрістеріне де онлайн қатысып, мамандардан кеңес ала алады. Оқуды аяқтағандар тест сұрақтардың 70 пайызына дұрыс жауап беретін болса, 3 жылға жарамды сертификатты иеленеді. Ал бұл сынақтан өте алмай қалғандарға 1 жыл ішінде тесті қайта тапсыруға мүмкіндік бар.
Түркістан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Жолаева «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 298 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 256 жанға қайтарымсыз мемлекеттік грант қаражаттары ұсынылғанын жеткізді. Ал биылғы жылы кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі жоспар көрсеткіші еселеніп, 360 азаматты онлайн форматында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту және 273 адамның бизнес идеяларын қаржыландыру көзделіп отыр екен.
Шымкент қаласы