Сондай-ақ келген қонақтар «Тұран» этнофольклорлық ансамблінің концерттік бағдарламасын тамашалады. «Алдағы уақытта да қаламыздың терең тарихы мен мәдениетімізді ұштастыра көрсететін осындай игі шараларды дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл іс-шара арқылы біз қаламыздың танымалдылығын арттырып әрі халыққа есте қаларлықтай әсер сыйлауды ниет еттік», – деді басқарма басшысы Е.Қыдыров. Голландия азаматы Рензе Костер фестивальға отбасымен бірге келіпті. Оның Шымкентте тұрып жатқанына төртінші жыл болған. Мектепте ұстаздық ететін ол қазақтардың салт-дәстүрі мен өнерін, мәдениетін тереңірек білгісі келеді. Ол осынау фестивальда, әсіресе қолөнер шеберлерінің бұйымдарына қатты қызыққанын жасырмады. «Қазақтың қолөнер бұйымдары ұнады, өте шебер жасалған заттар ерекше тамсандырады. Біз 4 баламызбен осында келгенбіз. Әр елдің салты басқа, біз қазақ мәдениетін үйренгіміз келеді», – дейді ол.Сән-салтанатты жиында киіз басу, домбыра жасау, бесікке салу, тұсаукесер, қыз ұзату сынды қазақтың салт-дәстүрлері келушілерге ұсынылып жатты. Шетелдік саяхатшылар мен қала тұрғындары осындай ұлттық салт-дәстүрлерге қанықты. Шымкент жайлы фото және кітаптар көрмесін қызықтады. Құрт, қымыз және көже секілді ұлттық тағамдардың қалай әзірленетінін көрді.
Шымкенттің туристік әлеуеті жыл санап артып келеді. Жалпы, бүгінде Шымкенттің тарихи, мәдени орындарына саяхаттау мақсатында түрлі туристік маршрут әзірленіп, олар жайлы ақпарат беретін гид-экскурсоводтар қызметі ұйымдастырылған және туристік автобустар жолға қойылған. Соңғы 9 айда экспресс көрсеткіш бойынша Шымкент қаласына 350 мыңға жуық адам турист келсе, оның 25 мыңнан астамы – шетелдіктер. Ұйымдастырушылар осындай іс-шараларды көптеп ұйымдастырудың арқасында шаһарға келушілердің санын 400 мыңға жеткіземіз деп отыр. «Шымкент бүгінде Араб елдері және түркітілдес елдермен байланысты нығайтуда. Мегаполисте Түркияның құрметті консулдығы жұмыс істейді. Келер айда Біріккен Араб Әмірлігінің бас консулдығы ашылмақ. Сондай-ақ биыл бұл мемлекеттерде Шымкенттің мәдениет күндері өтті», – дейді Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров.Ал Shym Qala этноауылы өткен жылы Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күні ашылған болатын. Үшінші мегаполистің мақтанышына айналған этноауыл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов қалаға келген қонақтарды ең алдымен осында алып келу керегін, Шымкенттің туризм әлеуетін жаңа белеске көтеретін кешен деп атаған болатын. Айта кетейік, алып кешенде екі негізгі туристік бағыт бар. Екеуі оңтүстік және шығыс қақпалардан басталады. Этноауылда ұлттық аспаптар, қолөнер бұйымдары, кілем-тоқыма бұйымдары шеберлеріне бөлінген киіз үйлері бар. Осылайша, әр киіз үйде қала тұрғындарына шеберлік сабағы өткізіледі. Мұнда бұдан бөлек, алып тайқазан, киіз үй үлгісіндегі концерт залы, қолөнершілер ауылы орналасқан.
Шымкент қаласы