Әбішев ісіндегі ақпараттық қысым

Әбішев ісіндегі ақпараттық қысым

Ауыл шаруашылығы ми­нис­тр­­лігі Су ресурстары коми­те­тінің бұрынғы төра­ға­сы Ислам Әбішев 5 жыл­ға бас бостан­дығынан айырыл­ды. Үкімді 18 ақпан күні елор­дадағы ауда­наралық сотта судья Қажымұқан Мекемтас шығарған болатын. Экс-шенеунік мерзімін қоныс колониясында өтейді. Дегенмен сотталушы мен адвокаттар сот шешіміне келіспей, апелляциялық шағым білдіретіндерін жеткізді. Тергеу изоляторында 7 ай уақыт жатып, одан бөлек 4 ай бойы ісі қаралған шендінің қорғаушылары сот процесі басталғалы бері өз­деріне ақпараттық қысым болып, судья осы жайды ескермегенін айтып отыр. Бұл тұста судья мен соттың өту барысын теріске шығару мақсатында сотталушы жағынан да ақпараттық қысым жасалғаны жасырын емес. Қос тараптың уәжі қандай? Осы жөнінде тарқатсақ.  

1 жылдық сергелдең

Былтыр 14 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі Ислам Алмаханұлын зей­нет­ке шығуына 2 ай қалғанда тұт­қын­даған еді. Ұлттық бюроның ресми өкілі Жанна Бастарова Ислам Әбішевті пара алғаны үшін емес, «пара алуға оқталды» деген же­леу­мен тергеуге алынғанын мәлім­деді. Одан кейін жабулы қа­зан жабулы күйінде қалғандай кө­рінді. Бірақ 14 қазан күні сот процесі басталғанға дейін күдікті 7 ай бойы тергеу изоляторында жатқан екен. Айыпталушының адво­кат­тары ұзақмерзімді тергеу амал­да­рын «арандату» ісіне балап, ақ­парат­тық қысым тергеушілерге жасала бастады.
– 2013 жылы Ислам Әбішевті қызметінен аластату – өзге ше­неунік­тердің ойластырғаны. Деген­мен араға тоғыз ай салып, 2014 жылдың шілде айында Елбасы Н.Назарбаев аталған қызметке қай­тадан Ислам Әбішевті тағайын­да­ған болатын. Төрағалық қыз­метінен алас­татылған 9 айдың ішінде министрлік құны 1,5 трлн теңге болатын бағдарлама жасаған. Тағы да бағдарламаның 1 трлн тең­гесі артық екенін дәлелдеп, мем­лекет қорына қайтарғаннан кейін Ислам Алмаханұлы мен әріп­тестеріне қысым көрсету басталған. Алайда азамат пара алғаны үшін емес, «пара алуға оқталды» деген желеумен тұт­қындалғаны істі қа­рау­дағы шикілікті аңғартқандай, – деген болатын адвокат Абзал Құспан.
Ислам Әбішев мемлекет қар­жысын үнемдегеніне Ұлттық бюро өкілдерінің шамданбағаны белгілі. Мемлекеттік қызметкер қашанда халық қаржысын сақтауы тиіс екені айтпаса да түсінікті. Ислам Алмаханұлы тергеу изоляторында отырған шағында 4 рет инфаркт алған. Қорғаушылар судья Қ.Мекемтастан айыпта­лушыны денсаулығына байла­нысты үйқамаққа жіберуді сұра­ғанымен, бұл өтініш қабылдан­бады. Тергеу изоляторындағы 7 ай экс-шенеунікке моральдық соққы болып тигені анық. Сондықтан 4 айға созылған сот кезінде ем қа­былдап тұруға мәжбүр болды.  

Сот процесі қалай өрбіді?

Тергеу мәліметтерінде Сол­түстік Қазақстан облысы Қызыл­жар ауданындағы Соколов топтық су құбыры мен ауылдық жердегі су тарату жүйесінің құрылысын жаңғырту бойынша 6 млрд теңгеге конкурс ұйымдастырылғаны айтылған. Комитет төрағасына 60 миллион теңге сол конкурс үшін берілген «ауызбастырық» ретінде жүрген. Сонда Ислам Әбішевке 6 млрд теңгенің 1 пайызы берілмек болған. Бірақ пара төрағаның өзіне қолма-қол берілмеген. Ал­ғашқы 10 миллион теңгесі екі бө­лініп, Дүниежүзілік қазақ күресі фе­дерациясының вице-прези­денті Серік Түкеевке беріледі. Ислам Әбішев дәл осы қоғамдық ұйым – федерация президенті қызметін қоса атқарды. Қазір Серік Түкеев те қамауда отыр. 60 миллион теңгенің ең соңғы бөлігі, яғни 50 миллион теңгесін комитет төрағасына кәсіпкер Азамат Шаймерденов бермекші болған. Сот отырысы кезінде Шаймер­денов Әбішевпен елорданың бір белгілі қонақүйінде кездесіп, сыртқа шығып әңгімелескенде төрағаның пара сұрағанын айтқан еді. Бірақ Әбішевтің әңгімесі диктофонға жазылмаған. Бұдан кейін де Шаймерденов Ұлттық бюроның тапсырмасымен арнайы құрылғыны жапсырып, комитет төрағасын аңдыған. Алайда пара талап ету туралы әңгіме бұл жолы да жарытымды қозғалмаған.
– Мен Әбішевқа параны «СМП 610» ЖШС-не қатысты келі­сім­шартқа қол қоймай ма деп қорыққанымнан бергім келді. Оның үстіне ол маған қысым көр­сетті. Бұрын қаржы полициясында жүргенде мұндай істерге араласып көрмегенмін, – деді сот отыры­сында Азамат Шаймерденов қысқа жауап қайырып.
Куәгер Азамат Шаймерденов бұрын қаржы полициясында жұ­мыс істеген. Сот отырысы кезінде айыпталушы Әбішев пен Түкеев куәгерге сұрақтар қойғанымен, «ұмытып қалдым, білмеймін» деумен шектелді. Мысалы, Ислам Әбішев жыл басында жүздескен күндерін атап, арасында болған әңгімені мысал ретінде келтіріп, «мен сол кезде сенен ақша сұра­дым ба?» дегенде, «есіме түсіре алмай тұрмын» деп жауап қайтар­ды. Тіпті, Серік Түкеев Monaco қонақүйінде кездескен сәттерін­дегі сөздер де куәгердің есінде болмай шықты. Бұдан әрі сот отырыстарының барлығы дерлік адвокаттар мен прокурордың тартысымен жалғасты.  

Ақпараттық қысым кімнің мүддесі?

Сотқа қатысты журналистер өздеріне ақпараттық қысымның басым болғанын айтады. Бірақ күдікті тергеуге алынған сәттен бастап блогерлер мен жақтастары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне әлеуметтік желілер мен сайттар арқылы ақпараттық қысым жасады. Бұл қысымның сот процесіне кедергі келтіретінін білген агенттік те жауапсыз қалмады. Сот басталмас бұрын, 12 желтоқсанда Ислам Әбішевтің жақтастары ұйым­дастырған баспасөз мәслихатын Ұлттық бюро өкілдері өткізбеуге тырысқанын көрдік. Әуелде сот отырысы ашық түрде өткізілетін болған. Дегенмен прокурор Са­ламат Сүлейменовтің өтініші не­гізінде сот залында журналистерге аудио, бейне құрылғыларды пай­далануға тыйым салынды. Сала­мат Сүлейменов журналистер әлеуметтік желілерде сот процесін тікелей эфирде жариялап, залда тыныштықты сақтамағаны үшін істі жүргізуге кедергі келтіргенін айтқан. Ал қарсы тарап не дейді? – Біз барынша ақпаратты шы­найы таратқымыз келді. Бірақ про­курордың өтінішімен судья құ­қы­ғымызды шектеді. Алғашқы сот отырысында судья Қ.Мекем­тас 24 сөйлемнен тұратын сот қаулы­сында 76 қате жіберді. Мұны А.Байтұр­сы­нов атындағы Тіл бі­лімі институты тексеріп, растады. Біз бар болғаны мемлекеттік тілде дұрыс сөйлеуін талап еттік. Бірақ ақпараттық қы­сым жасау жөнсіз еді, – дейді Ұлт­тық кеңес мүшесі Қазыбек Иса. Су комитетінің экс-төрағасы құрықталғаннан бері журналист Қ.Иса оны ерекше белсенділікпен қорғағанын қоғам байқады. Алайда  бұл азаматтық ұстаным ба, әлде біз білмейтін өзге де себептер бар ма, ол жағы белгісіз. Сот процесі мен судьяға қо­ғам­­ның теріс пікірін қолдан қа­лып­тас­тыру – жаңсақтық. Сот басталмай тұрып ақпараттық қы­сым арқылы істі ушықтыру жағ­дайлары, өкі­нішке қарай соңғы кездері жиі кездеседі. Ислам Алмаханұ­лы­ның ісінде әркім өз мүддесі үшін ақ­параттық қысым жасағаны анық.   ТҮЙІНЕкіжақты ақпараттық қысымға қарамастан іс деректері толықтай қаралып, айыпталушыға сот үкімі шықты. Экс-шенеунік Ислам Әбішев Қылмыстық ко­декстің 324-бабы, 66-тармағына сәйкес 5 жылға сотталды. Ал жур­налистер Өмірзақ Ақжігіт пен Сәу­ле Әбілдаханқызы ақпараттық қысым арқылы сот беделін түсіргені үшін айыпталып, оларға бір айдың ішінде прокуратура шара қолдана­тын болды.   Мадияр ТӨЛЕУ