Президент Ахмет Байтұрсынұлы ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйіне барды.
https://youtu.be/wBHGKl4nwu8
Президент, алдымен, музейдің «Ұлттық рухтың ұлы тіні», «Қазақ санасының шамшырағы» және «А.Байтұрсынұлының жұмыс кабинеті» залдарындағы жәдігерлермен танысты. Мұнда ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы 500-ге жуық экспонат жинақталған.
[caption id="attachment_227554" align="alignnone" > Фото: akorda.kz[/caption]
Ахмет Байтұрсынұлы бұл үйде қызы Шолпанның отбасымен бірге 1934-1937 жылдары тұрған. Музей-үйі 1998 жылы Алаш қайраткерінің 125 жылдық мерейтойында салтанатты түрде ашылды.
Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ахмет Байтұрсынұлына арналған ескерткішті ашты. Іс-шараға ақынның туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы ескерткіштің ашылу рәсіміне жиналғандар алдында сөз сөйлеп, тұлғаның ұлт тарихындағы рөлі жоғары екенін айтты.
– Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Торғайда Міржақып Дулатұлы екеуіне ескерткіш орнатылып, қос алыптың әдеби музейі толық жаңғыртылды. Былтыр осы Алматыдағы мұражайы мемлекет меншігіне қайтарып алынғанын білесіздер. Енді, міне, қала төрінде сәулетті ескерткіші бой көтерді. Осының бәрі – халқымыздың ұлт ұстазына деген ерекше құрметінің белгісі. Кезінде Мұхтар Әуезов «Ахаңның қазақ баласына істеген еңбегін, өнер, білім, саясат жолындағы қажымаған қайратын біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайды» деген болатын. Ахмет Байтұрсынұлының ұрпаққа аманат еткен мол мұрасы – қазақтың баға жетпес асыл қазынасы. Бүгінде Ахметтану ғылымына бет бұрып, ғалымның шығармашылығын зерттеп жүрген жастардың қатары көбейіп келеді. Бұл – ұлы тұлғаның ұлағатты жолы ешқашан үзілмейді деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы салтанатты рәсімнен кейін ақынның ұрпақтарымен, зиялы қауым өкілдерімен, сондай-ақ ескерткіш авторлары Айдос Бүркітбаевпен және Тимур Ермұхаметовпен әңгімелесіп, суретке түсті.