Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде жұмыртқа өндірісін субсидиялау жұмысы 10 жылға жуық жүргізіліп келді. Осы уақыт ішінде мемлекеттік субсидияның көмегімен құс фабрикаларының өндірісі 83%-ға артып, көрсеткіш жылына 4,3 млрд жұмыртқаға жеткен.
Бұл ретте ел Үкіметі 2010 жылдан бастап құс өсіруші шаруашылықтарға субсидия түрінде 75 млрд теңгеге жуық қаржы бөліпті. Осыған сай республикада аталған сала қалпына келтіріліп, жаңғыртылды. Сондай-ақ қолда бар құс фабрикаларының техникалары қайта жарақтандырылды.
Бүгінде Қазақстанда құс шаруашылығы өнімдерінің жыл сайынғы өсімі байқалуда. Мемлекеттің көмегімен жұмыртқа өндірісіне бөлінетін субсидияның арқасында ішкі нарықтың қажеттілігі 120%-ға қамтамасыз етілді. Құс фабрикалары өнімділігі жыл сайын артып келеді: 2018 жылы 670 млн. дана жұмыртқа экспортталса, 2019 жылы 1,5 млрд дана жұмыртқа өзге елге жіберілген.
«Бұл ретте, субсидия беруді тоқтату, «жұмыртқа шаруашылығына» мемлекет тарапынан енді мүлде көңіл бөлінбейді деп кесіп айту – қате. Құс фабрикалары үшін сыйақы мөлшері жеңілдетілген несие беру, сондай-ақ өндіріс қуатын көбейту үшін тартылған инвестициялық шығындарды субсидиялау шаралары жалғасады», – делінген министрліктің хабарламасында.Саланы одан әрі дамыту өткізу нарығын кеңейтуге және терең өңдеуге көшу арқылы өндірісті әртараптандыруға бағытталуы тиіс. Жұмыртқаны қайта өңдеуді дамыту жұмыртқа ұнтағы, меланж, ақуыз және құрғақ ферменттелген сарыуыз, құрғақ жұмыртқа қоспалары және т.б. өндіруге мүмкіндік береді. Бұл отандық кондитерлік және тамақ өнеркәсібін сапалы және арзан өніммен қамтамасыз етуге бағытталу керек. Осы бағытта мемлекет отандық жұмыртқа өндірушілерді қолдауға дайын. Айта кетейік, 2019 жылғы желтоқсанда Үкімет азық-түлік тауарларының импортын алмастырудың тиімділігіне жүргізілген талдауды ескере отырып, АШМ-нің аграрийлерге арналған субсидияларды қайта қарау жоспарын мақұлдаған. Қабылданған шешімге сәйкес АШМ өзін-өзі қамтамасыз ететін бірқатар сала бойынша субсидияларды (өнім бірлігі үшін) алып тастауды жоспарлап отыр. Олардың қатарына «жұмыртқа шаруашылығы» да енгізілді. Тәуекел ДУМАН