Бұқаралық спорт үшін таптырмас кешендер салынады
Бұқаралық спорт үшін таптырмас кешендер салынады
273
оқылды

Бұқаралық спорттың халықтың денсаулығын сақтау мен саламатты өмір салтын қалыптастыруға қосар үлесінің зор еке­нін жұрт жақсы біледі. Тіпті, бұқаралық спорт кәсіби спорт­шылардың өсіп шығатын бастапқы мектебі саналатыны тағы бар. Президент Қ.Тоқаев та бұл бағытқа айрықша назар ау­да­рып отыр. Бұқаралық спорт үшін жақсы инфра­құрылым да қажет. Ал елордада бұл бағытта жасалып жатқан істер аз емес.

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласы­ның төрт ауданына қарасты елді мекендерде жаңадан денешы­нық­тыру-сауықтыру кешені салына­тыны белгілі болды. Қала әкімдігі мамандарының сөзіне қарағанда, бұл кешендер азаматтардың өз үй­лерінен, аулаларынан ұзамай-ақ спортпен шұғылдануына мүмкін­дік береді. Яғни, шеткері орналас­қан елді мекендердің тұрғындары спортпен тұрақты түрде айналысу үшін қаланың орталығында жай­ғасқан спорт кешендеріне қарай сабылып жүрмейді. Жолға уақыт та жоғалтпайды. Өздері тұратын аймақта спортпен шұғылдана бе­руге мүмкіндік туады. Қаланың Сәулет, қала құры­лысы және жер қатынастары бас­қармасында таныстырылған эс­киздердің бірінде Алматы ауда­нын­дағы «Теміржолшылар» елді мекеніндегі №17 және ЖД2 дейтін жобалық атаулары бар көшенің қиылысында салынып жатқан де­нешынықтыру-сауықтыру кеше­нінің жобасы көрсетілген. Құжатта кешеннің жалпы аумағы 2634,2 шаршы метр екені жазылған. Ны­санда баскетбол, волейбол, күрес және бокс секілді спорт түр­леріне арналған залдар, сондай-ақ қарт адамдарға арналған қызығу­шы­лық клубы болады. Әрі ке­шенде Халық­қа қызмет көрсету орталығы да ор­наласады. Екінші қабатта кітап­хана, балалар алаңы, тамақ ішетін орын, әкімшілік және тұр­мыстық үй-жайлар орна­ласқан. Бір сөзбен айтқанда, елді мекен тұр­ғындары үшін барынша ыңғай­лы жағдай жасалған. Аза­маттар спортпен айналысумен қатар, қажет кезінде ХҚКО қызме­тін де пай­далана алады. Сөйтіп, Ха­лыққа қызмет көрсету орта­лықтары үшін қаланың орталық бөлігіне келу қажеттілігі жойыл­мақ. Рас, елор­далықтардың мем­лекеттік қызмет­ті элекронды түрде алуға әбден дағ­дыланғаны жа­сы­рын емес. Бі­рақ қалада әлі де болса дәстүрлі қағаз құжатты алуды құп көретін, заманауи гаджеттерді қолдануға ықы­лас таныта қой­май­тын азамат­тар бар. Тіпті, дене­шынықтыру-сауықтыру кешенінің мемлекеттік қызмет алу және спорт­пен шұғыл­данудағы қолай­лылығынан бөлек, адамдар ара­сындағы қарым-қа­тынасқа да әсер ететінін ұмыт­паған абзал. Қарт адамдардың хоббиіне қажет клуб­тың болуы, кітапхана мен өзге де орындар осынау адами қатынастар үшін қажет. Дегенмен кешенді салу­дағы ең басты мақсат – бұ­қа­ралық спортты насихаттау. «Денешынықтыру-сауықтыру орталығы бұқаралық спортты на­си­­хаттау мақсатында салынған, бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жол­дауында айтқан болатын. Поли­центр­лік қағидат бойынша мұндай спорт нысандары елорда­ның 4 ау­данында (елді мекендер) салын­ған. Сонымен қатар спорттық ай­мақтарға және ашық кеңістік­терге деген үлкен сұранысты атап өтуге болады. Көше спортына ар­налған инфрақұрылымды құру жұ­­мысы қаланың барлық ауда­нында «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары бойынша жалғасатын болады», – деп атап өтті Сәулет, қала құрылысы және жер қаты­настары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев. Жалпы, соңғы жылдары елор­дада халыққа қолайлы жағдай жасау, бұқаралық спортты дамыту, аулалар мен шет аймақтарды абат­тандыруға айрықша көңіл бөлініп келеді. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов тұрғындар үшін көптеген мүмкіндіктер жа­сал­ғанын айта келе, азаматтардың денешынықтыру-сауықтыру кешендеріне тегін бара алатынын да айтқаны бар. Бұл дегеніңіз – әкімдіктің қаланы жайлы мекен қылу бағытындағы ерекше бас­тамаларының бірі. Әрі қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың бар­лы­ғына бірдей жасалған тең мүм­кіндік. Яғни, спортпен артық-ауыс қаржысы мен бос уақыты барлар ғана емес, кез келген азамат айна­лыса алады деген сөз. Ал ірі ке­шендерде кейбір спорт түрлерімен айналысу ақылы екенін ескерсек шет аймақтардағы жаңа нысандар бұқараның сүйікті орнына айналуы бек мүмкін. Жобалардың өзгеше сыры да осында. Елорда әкімдігі тура мағынасында Конституцияда сипатталған «әлеуметтік мемлекет құрудың» қалаға тән үлгісін көр­сетіп отыр. Әрі бұл жұмыстар биыл ғана басталған жоқ. Осынау ке­шен­дер салынып біткен соң да аяқ­тала қоюы неғайбіл. Өйткені Қазақстан астанасы тұрғындар мен қонақтар үшін қауіпсіз, жайлы, сәулеті мен дәулеті келіскен ша­һар­ға айналып келеді. Заман тала­бы қалай өзгерсе, қаланың дамы­тылуы да соған сәй­кес болуы ке­рек. Әйтпесе, жаһан­дағы ірі ша­һарлармен бәсекелесу оңайға соқпайды. Айтпақшы, сөз басында бұ­қара­лық спортты дамыту мен ай­мақ­тарды абаттандыру жұмысы­ның биыл ғана басталмағанын айттық қой, енді соған біраз мысал келтірейік. Қала әкімдігінің мә­ліметтеріне қарағанда, елорда әкі­мінің тапсырмасына сәйкес ау­ла­лар мен қоғамдық кеңістікті абат­тан­дыру жұмысы «Нұр-Сұлтан – жай­лы қала» мастер-жоспары ая­сында жүзеге асырылып жатыр екен. Был­тыр қалада 150-ден астам аула және 60 қоғамдық кеңістік, яғни саябақ­тар, скверлер, бульвар­лар абаттан­дырылыпты. Биыл 190 нысан салы­нып, жөнделетін кө­рі­неді. Демек, қала жыл сайын гүл­де­ніп, жайнай түседі деген сөз. Ең бас­тысы, елорда азамат тұрмы­сына қажет дүниенің барлығын ұсы­на алатын, қауіпсіз, тыныш, жай­лы қа­лаға айналып келеді. Күндердің күнінде «жайлы қала» дейтін мәр­тебесі арқылы да Нұр-Сұлтан жаһан­дағы үздік шаһарлар қата­ры­на қосылатын шығар. Қазір ат­қа­рылып жатқан істер сондай күнге жету жолындағы алғашқы баспал­дақ болса керек.

Ардақ СҰЛТАН