Suleimen Promotions компаниясы Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында Айдос Ербосынұлының қазіргі жағдайына қатысты мәлімдеме жасады.
"Жағымды жаңалық. Біздің батырымыз, екінші орта салмақтағы боксшы Айдос Ербосынұлы отадан соң қарқынды терапия бөлімінен қарапайым палатаға ауыстырылды. АҚШ-тағы компания өкілінің хабарлауынша, боксшының денсаулығы едәуір жақсарған. Отандасымыз әлі де болса дәрігерлердің бақылауында болмақ. Батырымызға қолдау білдірейік", – делінген мәліметте.
Еске сала кетейік, бұған дейін кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлының АҚШ-тың Миннеаполис қаласында өткен титулдық жекпе-жегі нокаутпен аяқталды.
Супер орта салмақтағы WBA World титулы сарапқа салынған кездесу 12 раундқа жоспарланған болатын. Алайда жекпе-жектің аяқталуына санаулы сәт қалғанда кубалық былғары қолғап шебері Давид Моррель отандасымызды нокаутқа жіберді.
Кейінірек Айдостың жасанды комаға түскені хабарланды.