Бәсекеге төзбеген банктер жыл сайын қатардан сызылып жатыр. Таяуда елдегі 21 банктің төртеуі шығынға батқаны хабарланды. Соңғы бес жыл көлемінде банкротқа ұшырап немесе өзге қаржылық ұйыммен біріккен банктер көбейді. Мемлекеттің қолдауына қарамастан ілгері баса алмаған банктер әлдекімдердің баюдағы жолы дейтін сыбыстар да бар. Осындай жағдайдың қалыптасуына не себеп болды? Bereke-ден береке кетті Шыны керек, халық қазір жұмыс істеп тұрған 21 банктің әрі кетсе бес-алтауын ғана біледі. Қалғаны жай қатарды толтырып, аты аталмай жүргені бізді күдіктендіреді. 2019 жылдың басында елімізде 33 банк бар болатын. Содан бері 12 банктің есігіне құлып қойылып, 21-і қалды. Бұл дегеніңіз жыл сайын 3 банктің банкротқа ұшырайтынын аңғартады. Жақында finprom.kz елдің қаржы секторында 21 банк жұмыс істесе, соның төртеуі шығынға батып отырғанын жазды. Соның арасында биыл Үкімет «Бәйтерек» холдингі арқылы сатып алған Bereke Bank те бар. Тіпті, соңғы орында жүр. Ол – бұрынғы Сбербанктің еліміздегі заңды мұрагері екенін білеміз. Шығыны кірісінен 287,3 млрд теңгеге асып кеткен. Жалпы, қыркүйек айының қорытындысы бойынша, елдегі екінші деңгейлі банктердің жиынтық пайдасы 899,6 млрд теңгені құраған. Бұл сан бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 25,4 млрд теңгеге аз. Әзірге пайда көлемі жағынан Halyk Bank көш бастап тұр, 9 айда 400,6 млрд теңге пайда тапқан екен. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 70,2 млрд теңгеге артық. Ал Kaspi Bank екінші орында келеді. Биыл қыркүйек айының нәтижесінде 256,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 28,4 млрд теңгеге артық пайда тапқан. Үшінші орынды 127,2 млрд теңге табыспен ЦентрКредит Банкі иеленді. Бір қызығы, бір жыл бұрын осы кезеңде банктің табысы небәрі 10,7 млрд теңгені құраған екен. Енді банкроттыққа жақын банктерге келейік. Қазақстанда қалған жалғыз ресейлік еншілес ВТБ Банкі да 37,2 млрд теңгеге шығынға батып отыр. Сондай-ақ КЗИ Банкі (14,5 млрд теңге) және Заман-Банк Ислам банкі (591,6 млн теңге) шығынға ұшыраған. Бір қызығы, осыдан бір жыл бұрын бұл банктердің барлығы пайда тапқан. [caption id="attachment_228072" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Былтыр Moody’s Investors Service агенттігі алты жыл ішінде Ұлттық банк Қазақстандағы банктер санын 34 пайызға қысқартқанын жария етті. Экономист Мақсат Сералының айтуынша, 19 миллионнан астам халқы бар Қазақстан үшін елде екінші деңгейлі банктер саны көп. «Нарықта тек бәсекеге қабілетті банктер ғана қалуы керек, соның ішіне мемлекетпен қамтамасыз етілген банктер қалуы тиіс. Қазір банктер онлайн банкингке көшіп жатыр. Бұл тенденцияға ілесе алмағандар әлі де қысқара береді», – дейді маман. Оның үстіне, банктер халыққа тұтынушылық мақсатта берген несиелерінің біраз бөлігін қайтара алмауы да мәселеге ауыртпалық салған болуы мүмкін. 2017-2018 жылдары банк секторында көп өзгеріс болды. Бірқатар банк бірігіп, қайта құрылды. Мұндағы басты мақсат – проблемалық несиелерді жойып, банк секторын сауықтыру еді. Осыған байланысты көптеген банк қулыққа барып, проблемалық несие көлемін азайтып көрсетуге тырысты. Бірақ Ұлттық банк назарынан бұл қулық тыс қала алмады. Салдарынан көп банк қайта құрылды. Ал 2019 жылы Ұлттық банк өз реформасын талқыға салды. Бұл реформадан кейбір банктер, әсіресе несиелеуге келгенде бұрынғыдай оңды-солды әрекет ете алмайтын болды. Мәселен, екінші деңгейлі банк пен заң арасында бұрын нормативтік-пруденциалдық құжаттар жүретін. Несиелеу кезінде осы құжаттарға сүйенген банк өз қызметін қалтқысыз атқарып келген. Жаңа реформаға екінші деңгейлі банктердің қызметіне Ұлттық банк тікелей араласып, жіті қадағалайтын етіп тастады. Осылайша, Ұлттық банктің құзыреттілігі артты. Бұл бір жағынан дұрыс, өйткені шығынға батып, артық салмақ салып жүрген банктердің қысқарғаны да абзал. 10 банк те жетеді Рас, құлдыраған банктер өз ақшасы есебінен банктің қаржысын толықтырмайды. Екіншіден, таныс әрі акционерлермен байланысы бар тұлғаларға несие береді. Айналып келгенде, проблемалық несиеге тап болады. «Құн базалары мен типтері» бағалау стандарты бойынша клиенттерге капиталдың 10 пайыз мөлшерінде ғана несие беруге мүмкіндік бар. Кезінде көп банктер сол нормативті бұзған. Онымен қоймай, қайтарылмаған несиені мемлекет бюджеті есебінен, болмаса Ұлттық қордың көмегімен орнын толтыратын амалдарға барғаны жария. Коммерциялық банктерге беріліп жатқан көмек 2018 жылдың көктемінде қабылданған банк секторын сауықтыру бағдарламасына сәйкес жүзеге асты. Десе де, ақшаны игеру қатты қадағаланды. Ұлттық банк арнайы бағдарлама қабылдап, банк секторын сауықтыру арқылы біраз банкке көмек көрсеткені есте. Ол көмектің бәрі 15 жылдың ішінде қайтарылуы тиіс болған. Қаржыгер Ілияс Исаевтың сөзінше, мұндай үрдіс жалғасуы мүмкін.
«Банктердің бірігуі немесе банкротқа ұшырауына келсек, кезінде бізге «30 банктің керегі жоқ, 10 банкпен де Қазақстан экономикасын амалдаймыз» деген пікірлер айтылған. 2018 жылдан бастап банктердің капиталын ірілендіру ісін күшейту басталды. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Себебі біздің банктер ұсақ, капиталы төмен. Капиталы төмен банктер бәсекеге қабілетсіз. Егер банктің капиталы неғұрлым үлкен болса, пайыздық мөлшерлеме төмендейді. Екіншіден, банк экономикада кездесетін кейбір тәуекелдерге төтеп бере алады. Яғни, өзін-өзі сақтандыра алмақ. Үшіншіден, банкте жатқан халықтың депозитіне кепілдік болады. Сондықтан банк капиталының іріленуі қазіргі бәсекелестік жағдайда өте қажет», – дейді сарапшы.Шамасы, банктердің капиталын ірілендіру ісі әлі де жалғасуы керек тәрізді. Капиталы өте аз, тәуекелге қарсы тұра алмайтын қаржылық ұйымдардың лицензиясын қайтарып алған да жөнді әрекет. Қайткен күнде де, уақыт талабы осыған бағыттап отыр. Мәселен, шетелдерде кейбір банктердің капиталы еліміздегі 21 банктің капиталынан да артық болып жатады. Қазір халықтың банктерге деген сенімі азайғаны рас. Жұрт депозитке көп ақша салмайтын болды. Сондықтан банктер негізгі ақша табу көзінен айырылды. Есесіне халық ақшасын бизнеске, жылжымайтын мүлікке құюға асығып жүр. Яғни, банктер халық сенімін ақтай алмағандықтан, осындай қиындыққа тап болуы мүмкін. Сол үшін банктер бәсекеге қабілетті болу мен жаңа реформалар жасаудың жолын іздегені жөн іспетті.