Отыз жастағы астаналық дизайнер Жанғазы Сейдахмет ағаш шеберханаларынан шыққан қалдықтарға екінші өмір сыйлап, ұлттық нақыштағы заманауи картиналар жасайды. Одан бөлек, оюларды киімге, интерьерге, бұйымға арналған иллюстрацияларда сәтті пайдаланып, қазақи өрнектерге жаңаша дем беріп жүр.
– Қазақ оюларын диджиталдандыруды қашаннан бері қолға алдыңыз? Не түрткі болды? Бұған қандай дайындықпен келдіңіз?
– 2012 жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын «Дизайн» мамандығы бойынша тәмамдап шыққан соң жарнама агенттігінде графикалық дизайнер болып жұмыс істеген едім. Сол шақтары зергерлікпен айналысатын сыныптасымның жұмыстарын тамашалап, ою-өрнектерге қызығып жүретінмін. Өзім де ағаштан әшекей бұйымдар жасай бастадым. Бірде неге сол оюлардың детальдарын графикалық дизайнда пайдаланып көрмеске деген ой келді. Кейінірек, оюлар жайлы ізденіп жүріп, этнограф әрі дизайнер Ералы Оспанұлының «Қазақ ою-өрнектерінің атласы» атты кітабын оқыдым, сол еңбектен біраз мәлімет алдым. Бүгінде мен оюлардан графикалық композициялар құрастырамын, солайша ұлттық нақышты заманауи стильмен түрлендіруге тырысамын.
– Оюлардың элементін қолданып, дизайн жасауда түс қаншалықты маңызды?
– Өте маңызды дер едім. Кейде ою жақсы болғанымен, түстер үйлеспей тұрғандықтан, тартымсыз көрінеді. Түстен бөлек, композицияның да маңызын ұмытуға болмайды. Неге ұлттық нақыштағы бұйымдар онша өтімді болмай келді? Өйткені әлдебір затқа не киімге ою қондыра салса болды, «ұлттық өнім» болып шыға келеді деген қате түсінік бар. Ал шын мәнінде ол оюдағы түстер қаншалықты өзара үйлесіп тұр, ою әлгі бұйымның дұрыс жеріне қондырылды ма, көлемі тым үлкен, болмаса тым кішкентай болып кетпеді ме – осының бәріне мән беру керек. Ол сайып келгенде талғамға келіп тіреледі.
– Жақында домбыраның дизайнын заманауи стильде безендіріп көруді ұсынған едіңіз. Домбыра шеберлерінен ұсыныстар түсті ме?
– Иә, бір жас шебер хабарласып, мен жасаған дизайнды эксперимент ретінде пайдаланатын болып шешті. Сатылымға да шығып қалар. Кейбір ұлттық дүниелердің дәстүрлі түрін өзгертіп, жаңаша стильде жасап көрсек, онда тұрған еш әбестік жоқ деп ойлаймын. Біз бұйымның өзін өзгертпейміз, тек оның сыртқы түрін заманға сай әдемірек, қызығырақ етіп жасап көрсек қайтеді деген ойдан туған дүние еді бұл.
– Жұмыстарыңызды көріп отырып, киіз үй стиліндегі дизайндардың көп екенін байқадым. Әлеуметтік желідегі посттарыңыздың бірінде «Бұл бағытты өз стилім деп айтатын уақыт та келіп қалған сияқты» деп жазыпсыз. Мұндай дизайндарға кімдер тапсырыс береді?
– Шынында да, маған киіз үй пішіні қатты ұнайды әрі оны әртүрлі композицияда беруге де қолайлы. Бір картинамда киіз үйді майда ағаш детальдардан құрастырдым. Әлгі ағаш детальдарға дұрыстап мән беріп, қосып оқысаң, қазақтың мақал-мәтелдері шығады. Мен кейінірек марқұм суретші Ғани Ильяевтің жұмыстарымен таныстым, сөйтсем менің стилім сол кісінікіне келеді екен, сондықтан бұл бағытты «өз стилім» деп айтқаным дұрыс болмапты.
– Ағаш детальдардан картина, паннолар жасаймын деп қалдыңыз. Жұмыстарыңызды көріп шықтым, расында ерекше креативті көрінеді екен. Мұндай жұмыстар жасау идеясы қалай келді?
– Кездейсоқ келді десем де болады. Бағана ағаштан әшекейлеп жасадым деп айтып едім ғой. Сол кезде керексіз артық детальдарды, ою етіп ойылған ағаштардың сыртын тастауға обалсынып, жинап қоятынмын. Соны кәдеге асырмақ болып, бәрін біріктіріп, композиция жасап көріп едім, жап-жақсы дүние шықты. Сосын қаладағы ағаш шеберханалармен сөйлесіп, қалдық детальдарды маған беруін сұрадым. Бір шеберхананың өзінен бірнеше келі қалдық шығады. Соларды іріктеп, өзара үйлестіріп, бетін бояп, паннолар жасаймын. Әзірге жасаған ең үлкен картинама 4 мың ағаш деталь пайдаланыппын. Мұндай жұмыстарыма, әсіресе шетелдіктер көп қызығып, сатып алып жатады.
– Ерекше дүниелеріңіз көп болсын! Әңгімеңізге рақмет!