Бәріміздің төбемізде көп аспан. Тыныстайтын ауа мен өмірлік дағды бір. Бірақ әркімнің
қабылдауы әртүрлі. Сол үшін аутизм – ауру емес. Тек баланың даму деңгейінде ауытқу бар деген сөз.
Иә, осыдан 30 жыл бұрын әлем аутизмге сирек кездесетін психикалық ауру деп баға берді. 2000 жылдары АҚШ-та 150 баланың біреуіне аутист диагнозы қойылса, қазір Қытайдағы аутизмге шалдыққандардың саны
1 миллионнан асып жығылады. Мамандар дертті ауру емес, қалыпты даму күйінен ауытқу дейді. Мұның қалай пайда болатынын, не әсер ететінін ғалымдар әлі күнге зерттеп жүр. Демек, нақты факторы беймәлім аутизмнің емделу мүмкіндігі де аз. Бірақ үміттің соңғы сәтте үзілетінін ескерсек, жол табуға болады.
Аутизм дегеніміз...
1911 жылы аутизм терминін психиатр Эйген Блейлер ашты. Бірақ толық түсінік қалыптаспады. Аутизм сипаттамасына сәйкес, бала кешеуілдеп дамиды. Кез келген нәрсеге реакция білдірмейді, елеңдемейді, бір нүктеге ұзақ қарауы, тіпті естімеуі мүмкін. Ең қиыны – бауыр еті балаңның саған жақындамауы. Өйткені аутист бала жанындағы адамға сирек сенеді. Бірден қабылдамайды. Мұны актер Сильвестр Сталлоне өте жақсы түсіндірген. Оның ұлы Серджио – аутист. «Баланы өз әлеміңе келуге мәжбүрлей алмайсың. Сондықтан оның әлеміне өзімен бірге барамын. Бала саған сенсе ғана тіл қатады, бірақ өте сирек. Арасында ғана болса да, бұл – ең бағалы уақыт» дейді ол.
Бастапқыда дәрігерлер бала қараусыз қалып, үйінде жалғыз болғандықтан осындай дертке шалдығады десті. Алайда уақыт-теңіз бұл пікірді жағаға шығарып тастады. Ағысқа ілескісі келгендер түрлі болжам мен өзіндік пікір ұсынды. Тіпті, Эндрю Уэйкфил бастаған бірнеше дәрігер вакцина құрамындағы ауыр металл мен сынап аутизм тудырады деген мазмұнда ғылыми мақала жазды. Бұл қоғамда толқу тудырып, нәтижесінде вакцина салдырудан именетін ата-аналардың қатары көбейді. Артынша тұжырымның қате екені айқындалып, жұрт сабырға келді.
Емделуге ниет керек
Жоғарыда жол табудың жөнін айттық. Кез келген дертті бастапқыда анықтау тиімді екенінің аутизмге де қатысы бар. Бала бойынан белгіні неғұрлым ерте анықтаса, соғұрлым пайдалы. Өйткені аутист бала үшін терапия маңызды. Оның үнемі бақылауда болғаны дұрыс. Мұны Б.Өтемұратов қоры «Алтын Мирас» аутизм орталығының супервайзері Әлия Рахимова да растап отыр. Маманның сөзінше, ата-ана бала бойынан қандай да бір ауытқушылық байқаған бойда, тексеруден өткені жөн. Диагностика арқылы оның машық деңгейі анықталады. Содан кейін интервенция жүргізу бағдарламасы түзіледі.
Аталған аутизм орталығы 6 бағдарлама бойынша курс жүргізеді. Олар – бастапқы қолдау, үйретуші машық, өмір машық, қарқынды курс, әлеуметтік машық пен JASPER. Әрқайсының өзіндік орны мен арнайы жоспары бар. Әлия Рахимованың айтуынша, олар баланы аптасына 3 рет бағдарлама бойынша үйретеді. Ата-ана міндетті түрде курсқа қатысады. Не үшін дерсіз? Өйткені аутист ата-ана педагог бола білуі керек. Бұл кәдеге жарайды. Ойын тәсілін меңгеріп, «тілін табуды» үйренсеңіз, аутист баланың «бетін бері қаратуға» болады. Нәтиже көрсеткендей, бала өзі киінуге, дәретханаға отыруға, ортаны ақырындап қабылдауға бейімделеді. Төменде көрсетілгендей, бағдарламаның соңы JASPER-мен аяқталады. Бұл әдісті Калифорния университетінің ғалымдары ойлап тапқан. JASPER емдеу әдісі сөйлеу қабілетінен айырылған балалардың 80 пайызын емдеп жазады. Мүмкіндігі кемел әдістің үш айдың ішінде сөйлетуге құдіреті жетеді.
Ата-ана ықпалы
Украиналық Михаил Сергиенко – аутизмді жеңгендердің бірі. Миша кезекті бір сұхбатында не дегенін білесіз бе? «Аутист баласы бар ата-анаға айтарым – оған ашуланбаңыз, дауыс көтермеңіз. Қайта балаңызды түсінуге тырысыңыз». Демек, аутист бала алшақ жүреді, өз әлемі болады дегенімізбен, оған жақынының демеуі керек. Әрі аутист бала арнайы терапиядан уақытылы өтсе, бірте-бірте өзін қалыптастыра алады. Себебі Михаил мәлімдеген мына жайт соны меңзейді. Бірде оған аутист баланың анасы ұлының мульфильм көріп отырып, көзін алақанмен жұматынды шығарғанын айтады. Десе де, бұрыннан көріп жүрген, көзі үйренген дүниеге мұндай реакция білдіргеніне таңданғанын жеткізеді. Сонда Миша аутист бір нәрсені қайта-қайта оқығанда, көргенде сезімі оянатынын, не болып жатқанын жете түсінетінін атап өтеді. Сондықтан ата-ананың бұған таңданғаннан гөрі ары қарай жалғастыруға, үнемі терапия қабылдауына жағдай жасау керегін ескертеді. Мысалға зер салсақ, ата-ананың аялы алақаны мен сынақты жеңемін деген жігер Михаил айтқан «робот» баланың еңсесін көтеруге қуат береді.
Біздің елде ше?
Ел ішінде де мұндай оқиға кездеседі. Мұнда да көбінесе ата-ананың ықпалы зор. Мәселен, Марат Жақайұлы баласы Бейбарыстың аутизммен күресін «Жетістік тарихы» кітабында әңгімелеп берген. Алғашында Алматыдағы оңалту орталығында, кейіннен Мәскеудегі Матвиевский орталығында емделеді. Оның түсінгені – бала күйіне ену. Яғни, орталық көрсеткендей бірге секіріп, бірге ойнап, жеке әлемге кіруге қадам жасау. Сонда баланың жанарында ұшқын пайда болып, өмір есігін «қайта» ашады. Әрине, бұл үшін тоқтаусыз күрес қажет. Орталықта алған терапияны толық үйреніп, үйде жалғастырып, қозғалысты күнтәртібіне енгізген жөн. Осындай әдістен соң Бейбарыс кәдуілгі балабақшаға барған. Олармен бірге ойнап, қарым-қатынас дағдысы қалыптасқан. Яғни, инклюзивті қоғамның құраушы күшін аутист баланың жақындары құрайды. Ата-анасы, туған-туысы, дос-құрбысы қабылдай алса, қоғамның да еті үйреніп, алшақтауды доғарады. Сол үшін елімізде инклюзивті қоғамды дамыту үшін түрлі жұмыс жүргізіледі. Статистика көрсеткендей, 6 700 бала психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінен көмек сұраған.
Елімізде аутист балаларды тізімдеу 2010 жылы басталды. Бұдан бұрын оларды «Психологиялық дамуының бұзылуы» деп аталатын жалпы санатқа жіктейтін. Қазақстандағы аутист бала саны жыл сайын өспесе кеміген жоқ. Осыған сай түрлі бейімдеу, оңалту, инклюзия орталықтары жұмыс істейді. Арнайы ашылған қорлар аутизмді жеңу жолында жігер танытып жүр. Әлемдік тенденцияны елімізге әкеліп, әдіс-тәсілдерді енгізуге күш салады. Дегенмен қазір әлемдегі әрбір 59-шы баланың бойынан аутизм спектрі бұзылуы байқалады.
Біз әр алуан болғанмен, теңбіз. Ешкімнің шектеуге құқы жоқ. Сіз оны қабылдасаңыз, ол осы әлемнің есігін «қағады». Көп нәрсе үйренеді. Сонда ғана инклюзивті қоғамның қаңқасы тұрғызылады.
Айбике ЖАНАСЫЛ