Ақтауда «Тарих толқынындағы Маңғыстау» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Жиын еліміздің мәдени саясатының тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі 2020-2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылды. Конференцияның негізгі мақсаты – тарихи-мәдени мұраларды ғылыми зерттеу, сақтау және пайдалану, танымал ету.
Ғылыми конференция барысында түрлі археологиялық зерттеулер мен қорытындылар талқыланып, мәселе кең көлемде талқыланды. Екі күнге созылған конференцияға Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия, Италия мемлекетінен ғалымдар, ғылыми-зерттеу орталықтарының қызметкерлері және арнайы шақырылған мемлекет деңгейіндегi қоғам қайраткерлерi қатысты.
Жиынды ашқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев жиынның маңызын атап өтіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. «Тарихты түгендеп, бір ізге түсіру мақсатында өткізіліп жатқан бұл шараның орны ерекше. Тарих – өткенге сабақ, келешекке өнеге. Өткеніміз туралы дәйекті, дәлелді мәлімет беру – маңызды да жауапкершілікті жұмыс. Осы салада жасап жатқан ауқымды еңбектеріңізге табыс тілеймін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауға сапары барысында киелі Маңғыстауды «362 әулиенің мекені» деп бекер айтпаған. Маңғыстауды ашық аспан астындағы мұражай десек, артық айтқандық емес. Шежірелі аймақ ұлт тағдырына қатысты талай оқиғалардың куәсі болған. Жалпы, Маңғыстау көптеген киелі орындарымен әйгілі. Мұндағы бірегей нысандар дүниежүзінде де бірен-саран. Тарихи-мәдени қорықтар мен музейлерге де баса мән берген жөн. Аймақта көптеген тарихи кешен мен ескерткішке реставрациялау жұмыстары жүргізіліп, сәулет пішіндері қалпына келтіріліп жатыр», – деді Ұлықбек Тінәлиев.
Қазіргі таңда облыста республикалық маңызы бар ескерткіштер тізіміне жиырма нысан енгізілген. Олардың он алтысы тарихи кешен, қалғаны қала құрылысы сәулет кешені. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізімінде облыс бойынша барлығы 570 нысан бар.
Өз кезегінде сөз алған Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Пәния Сармурзина конференцияның негізгі мақсаты еліміздегі тарихи мәдени мұра, ескерткіштердің келелі мәселелерін қозғап, тиімді шешу жолдарын қарастыру екеніне тоқталып өтті. «Облыста тарихи мәдени мұраны сақтау, насихаттау, анықтау жұмыстарымен қатар, еліміздегі тарихи мәдени мұраға байланысты өзекті мәселелер осы жиында талқыланады. Конференцияға 25 ғалым арнайы шақырылды, сонымен қатар еліміздегі тарихи мәдени мұраны сақтау жөніндегі инспекциялар, мамандар, ғалымдар қатысты. Конференцияда алпысқа жуық қатысушы бар. Олардың ішінде Әзербайжан, Түркия, Өзбекстаннан, Ресейден, отандық ғалымдар бар. Конференцияда тарихи мәдени мұраны сақтау, насихаттау мәселелері бойынша арнайы қарар қабылданады, мәселелерді шешу жолдары айтылады», – деді П. Сармурзина.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы