«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» демекші, азық-түліктің қымбаттап жатқанын айтып жүрген ел де қажығандай. Соңғы кездері инфляция жыл сайын емес, ай сайын құбылатынды шығарды. Ресми деректер көрсеткішті 19 пайызға теліп жүр. Өткен айдың соңында қымбатшылықты тоқтатамыз деген желеумен Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,5 пайыздан 16 пайызға көтерді. Дегенмен жағдай оңалып кетеріне сенім аз. Әр өңірде тұрғындар қымбатшылықтың белең алғанын айтып шағымдануда. Ішкі өндірісі ақсаған елдің ендігі бағыты қандай болмақ? Сөредегі құн сескендіреді Шілдеде Ұлттық статистика бюросы биыл инфляция былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 15 пайызға өскенін жеткізді. Соңғы бір жылдың ішінде азық-түлік 19,7 пайызға, басқа тауарлар 14,2 пайызға, ақылы қызметтер 9,2 пайызға қымбаттаған. Одан бөлек, құрылыс тауарлары – 20, тұрмыстық техника – 22,6, автокөліктердің құны 15,2 пайызға өскенін айтпай кетуге болмас. Одан бері де инфляция көрсеткіші тағы өсті. Баға халықтың қалтасын қағып, ауырлық салуда. Маусымда Finprom.kz порталы зерттеу жүргізіп, қазақстандықтар табысының 46 пайызын азық-түлікке жұмсайтынын анықтаған. Портал соңғы жылда қант 51,5 пайызға, көкөністер – 44, картоп – 37,8, құс еті 25,5 пайызға қымбаттағанын жария етті. Өзге де сарапшылардың болжамы бұдан әріге кетеді. Мамандар бағаның ретсіз жиі құбылуының кесірінен инфляцияның нақты мөлшерін болжап үлгеру мүмкін емесін айтқан. Демек, ресми көрсеткіштердегі инфляция екі есе аз болса да таңғалмаймыз. Мысалы, көктемде кей өңірлерде азық бағасы бірден 36 пайызға артқан. Мәселе жайлы сөз еткенде салаға жауапты министрлікті айтпай өте алмаймыз. Маусымда Сауда және интеграция министрі болып тұрғанда Бақыт Сұлтанов жаппай қымбатшылыққа «әлемдегі инфляция әсер етіп отырғанын» айтып, ақыр аяғы өзі сынға қалды. Президенттен сөгіс алып, соңында қызметінен кетіп тынды. Тек сыртқы факторды кінәлай беретін шенділер амалын табуға тырысып жүргендей кейіп көрсетеді. Мәселен, біз соңғы 6 айдың шамасында көзімізбен көрген өзгерістерді айтайық. 900 грамдық «Домашний» қаймағы көктемде дүкендерде 750 теңгеден сатылды, күздің басында 950 теңгеге көтерілген баға қазір 1 100-ден асып жығылды. Ал 800 грамдық «Алатау» қаймағы аз уақыттың ішінде 750 теңгеден 1000 теңгеге бір-ақ шарықтапты. Көпшілік білетін 1,5 литрлік «Сарыағаш» суы жазда 150 теңге шамасында болатын, қазір 225, кей дүкендерде 250 теңгеден сатылуда. «Эмир» ірімшігінің келісі 2 айдың ішінде 300 теңгеге қымбаттаса, көктемде 590 теңгеден сатылған 400 милилитрлік «Активиа» йогурты қазір 880 теңгеге жетті. Бұл тізімді толассыз толтыра беріп, өз нұсқаңызды қоссаңыз да болады. Бір сөзбен айтқанда, жағдай жақсы емес. Бұл сандарға қарап, халық табысының қанша пайызын азық-түлікке жұмсап жүргенін анықтағыңыз келеді. Жалпы, экономикада халық табысының 50 пайыздан астамы азық-түлікке кетсе, ел кедейлікке ұшыраған болып саналады. Мамандар осындай жағдайға әлдеқашан жеткенімізді алға тартады. Экономист Мақсат Халық елімізде көктемнен бастап инфляцияның рекордтық дәрежеде өскенін жеткізіп жүр. Оның ойынша, Қазақстанда азық-түлікке кететін шығынның мөлшері – табыстың бақандай 59 пайызы.
– Қазақстанда азық-түлікке кететін шығын – 59 пайыз. Негізі, бұл көрсеткіш 50-ден асса, халық кедейлік шегінде болғаны. Батыс елдерінде азық-түлікке жұмсалатын қаражат бюджет шығындарының ары кеткенде 10-12 пайызын құрайды. Алдыңғы қатарлы елдерде бұл көрсеткіш – 8 пайыз. Осыдан кейін Қазақстанда табыстың қандай төмен екенін көресіз, – дейді маман.Яғни, елдің табысы аз екенін аңғардық. Біз осыған дейін де жауапты органдар орташа жалақы мен күнкөріс деңгейін қандай амалдармен жалған түрде жақсы көрсетіп келгенін жаздық. Бір ғана дәлел – жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде осының басын ашып, «халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды» деген еді. Сондықтан шенділердің ширығып жүргені шамалы. Ескі тәсілдің әуресі Былтыр статистикалық деректердің бәрі жағымды динамика көрсетті. Мәселен, Ұлттық банк инфляция деңгейін 8 пайыздан, ал азық-түлік бағасының өсімін 20 пайыздан асырмай тұрды. Қағаз жүзінде екені айтпаса да анық. Бұл кезде ел көп тұтынатын азықтың бірі – картоп бағасы 3 есе өсіп, басқа тағамның бәрі қымбаттаған. Құрылыс материалдарының құны 2-2,5 есе артты. Әлі де үздіксіз өсуде. Сонда Сауда және интеграция министрлігі «жалпы баға өсімі 12 пайыздан асқан жоқ» деген ақпарат таратып, міз бақпай отырды. Ал Ұлттық статистика бюросы бұл ақпарлардың ешқайсысын теріске шығармады, керісінше қалыпты норма санатына қосты. Әр облыстың әкімдіктері әлі ескі тәсілмен әуре. Бағаны бақылаймыз деп азық-түлік қорын құрады. Арнайы қойма ашып, әкімдік есебінен мыңдаған тонна зат сатып алынады. Бірақ оның өзі жағдайды оңалтпады, мамандар бұл тәсілдің, яғни іске жергілікті биліктің араласуы керісінше тапшылық тудыратынын айтады. Оның үстіне қоймадағы біршама өнімдер шіріп кеткен жағдайлар да кездескен. Қош, көпті толғандыратын сауал: қымбатшылықты қалай тоқтатуға болады? Экономист Бауыржан Ысқақов еліміз сыртқы тараптың да, ішкі тараптың да қысымына қалғанын жеткізді. Оның сөзінше, осыған дейін мемлекет ішкі өндірісті емес, импортты түгендей берген.
– Проблеманы сыртқы һәм ішкі факторлармен бөліп байланыстырамын. Сыртқы факторларды айтсақ, пандемия кезінде елдер арасындағы жеткізу қызметі тежеліп, азық-түлік бағасы артты. Екіншіден, көрші Ресейдің қазіргі санкцияға толы жағдайы. Қазақстан экономикасының осы елге 40 пайыздан астам импортқа тәуелділігі бар. Осы нәрселер бізде қосымша инфляцияның туындауына әкелді. Ал ішкі факторға келгенде ең әуелі бюджет шығындарының теңгерімсіз өсуін айтамын. Кірісімізден шығысымыз көп елміз. Үкімет пен Ұлттық банк қоян-қолтық жұмыс істеген кезде ғана жағдай оңалады. Үкімет ішкі қажеттілікті импорт есебінен емес, ел ішіндегі өндірістен өтеу жолдарын іздей бастағаны абзал. Біріншіден, азық-түлік инфляциясының алдын алу. Халықтың табысы автокөлік, киім-кешектен бұрын күнделікті азғантай қажеттілігіне де жетпей жатыр. Сондықтан елдегі азық-түлік өндірісіне көңіл бөліп, логистикалық жолдарды кеңінен қарастырған дұрыс. Бізде азық сақтайтын қоймалардың тапшылығы 70-90 пайыз аралығында. Егер қоймалар қажеттілік деңгейін жеткілікті дәрежеде сақтай алғанда, инфляцияны сәл ауыздықтаймыз, – деді Ысқақов.
ТҮЙІН: Кейде елдегі қымбатшылықтың жайлауына өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдардың көптігі себеп ретінде аталады. Саудагерлердің де бассыздығы болуы ғажап емес. Көктем басында доллардың теңгеге шаққандағы құны 500 теңгеден асқанда азық-түлік пен басқа да тауарлардың құны бірден шарықтады. Кейін доллар бағамы қайта тұрақтанды, бірақ тауарлардың бағасы қалпында қалды. Осындай бір мысалдар сауданы «халықтың барын соруға» айналдырғандай көрінеді. Ал инфляцияның жақын арада тұрақтана қоюына сену қиын.