Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішев 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкімді 18 ақпан күні елордадағы ауданаралық сотта судья Қажымұқан Мекемтас шығарған болатын.
Экс-шенеунік мерзімін қоныс колониясында өтейді. Дегенмен сотталушы мен адвокаттар сот шешіміне келіспей, апелляциялық шағым білдіретіндерін жеткізді. Тергеу изоляторында 7 ай уақыт жатып, одан бөлек 4 ай бойы ісі қаралған шендінің қорғаушылары сот процесі басталғалы бері өздеріне ақпараттық қысым болып, судья осы жайды ескермегенін айтып отыр. Бұл тұста судья мен соттың өту барысын теріске шығару мақсатында сотталушы жағынан да ақпараттық қысым жасалғаны жасырын емес. Қос тараптың уәжі қандай? Осы жөнінде тарқатсақ.
1 жылдық сергелдең
Былтыр 14 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ислам Алмаханұлын зейнетке шығуына 2 ай қалғанда тұтқындаған еді. Ұлттық бюроның ресми өкілі Жанна Бастарова Ислам Әбішевті пара алғаны үшін емес, «пара алуға оқталды» деген желеумен тергеуге алынғанын мәлімдеді. Одан кейін жабулы қазан жабулы күйінде қалғандай көрінді. Бірақ 14 қазан күні сот процесі басталғанға дейін күдікті 7 ай бойы тергеу изоляторында жатқан екен. Айыпталушының адвокаттары ұзақмерзімді тергеу амалдарын «арандату» ісіне балап, ақпараттық қысым тергеушілерге жасала бастады.
– 2013 жылы Ислам Әбішевті қызметінен аластату – өзге шенеуніктердің ойластырғаны. Дегенмен араға тоғыз ай салып, 2014 жылдың шілде айында Елбасы Н.Назарбаев аталған қызметке қайтадан Ислам Әбішевті тағайындаған болатын. Төрағалық қызметінен аластатылған 9 айдың ішінде министрлік құны 1,5 трлн теңге болатын бағдарлама жасаған. Тағы да бағдарламаның 1 трлн теңгесі артық екенін дәлелдеп, мемлекет қорына қайтарғаннан кейін Ислам Алмаханұлы мен әріптестеріне қысым көрсету басталған. Алайда азамат пара алғаны үшін емес, «пара алуға оқталды» деген желеумен тұтқындалғаны істі қараудағы шикілікті аңғартқандай, – деген болатын адвокат Абзал Құспан.
Ислам Әбішев мемлекет қаржысын үнемдегеніне Ұлттық бюро өкілдерінің шамданбағаны белгілі. Мемлекеттік қызметкер қашанда халық қаржысын сақтауы тиіс екені айтпаса да түсінікті.
Ислам Алмаханұлы тергеу изоляторында отырған шағында 4 рет инфаркт алған. Қорғаушылар судья Қ.Мекемтастан айыпталушыны денсаулығына байланысты үйқамаққа жіберуді сұрағанымен, бұл өтініш қабылданбады. Тергеу изоляторындағы 7 ай экс-шенеунікке моральдық соққы болып тигені анық. Сондықтан 4 айға созылған сот кезінде ем қабылдап тұруға мәжбүр болды.
Сот процесі қалай өрбіді?
Тергеу мәліметтерінде Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Соколов топтық су құбыры мен ауылдық жердегі су тарату жүйесінің құрылысын жаңғырту бойынша 6 млрд теңгеге конкурс ұйымдастырылғаны айтылған. Комитет төрағасына 60 миллион теңге сол конкурс үшін берілген «ауызбастырық» ретінде жүрген. Сонда Ислам Әбішевке 6 млрд теңгенің 1 пайызы берілмек болған. Бірақ пара төрағаның өзіне қолма-қол берілмеген. Алғашқы 10 миллион теңгесі екі бөлініп, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті Серік Түкеевке беріледі. Ислам Әбішев дәл осы қоғамдық ұйым – федерация президенті қызметін қоса атқарды. Қазір Серік Түкеев те қамауда отыр. 60 миллион теңгенің ең соңғы бөлігі, яғни 50 миллион теңгесін комитет төрағасына кәсіпкер Азамат Шаймерденов бермекші болған. Сот отырысы кезінде Шаймерденов Әбішевпен елорданың бір белгілі қонақүйінде кездесіп, сыртқа шығып әңгімелескенде төрағаның пара сұрағанын айтқан еді. Бірақ Әбішевтің әңгімесі диктофонға жазылмаған. Бұдан кейін де Шаймерденов Ұлттық бюроның тапсырмасымен арнайы құрылғыны жапсырып, комитет төрағасын аңдыған. Алайда пара талап ету туралы әңгіме бұл жолы да жарытымды қозғалмаған.
– Мен Әбішевқа параны «СМП 610» ЖШС-не қатысты келісімшартқа қол қоймай ма деп қорыққанымнан бергім келді. Оның үстіне ол маған қысым көрсетті. Бұрын қаржы полициясында жүргенде мұндай істерге араласып көрмегенмін, – деді сот отырысында Азамат Шаймерденов қысқа жауап қайырып.
Куәгер Азамат Шаймерденов бұрын қаржы полициясында жұмыс істеген. Сот отырысы кезінде айыпталушы Әбішев пен Түкеев куәгерге сұрақтар қойғанымен, «ұмытып қалдым, білмеймін» деумен шектелді. Мысалы, Ислам Әбішев жыл басында жүздескен күндерін атап, арасында болған әңгімені мысал ретінде келтіріп, «мен сол кезде сенен ақша сұрадым ба?» дегенде, «есіме түсіре алмай тұрмын» деп жауап қайтарды. Тіпті, Серік Түкеев Monaco қонақүйінде кездескен сәттеріндегі сөздер де куәгердің есінде болмай шықты. Бұдан әрі сот отырыстарының барлығы дерлік адвокаттар мен прокурордың тартысымен жалғасты.
Ақпараттық қысым кімнің мүддесі?
Сотқа қатысты журналистер өздеріне ақпараттық қысымның басым болғанын айтады. Бірақ күдікті тергеуге алынған сәттен бастап блогерлер мен жақтастары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне әлеуметтік желілер мен сайттар арқылы ақпараттық қысым жасады. Бұл қысымның сот процесіне кедергі келтіретінін білген агенттік те жауапсыз қалмады. Сот басталмас бұрын, 12 желтоқсанда Ислам Әбішевтің жақтастары ұйымдастырған баспасөз мәслихатын Ұлттық бюро өкілдері өткізбеуге тырысқанын көрдік. Әуелде сот отырысы ашық түрде өткізілетін болған. Дегенмен прокурор Саламат Сүлейменовтің өтініші негізінде сот залында журналистерге аудио, бейне құрылғыларды пайдалануға тыйым салынды. Саламат Сүлейменов журналистер әлеуметтік желілерде сот процесін тікелей эфирде жариялап, залда тыныштықты сақтамағаны үшін істі жүргізуге кедергі келтіргенін айтқан. Ал қарсы тарап не дейді?
– Біз барынша ақпаратты шынайы таратқымыз келді. Бірақ прокурордың өтінішімен судья құқығымызды шектеді. Алғашқы сот отырысында судья Қ.Мекемтас 24 сөйлемнен тұратын сот қаулысында 76 қате жіберді. Мұны А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты тексеріп, растады. Біз бар болғаны мемлекеттік тілде дұрыс сөйлеуін талап еттік. Бірақ ақпараттық қысым жасау жөнсіз еді, – дейді Ұлттық кеңес мүшесі Қазыбек Иса. Су комитетінің экс-төрағасы құрықталғаннан бері журналист Қ.Иса оны ерекше белсенділікпен қорғағанын қоғам байқады. Алайда бұл азаматтық ұстаным ба, әлде біз білмейтін өзге де себептер бар ма, ол жағы белгісіз.
Сот процесі мен судьяға қоғамның теріс пікірін қолдан қалыптастыру – жаңсақтық. Сот басталмай тұрып ақпараттық қысым арқылы істі ушықтыру жағдайлары, өкінішке қарай соңғы кездері жиі кездеседі. Ислам Алмаханұлының ісінде әркім өз мүддесі үшін ақпараттық қысым жасағаны анық.
ТҮЙІН: Екіжақтыақпараттыққысымғақарамастанісдеректерітолықтайқаралып, айыпталушығасотүкімішықты. Экс-шенеунікИсламӘбішевҚылмыстықкодекстің 324-бабы, 66-тармағынасәйкес 5 жылғасотталды. АлжурналистерӨмірзақАқжігітпенСәулеӘбілдаханқызыақпараттыққысымарқылысотбеделінтүсіргеніүшінайыпталып, оларғабірайдыңішіндепрокуратурашарақолданатынболды.Мадияр ТӨЛЕУ