Ұлттық музейде Зейнолла Самашевтың мерейтойына арналған бірқатар іс-шара өтеді
Ұлттық музейде Зейнолла Самашевтың мерейтойына арналған бірқатар іс-шара өтеді
421
оқылды
2022 жылғы 18 қараша күні ҚР Ұлттық музейінде белгілі археолог, т.ғ.д., профессор Зейнолла Самашевтың 75 жылдық мерейтойына арналған бірқатар іс-шара өтеді. Мерейтойлық іс-шара сағат 14:30-да «Берел» ғылыми-зерттеу қорының ашылуымен басталады. Онда З. Самашев жетекшілік еткен археологиялық экспедицияның әр жылдары «Берел» сақ қорғандарынан тапқан бірегей артефактілері жинақталған. Қорға енген 2 мыңнан астам археологиялық зат зерттеуден өтіп, жүйеленіп, қалпына келтірілген. Олардың ішінде алтын бұйымдар мен әшекейлер, ат әбзелдері мен қару-жарақ түрлері, ағаш қималары мен діңгектерінің бөлшектері бар. «Берел» қорында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғалымдар, тарихшылар, археологтар, сондай-ақ магистранттар мен докторанттар жұмыс істейтін болады. Сағат 15.00-де «Дала қорғандарының құпиялары» атты көрменің ашылуы өтеді. Экспозицияда Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылады. Көрменің мақсаты – Қазақстан және алыс шетелдерге белгілі археолог З.Самашевтың қазақ археологиясына қосқан теңдессіз үлесін насихаттау мен оның ғылым жолындағы ашылымдарын келешек ұрпаққа таныту. Сонымен қатар, 15:30-да «Қазақстан археологиясының өзекті мәселелері: ескерткіштерді зерттеу, қорғау және музеефикациялау» атты дөңгелек үстел өтеді.          Іс-шараға ғалымдар, тарихшылар, археологтар, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысады. Еліміз тәуелсіздік алып, егемен ел болған сәттен бастап, ғалым өзінің қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Зейнолла Самашев – ғылыми айналымда Берел қорымы, Аралтөбе, Сарайшық ескерткіштеріне жүргізген қазба жұмыстарының авторы. 2010 жылы «Тарихи дерек көзі ретінде Қазақстанның жартастағы бейнелері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғаған. Соңғы жылдары Шығыс өңіріндегі Зейнолла Самашев жетекшілігімен жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары оң нәтижесін беруде. Атап айтар болсақ, Елеке сазы патшалар жазығындағы «Алтын адам» Түркі дәуіріне тән қаған кешені, Ақбауыр сақ заманының қоныстары Қазақстан археологиясында теңдессіз жаңалық әкелген. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері З. Самашев  бүгінгі таңда 300-ден аса ғылыми  мақала мен 20-ға жуық ғылыми монография авторы. Ғалымның археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің экспозицияларын толықтырып тұр.