«Бейбіт жиналыстар – тек азаматтардың өз белсенділігін паш етуінің бір қалыбы ғана. Көптеген елдің тәжірибесі сараланды. 250-ден асып кетсе, көліктердің жүрісін, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету қиындайтын болса керек. Сол себепті 250 деген сан алынды», – дейді Әлия Қайратқызы. Рас, бұл сан алда қайта қаралуы ықтимал.Kun онлайн-тұғырнамасындағы талқылау кезінде ондай орындар тізімін заңда бекіту туралы ұсыныс айтылды. Әйтпесе, заң жобасында қала орталығы деп нақты жазылмағасын, мәслихаттар орынды заң жүзінде емес, өз қалауынша белгілейді. «Барлығын бір заң аясында тәптіштеп жазып, реттеу мүмкін емес. Жергілікті атқарушы органдарға осы мәселеде еркіндік бергіміз келді. Жергілікті тұрғындарға бейбіт жиналу үшін қай жер ыңғайлы екенін солар біледі. Өйткені заңда елді мекеннің орталығы деп бекітсек, әр ауыл-қалада орталық әртүрлі. Аудан орталығында – орталық алаң болса, басқа жерде әлдебір ірі сауда орталығының жаны болуы мүмкін. Ендеше бұл мәселені жергілікті өзін-өзі басқару билігінің құзырына беруді дұрыс көрдік, – дейді Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы.
Қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаев бұл істегі мемлекеттің сақтығын түсінуге болатынын айтады: мемлекет пен оның құрылымдары заң жобасын әртүрлі төңкерістерден қорғанудың өзіндік бір құралы ретінде қарастырады.
«Егер ондаған мың наразы адам көшеге шеруге шықса, мемлекетте ешқандай да заң жұмыс істемей қалуы мүмкін. Оның мысалын әлемнің өзге елдері тәжірибесінен білеміз. Менің ойымша, заң жобасында шеру-демонстрацияға арқау етуге тыйым салынған тақырыптардың түбегейлі тізімін бекітуге тиіспіз. Мысалы, митинг арқылы ұлтаралық және дінаралық араздықты қоздыруға шектеу қойылсын. Бұдан бөлек, митинг барысы азаматтар қауіпсіздігіне және қоғамдық тәртіпке қатер төндіре бастаса, шиеленісті төмендету тетіктері де қарастырылуы қажет. Айталық, прокуратураға ескерту жасау құқығы берілуге немесе митинг-медиация институты енгізілуі тиіс. Жалпы, жиналыс-митинг өткізуге болатын емес, өткізуге болмайтын жерлер тізімі айқындалуы керек. Мысалы, АҚШ-та «тыныштық аймақтары» анықталған, яғни үкіметтік кварталдар, әкімшілік ғимарат және басқа нысандар алдында тіпті бейбіт жиналыс өткізуге тыйым салынады. Басқасында рұқсат. Бізде келісім тәртібін қарастыруға болады: төрелік комиссия өткізу орны мен күнін таңдауға көмектеседі. Стихиялы, бейберекет наразылық акцияларын реттеу ісін де сол комиссияға жүктеуге болады», – дейді Данияр Әшімбаев. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саяси ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайыров ақпарат және қоғамдық даму ведомствосының бұл қажетті құжатты қоғамдық талқылауға шығаруы құптарлық іс дейді. «Митингілер туралы заң әзірлеудің өзі – елдегі пікірлер плюрализмін және демократияны дамыту бағытындағы оң қадам. Бұл талқылауға әртүрлі қоғамдық-саяси топтар тартылуда. Жалпы, басқаның үнін өшіру, даттау әдістеріне қарсымын. Демократия, плюрализм, азаматтық еркіндік – менің де идеалым. Бірақ оған қадам-қадаммен, біртіндеп, эволюциялық тұрғыда жету керек деп есептеймін. Диалогта барлық тараптың көксегені оң қорытындыға, басқаша айтқанда халықаралық стандарттарға және ұлттық сұхбаттастықтың мақсатына сәйкес келетін жақсы құжаттың қабылдануы болса керек. Сол себепті заң жобасы ел Парламентіне енгізілгенге дейін барлық мүдделі күш өкілдері кіретін келісім комиссиясын құрған орынды. Сонда жаңа заң онсыз да күрделенген қоғамдық процестің ушығуына, қазақстандықтардың қырғи қабақ болуына емес, қайта қоғамның бірігуіне және ізгі мұраттар жолында топтаса түсуіне септеседі. Бұл мәселеде диалогтың барлық қатысушылары ақыл, қисын және прагматизмді басшылыққа алады деп үміттенемін», – дейді Ерлан Сайыров. Сарапшы Айдос Сарым бұл заңды қабылдау маңызды деп санайды. «Біріншіден, қоғам белсенділері Парламентпен ықпалдаса жұмыс істей білуі керек. Біз өзіміз мүше көптеген халықаралық ұйымдардың тәжірибесін ескергеніміз жөн. Екіншіден, 1995 жылы қабылданған қолданыстағы заңда қарсылық акциясы, бейбіт шеру және басқасының түр-түсі анықталмаған. Бір адам пикетке шықса да, жүз адам шеруге шықса да, ол митинг болып саналады, барлығына бірдей қарайды. Ал заң шығарушы органға жолданған ұсынысымызда бейбіт жиналыстың түр-түрін әдейі тіздік. Үшіншіден, жоба 250-ге дейін адам қатысатын наразылық шараларына әкімдіктің арнайы рұқсатын сұрау қажет емес деп отыр. Менің білуімше, Қазақстанда негізгі акцияларға қатысатын адамдардың саны осы 250-дің айналасы, көп аспайды. Ал енді үлкен шеру өткізу керек болса, әкімдікпен байланысқа түсу керек дегенді біз де құптаймыз. Қаптаған адам қатысатын шеруді не жергілікті полиция, не басқа меморган жақсылап регламенттеуі керек деп есептеймін. Өйткені көшені жапқан, өзге адамдардың құқығын бұзған дұрыс емес. Заңды талқылағанда осы жағына да мән беру керек, – дейді А.Сарым. Митинг, пикетке қатысу - азаматтардың өз ұстанымын білдірудегі заңды құқығы. Алайда осы құқықты қолдану барысында өзге де заңдарды, ортақ тәртіпті бұзбау да маңызды. Айхан ШӘРІП