«ҚазМұнайГаз» IPO-сы: Біз әрдайым ашықпыз
«ҚазМұнайГаз» IPO-сы: Біз әрдайым ашықпыз
526
оқылды
Елімізде IPO тақырыбы іс жүзіне аса бастады. Президенттің тапсырмасымен орындалып жатқан бастама десек те, компаниялардың өздерінің де бұған мүдделі екенін байқауға болады. Дәл қазіргі уақытта жыл соңына дейін нарыққа шығуға талаптанып жатқан жалғыз компания – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ. Бұған дейін хабарланғандай, 7 қарашада «Самұрық-Қазына» мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы алғаш рет жария түрде жай акцияларын IPO-ға шығатынын мәлімдеген болатын. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорының шешіміне сәйкес Ұлттық компания 5%-ға дейінгі үлесін сатуға ұсынбақ екен. Мұндай бәсекелес ортаға шығуға барлық алғышарт бар.
«Біздің компанияның соңғы бірнеше жылдағы өндірістік және қаржылық көр­сеткіштері тұрақты екенін атап өткім келеді. Былтыр «ҚазМұнайГаздың» мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 21,7 млн тоннаға жетті, көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі 18,9 млн тоннаны құрады. Қазіргі уақытта компанияның шоғырландырылған активтері 32 миллиард долларға тең, ак­ционерлік капитал 2022 жылдың 30 мау­сымындағы жағдай бойынша 19 миллиард доллардан асты. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, компанияның таза пайдасы 677 млрд теңге, яки 1 504 млн АҚШ доллары болды, ал бос ақша ағымы – 188 млрд теңге, яки 417 млн АҚШ доллары», – дейді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.
Сонымен қатар, компания болашақта акциялар құнының өсуіне себеп болатын бірегей жобаларға да ие. Компания қор­жынында қазірдің өзінде өндіру, тасымал және мұнай өңдеу бойынша әртараптан­дырылған және теңдестірілген мұнай-газ активтері бар. Олар барлауға да, өндіріске де қатысты.
«Теңіз кен орнында өндіруді қазіргі 27 млн тоннадан 40 млн тоннаға дейін, яғни 40%-ға ұлғайтуға мүмкіндік беретін Болашақ кеңейту жобасы, сондай-ақ Қашағанда өндірісті ұлғайту бойынша жобалар бар. Одан бөлек, биыл қыркүйек айында «ҚазМұнайГаз» компаниясы «Самұрық-Қазына» қорынан «ҚМГ Қашаған Б.В.» компаниясындағы 50% үлесін сатып алды. Ол Солтүстік Каспий жобасы (Қашаған жобасы) өнімін бөлу туралы келісімде 16,88% үлеске ие. Бұл – «ҚазМұнайГаздың» соңғы жылдардағы ең ірі мәмілелерінің бірі. Қашаған жобасындағы үлестің артуына байланысты ҚМГ-да шоғырландырылған өндіру, EBITDA, таза пайда мен активтердің көрсеткіштері де жақсарады», – дейді Басқарма төрағасы.
Компания өндірісін әртараптанды­рудағы ендігі бір маңызды бағыт – мұнай-газ химиясы. Өткен аптада, яки 8 қарашада қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға жететін зауыт іске қосылды. Полиэтилен және бутадиен шығаратын зауыттар салу да жоспарлануда. Естеріңізде болса, биыл 13 маусымда «ҚазМұнайГаз» компаниясы «Самұрық-Қазына» қорынан «Қазақстан Петрокемикал Индастриз Инк» ЖШС-ның (KPI Inc.) 49,5% үлесін сатып алған болатын. Осылайша, ҚМГ дайын полипропиленді сатудан түскен табыстың бір бөлігіне ие болмақ.
«Біз өз қызметімізде әрдайым ашықпыз. Сайтта жарияланған есептерде «ҚазМұнай­ Г­аз» туралы маңызды мәліметтер ұсынылған. Келесі аптада биылғы 9 айдағы қаржылық көрсеткіштерді жариялауды жоспарлап отырмыз. IPO арқылы біз барлық қазақ­стан­дықтың «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуға мүмкіндік алуын көздейміз. Әрі компа­ниямыздың инвесторлар үшін тартымды болуына, олардың инвестициялық порт­фелінде лайықты орын алуға бар күш-жі­герімізді саламыз. Компанияның 100% ак­циясы 5,1 трлн теңгеге бағаланды. Бұл бір жай акция үшін 8 406 теңгеден келеді деген сөз. IPO-да сатып алған акцияларды қай­талама нарықта сауда басталғанда бірден қайта сатуға болады. Акциялардың бағасы түрлі фак­торларға байланысты өзгеріп отыратынын ескеру керек», – дейді «Қаз­МұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағ­зұм Мырзағалиев.
Жалпы ұлттық компанияның IPO ак­цияларында халықтық сипат бар екенін атай кеткен жөн. Өйткені, институцоналды инвесторлар, яки қазақстандық және шет­елдік заңды тұлғалардан бөлек, басымдық жеке инвесторларға, яғни сіз бен біз секілді қарапайым азаматқа беріледі. Бұл ретте көп акцияның бір қолға шоғырлануына жол берілмейді. Акцияларды бірнеше жолмен сатып алуға болады. Атап айтқанда, бро­керлер және олардың мобильді қосым­шалары, бірқатар коммерциялық банктердің мобильді қосымшалары, AIX биржасының Tabys қосымшасы және Қазпошта бөлім­шелері арқылы.