Боттар: виртуал әлемнің жансыз жауынгерлері
Боттар: виртуал әлемнің жансыз жауынгерлері
317
оқылды
Заманауи әлемде әлдебір елде төңкеріс жасап, билікті ауыстыру үшін, не ішкі ісіне араласып, іріткі салу үшін қарулы күштердің, не арнайы қызметтердің сардарлары мен сар­баздарының басын ажалға бай­лау­дың, әскер кіргізудің қажеті де жоқ. Мұны мамандар жылы жер­де отырып-ақ жасай салады. Ол үшін боттарды жалдайды. Осы аптада Украинаның Қауіп­сіз­­дік қызметі ел аумағында бото­фер­ма­­лар желісін әшкерелеп, жаппай құ­рық­тау операциясын жүргізді. «Ар­­­найы қызмет анықтағанындай, атал­­ған телекоммуникациялық плат­фор­­­­­малар фейк аккаунттар мен қауым­дас­­тықтарды құру және ілгерілету үшін пайдаланылған. Жалпы алғанда, қыл­мыстық топтар 8 мыңнан астам бел­сенді аккаунт тіркеп, танымал әлеу­меттік желілерде Украинадағы жағ­дай туралы жалған ақпарат тарату­мен, наразылық көңіл күй тудырумен, халықты үрей­лен­діру­мен айналысқан» деп мәлім етті УҚК баспасөз орталығы. Кейін анықталғандай, ботофермалар сөз сапырумен шектелмепті: заңсыз қару-жарақ, жарылғыш заттар, есірткі тара­тылған көрінеді. Әлеуметтік желі­лер­дегі парақшалар ресейлік онлайн-сервистер көмегімен тіркелген. Виртуал­ды мобильді нөмір қызметтерін де солар ұсыныпты. «Құрал-жабдықтың бір бөлігін қа­рау ниеттілер заңсыз «Феникс» және «ЛугаКий» операторларының телефон трафигін өткізу үшін қолданды. Бұл заң­сыз операторлар уақытша бақылаусыз ай­мақтарда, сонда қалған отандық опе­раторлар желісінде жұмыс істейді. Оның қызметіне «ЛНР» және «ДНР» деген ата­уы бар заңсыз қарулы құрылым­дар­­дың жетекшілері жүгінеді», – дейді Ук­раина құқық қорғау органдары. Бұл істе «Ресейлік із» табылғанымен, бұған Ресей айыпты деп айтуға әзір ерте. Бүгінде осы заңсыз қызметке бұл елдің арнайы және барлау органдары қызметінің қатысы тексерілуде. Бұл, әрине алғашқы ботоферма емес. 2019 жылдың күзінде Радаға сай­лау кезінде Анатолий Гриценко мен оның «Гражданская позиция» пар­тиясына және Святослав Вакарчук пен оның «Голос» партиясына қызмет еткен осын­дай кәсіпорын жұмысы әшкере бол­ды. «Слидство.Инфо» журналисі Ва­силий Бидун 1,5 ай бойы соның бірін­де жұмыс істеп, бар сырын біліп алған. Нә­ти­жесінде, «Мен – бот­пын» тер­геу фильмі өмірге жолдама алды. Бото­ферма қызметкерлерін Pragmatico PR агенттігі «астаналық PR агент­тікте копирайтер маманы» ретінде қа­­был­даған. Айлығы – небәрі 9 000 гри­вен ($365). Қызметкер тех­ни­калық тапсырманы және әдіс­те­мені Telegram мессенджері ар­қы­лы алып отырған. Жұрт бот екенін біліп қой­мауы үшін қулық жасалған: жұ­мыс­­кер қарсылас кандидатты бір күн­де қал­пымен қара­лап даттаса, ертесі­не жақ­сы жағын айтып, мақтап қоюға тиіс болыпты. Осыдан кейін VoxUkraine сарапта­ма­лық тұғырнамасымен бірлесіп, тәуелсіз сарапшылар украиналық ең танымал сая­саткерлердің Facebook парақ­ша­ла­рында 12 миллион комментарийге талдау жүргізеді. Сонда оның әрбір үшіншісін бот қалдырғаны мәлім болды. Фейк пікірлердің көбі Украина президенті Владимир Зеленскийдің парақшасына тиесілі: оның жартысы оны мақтаған. Петр Порошенко парақшасында да ұқсас жағдай. «Facebook-ті пайдаланасыз ба? Онда аккаунттан пайда тап. Бұл Facebook па­рақшалары арқылы табыс тап­қысы келетін адамдарға арналған. Біз жар­нама агенттігіміз және бізге жар­­на­ма­лық аккаунттар керек» деген ха­бар­лан­дыруды ғаламтордан кездес­ті­ру­ге болады. «Бұл ретте азаматқа тіпті пікір жазу да қажет емес. Тек бот емесін дәлел­деу үшін күн сайын өз парақшасын жүр­­гізіп, өз өміріне қатысты пост, фото, видео жүктеп отырса болды. Ак­каунт­ты жалға алған «агенттік» сіздің аты­ңыздан өзі комментарий жазумен айна­лысады. Бірақ аккаунтыңыз кейін әлдебір елдегі президентті орын­та­ғы­нан тайдыруға, қылмыстық істер­­ге қол­да­ныл­майтынына ешкім кепіл­дік бер­мейді, деп ескертеді кибер­қауіп­сіз­дік сарап­шысы Егор Папышев. Оның түсіндіруінше, ботоферма­лар­дың өздері де мыңдаған аккаунт тіркеп, посттар жазады, репост жасап, өзгелерге лайк та қояды, басқа аккаунттарға шағым­данады, қауымдастықтарға кіре­ді, төл профильдеріндегі ақпаратты жаңартып отырады. Жалған және шынайы боттар АҚШ-тағы 2016 жылғы сайлауға ықпал ет­кені (Russiagate) туралы айтыл­ды. Төл зерттеуін жүргізген Twitter әкім­ші­л­ігі 2018 жылғы қазанда «Троль­дер фаб­рикасы» аталған Ресейдің ин­тер­­нет-зерттеулер агенттігі (IRA) Twitter-і­нің то­лық архивін тауып, оның 297 гб-тық бар жазбасын ғаламторға ор­на­­ластырды. Айтқандай, зерттеу кезін­де Иранның сайлауға араласқан 770 аккаунты да әшкереленді. Әйтсе де, Хиллари Клинтонға жала жабушы аккаунттың басым көпшілігі, яғни 3841-і Ре­­сей еншісінде. IRA архиві 10 миллион туит­­тен, 2 миллион масқаралаушы сурет, гиф, фото және видеодан тұрады. Twitter түсіндіргендей, пайдалану­шы­лар арасында кең танымал болған тэгтер автоматты түрде «Өзекті тақы­рып­­тар» бөліміне түседі: «Сонда оны тіпті бұл тақырыпқа қызығушылық таныт­пайтын пайдаланушылар да кө­ре­тін болады. Осылайша, тақырып Twitter-дің топ-тақырыптарына шыға­рыл­­ған». Ұйымдасқан ақпараттық шабуыл бары­сын­да бір тэгпен 20 мың­нан астам жаз­ба қалдырылатын болған. АҚШ президенттік додасы бары­сында Facebook-ке «трольдер фабри­касы» 100 мың долларға жарнама бер­г­е­ні де жарияланды. Бот шабуылы Ұлыбри­та­нияның Еуроодақтан бөлінуіне қа­тыс­­ты референдум кезінде де жүзеге асы­­рылғаны және «Брекситке» әсер еткені де мәлімделді. Global Bot Traffic Report баяндама­сы­на жүгінсек, 2015 жылдың өзінде жаһан­дық бүкіл интернет-трафиктің жар­ты­­сына жуығын боттар түзе бастаған. Адам­­дардың үлесі – 51,5%. 19,5% – адам­­­дарға қызмет ететін «жақсы бот­тар», 29% – қаралау қарекеттерге пайдала­ны­ла­тын «жаман боттар». Қазіргі кезде жасанды түрде қоғам­дық пікір туғызу технологиясын «ас­тро­тур­финг» деп атайды. Бұл құбылыс тіпті қоғамдық пікірдің жалған лидерлерін («жасанды ықпал агенттерін») алға шы­ғарады, солардың аузына сөз салу арқы­лы билік құрылым­дары­ның беде­лін түсіреді, ақыры ел үшін мүлдем басқа күн тәртібі қалыптастырылады. Әлеуметтік желіде танымал болған ой-пікірлерді ізінше дәстүрлі БАҚ іліп әкететіндіктен, ол тақырып ресми саяси айтыс аренасы төрінен орын алады. Сөйтіп, интернеттегі жасанды боттар шынайы өмірге билік жүргізіп отыр. Осы арада әлеуметтік желідегі атмосфераға, лайкқа, посттарға саяси тәуелділіктің тәуекелі жоғары екенін ескерген жөн.   Айхан ШӘРІП