Астанада қала халқын бұқаралық спорт шараларына тарту, саламатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ туризмді дамыту бойынша жұмыс жалғасып келеді. Әсіресе, елордалықтардың белсенді демалысын ұйымдастыруға барынша көңіл бөлініп жатыр. Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев Астана қаласындағы қысқы спорт түрлерінің дамуы, алдағы бұқаралық спорттық іс-шаралар және қысқы маусымының ашылуы туралы айтып берді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастар мен жасөспірімдер арасында спортты дамыту, халық арасында спортпен шұғылданатын адамдар санын арттыру бойынша жұмыстар басталды. Нәтижесінде, спорт секцияларының саны артып, саланы цифрландыру мәселесі жолға қойылуда. Жыл басынан бастап елордада 350-ге тарта бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оларға 60 мың қала тұрғыны мен қонақтары қатысты,– деді Самат Жылқыбаев.Сонымен қатар халықаралық жарыстар жоғары денгейде өткізіліп келеді.
– Ал жыл соныңда елордада 31 желтоқсан күні спортсүйер қауым арасында бүкіләлемде болған пандемияға қарсы акцияны қолдай отырып, «Жаңа жылдық жүгіру – 2022» бұқаралық жүгіру өтетінін атап өткім келеді. Акцияның басты мақсаты – саламатты өмір салтына барынша адамдарды тарту. Дәл осындай атаумен еліміздің түкпір-түкпірінде жаппай жүгіру акциясы өткізіліп, оған тілек білдірушілер мен спортсүйер қауым қатысып келеді. Сондай-ақ триатлон саябағында Qysqy jugiru қысқы жүгіруден жарыс өткізіледі. Былтыр бұл жарысқа шамамен 250-дей қала тұрғыны мен қонақтары қатысты. Қатысушылар 5 жас санаты бойынша сынға түсті, атап айтқанда, 18-29 жас, 30-39 жас, 40-49 жас, 50-59 жас, 60 жас және одан жоғары. Елордада қысқы спорт маусымы «Қыс өрнегі» атты дәстүрлі шаңғы фестивалімен аяқталады,– деді басқарма басшысы.Қыс қызығы бітпейді Қар түсіп, қыс басталса, қала тұрғындары қысқы спортқа ден қояды. Біреулер бос уақытында мұз айдындарына барып коньки тепсе, енді бірі қала сыртындағы туристік базаларға барып демалады. Шаңғы теуіп, шайбалы хоккей ойнайтындары да бар. Елордада қысқы спорттың ең әдемі әрі ең қиын түрі – мәнерлеп сырғанаудан ASTANA OPEN қалалық ашық чемпионаты өтті. 14-16 қараша аралығында еліміздің үздік мәнерлеп сырғанаушылары Астанамыздың көз тартарлық жері және спорттық қақпасы саналатын «Алау» мұзайдыны сарайында бас қосты.
– Қалалық ашық чемпионат елордада екінші жыл қатарынан өтуде. Биыл жарысқа балалар мен жасөспірімдер, сондай-ақ спорт шебері мен спорт шеберіне үміткерлер қатысады. Жеке разрядтағы жарыстар Халықаралық конькишілер одағының талаптарына сәйкес ұйымдастырылады. Бүгінде қаланың ашық чемпионатына қатысуға Астана, Алматы қалаларымен қатар Қарағанды, Атырау, Қостанай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облысынан 250-ге жуық өтінім қабылданды. Жас конькимен жүгірушілердің өнерін жарысқа арнайы шақырылған халықаралық төрешілер бағалайтын болады. Бұл дегеніміз жарысты жоғары деңгейде өткізуге және әділ төрешілікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған іс-шара алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізілетін болады,– дейді Самат Жылқыбаев.Чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстанның жастар чемпионатына 24 ең мықты спортшыдан Астана қаласының құрама командасы жасақталады.
– Бұл жарыста біз ең мықты деген елордалық спортшылар арасынан 24 таңдаулы мәнерлеп сырғанаушыны Астана қаласының құрама командасына қабылдаймыз. Олар алдағы 20-24 қараша аралығында Өскемен қаласында өтетін мәнерлеп сырғанаудан ҚР жастар чемпионатында өнер көрсететін болады. Сондықтан республикалық аренада қаламызды лайықты танытатын мықты команданы таңдау біз үшін өте маңызды, – дейді Астана қаласының Мәнерлеп сырғанау федерациясының президенті Эльмира Тұрғанова.Арғымақ кешені ашылды Республика күніне орай елордамызда 30-дан астам спорттық іс-шара өткізілді. Солардың бірі «Арғымақ» ат-сауықтыру кешенінің ашылуы.