Атырау – Астрахань тасжолы құрылысының республикалық маңызы зор екеніне ешкімнің таласы жоқ. Бір кездері Атырау – Астрахань автомобиль жолы Кавказ – Кеңес Үкіметі территориясының Еуропа бөлігі және Орталық Азияны байланыстырған стратегиялық мәнге ие транзиттік жол болды. Тіпті, ауыр жүк тасымалы үшін бұл жол өзіндік «Жібек жолы» рөлін атқарған еді. Бірақ уақыт өте келе маңызын жоғалтқан Атырау – Астрахань жолы нағыз ажал, апат ордасына айналды. Жылына жоқ дегенде 9-10 жол апаты тіркеліп, әп сәтте ондаған адамның өмірін жалмап кететін жолдың тағдырына талайлардың алаңдауы заңды. Жетпісінші жылдары салынғалы бері бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген жолға құрылыс басталғанда алғашқы болып қуанған – Атырау облысының, соның ішінде Құрманғазы тұрғындары болды. Қуанбағанда ше, әйтпесе, осы Құрманғазыдан Атырауға жетемін деп жолға шыққан талай жолаушылардың шұрық-тесік жолдың салдарынан апатқа ұшырап, өмірімен қоштасқандарының санында шек жоқ. Сонымен жол құрылысы қалай жүруде? Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында тұрған құрылыс қарқыны неге бәсеңсіп қалды? Саралап көрейік. Жалпы ұзындығы 217 шақырым болатын Атырау – Астрахань күрежолы 4 телімнен тұрады. Биыл Атырау – Астрахань күрежолының 61 шақырымына жаңа асфальт төселді. Қазіргі уақытта нысанда 450-ден астам арнайы техника жұмыс жасап, 583 маман еңбек етіп жатыр. Және бір атап өтерлігі, мамандардың 30%-ы – жергілікті тұрғындар. Жалпы қазіргі бұл күрежолдың 121 шақырымында асфальт төселіп, 110 шақырымында қозғалыс ашылды. Бірақ проблемалық мәселелер де бар. Соның ішінде, битум тапшылығы, өзге де құрылыс материалдарының жетіспеушілігі сынды мәселелер автожол құрылысының кешеуілдеуіне себеп болып отыр. Республикалық маңызы бар автожолдардың операторы болып бекітілген «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына жолыққанымызда, проблемалық мәселелер бойынша нақты шешімдер алынып жатқанын хабарлады. Мәселен, былтырғы жол-құрылыс маусымы аясында жол құрылысымен айналысатын компаниялар битум тапшылығына тап болды, былтыр битум бағасы тоннасына 250 мың теңгеге дейін шарықтады. «Биыл осы мәселені болдырмау үшін «ҚазАвтоЖол» жаңа механизмді енгізді, яғни қазір тұтынушылар (мердігерлер) битумды тікелей, еш алып-сатарларсыз тікелей өндіруші зауыттардан сатып алып жатыр. Осылайша, битум бағасын сметалық бағаға теңестіру мүмкін болды, бұл тоннасына 80-120 мың теңге арасында. Екіншіден, Атырау облысында тас карьерлері жоқ. Бұл – аймақ ерекшелігі. Тиісінше, құрылыс материалының барлығы тасымалданып отыр. Қиыршық тасты көрші аймақтардан тасымалдау үшін жартылай вагондар қажет. Уәкілетті органдармен бірлесіп, көршілес Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан қиыршық тасты тасымалдау үшін жартылай вагондарды жеткізу бойынша жұмыс жолға қойылды. Сонымен қатар вагондар Ресей Федерациясының аумағы арқылы өтуде. Бірақ кейде жүк вагондары арасында Ресей Федерациясының аумағында тасымалдау талаптарына сәйкес келмейтіндей де жағдай болады. Бұл материалдарды жеткізуге қосымша кедергілер тудырады. Алайда, биыл Қазақстан темір жолы компаниясымен жүргізілген келіссөздер аясында бұл мәселе оңынан шешіліп, ілгерілеу бар. Үшіншіден, жанар-жағармай тапшылығына орай жол-құрылыс техникасы қалды. Бірақ қазір жағдай тұрақтанды және мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ» деп нақтылады «ҚазАвтоЖол» компаниясындағылар. Әрине, бұл жақсы хабар. Бірақ 2023 жылы аяқталуы тиіс жол құрылысында қателіктер көп. Осыған байланысты пайдалануға берілетін мерзім кейінге шегеріліп отыр. Ал тұрғындар жол құрылысы кешеуілдемесе деп тілейді. Нұргүл Сәкенқызы Құрманғазы ауданының тумасы. Атырау қаласына тұрмысқа шыққан ол төркіндерін көру үшін соғысқа барғандай болатынын айтады.
«Жол бойы шашылып жатқан, аударылған көліктердің қаңқаларын көргенде, иманымызды үйіріп, үйге жеткенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Қалаға қаралу үшін келетін жүкті аналар үшін бұл жолмен жүру тура бір қылкөпір дерсің. Талай шаңырақты асыраушы азаматтарынан, көрер қызығы балаларынан айырған жол құрылысы тезірек аяқталып, пайдалануға берілсе, халық бір жасап қалар еді», – дейді Нұргүл Сәкенқызы.Одан бөлек, Құрманғазы ауданының көкке оранған, табиғаты сұлу өңір екенін де атап өтуіміз керек. Арнайы жабдықталып, жағдай жасалмаған демесең, Құрманғазының тұмса табиғаты Швейцариядан кем түспейді. Атырау–Астрахань жолы тезірек жөнделіп, жол пайдалануға берілетін болса, Құрманғазы ауданының екінші тынысы ашылады деген үміт бар. Жол бойына жолаушылар үшін салынатын хостел, шайхана, жанар май бекеттерінен бөлек, ауданның ірі туризм аймағына айналатын мүмкіндігі бар. Қазірдің өзінде Құрманғазы ауданындағы 12 елді мекеннің маңынан дәмханалар мен көлік жөндеу орталықтары үшін 40-қа тарта жер телімі берілгені белгілі болды. Ал Ақтөбе мен Атырау арасындағы жол бойынан Қызылқоға ауданының 32 кәсіпкері түрлі шайхана, қонақ үй, көлік жөндеу орталықтарының құрылысын бастап кетті. Одан бөлек, бұл жобаның еліміздің транзиттік әлеуетін арттырады. Бір ғана мысал, Атырау–Астрахань бағытындағы жол құрылысының созылуынан Ақтау порты мен Орта Азиядан тасымалданатын жүк тасымалы үлкен кедергілерге тап болып отыр. Жүргіншілер қазірдің өзінде Ресей арқылы Еуропаға шығу үшін 400 шақырым айналыс жасайды екен. Еліміздің батыс өңірін Ресей арқылы Еуропамен жалғайтын жол құрылысы қолданысқа берілсе, ел экономикасының «екінші тынысы» ашылғалы отыр.