Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының бас хатшысы Чжан Мин Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауынан алған әсері жайлы айтты. ШЫҰ бас хатшысы бүгінгі сайлаудан үш негізгі мәселені байқаған.
«Алғашқы әсерім – сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бүкіл учаскелерде байқаушылардан да, комиссия мүшелерінен де «заңсыздық тіркелді ме?» деп сұрадым. Бәрі «жоқ» деп жауап берді. Бір комиссия мүшесі осыған дейін учаскелерде тәртіпсіздік болуы мүмкін деп ойлағанын, бірақ бәрі тыныш болғанын айтты. Екінші бір әсерім – комиссия мүшелері де, байқаушылар да бұл іске айрықша жауапкершілікпен қарайды. Сайлау учаскелерін кеше аралап бастағанбыз. Кеше «тыныштық күні» болды. Бүкіл учаскелер ұйымдасқан түрде жұмыс істеп тұрды. Бүгін мен барған сайлау учаскелерінің бәрінде өкілдер өздерін кәсіби ұстады. Дауыс берушілерді тіркеу процедурасын бақылап көрдім. Тіркеу жеке басты куәландыратын құжатты көрсетуден басталады екен. Кейін оны құжат бойынша тізімнен іздеді. Осыдан кейін учаскедегі қызметкер дауыс беру бюллетенін беріп, ол оның аяқ жағына қол қойды. Осының бәрін байқаушылардың бәрі жіті қадағалап отырды. Түрлі сайлау учаскелерінде байқаушылардың саны әртүрлі болды. Бірақ бәрі өз орнында отырды», – деді Чжан Мин.Оның пайымынша, қазақстандықтардың сайлауға белсенді қатысуы – олардың ел болашағына сенімі зор екенін көрсетеді.
«Үшінші байқағаным – дауыс берушілер белсенділік танытты. Ақмола облысында сағат 11:00-ге дейін сайлаушылардың 60 пайызға жуығы дауыс беріп қойды. Астана қаласының кей учаскелерінде бірқатар сайлаушылардың жасқа толмаған баласын көтеріп келгенін көрдім. Олар балаларына сайлау процесін бастан-аяқ көрсетіп жүрді. Балаларын осы процесті бірге атқаруға шақырып жатты. Яғни, тұрғындар балаларын жауапты азамат етіп тәрбиелегісі келеді. Менің ойымша, олардың отбасымен келуі өз отанының болашағына деген сенімін көрсетеді. Бұл – менің байқау кезінде алған әсерім. Менің әріптестерім сайлау күнінің соңына дейін, сағат 20:00-ге дейін учаскелерде байқау жүргізеді», – деді Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының бас хатшысы.