Айтақын ақын арызын оңашада айтпақ
Айтақын ақын арызын оңашада айтпақ
350
оқылды
Алматы облысы әкімінің биылғы есебі де жылдағыдай жаттандылау болды. Жетістіктерді желпіне айтқан Баталов кемшін тұстарды көп жарияламады. Дегенмен өңірде өрлеу бар екенін мойындаған жөн. Облыс басшысының ай­туын­­ша, өткен жылы өңірлік өнім 4,5 па­йызға өсіп, үш трил­лион тең­ге­­ден асыпты. Ауыл ша­руа­шы­лы­­ғы өнімінің кө­ле­­мі 852 млрд тең­геге жеткен. Мың­­да­ған жұмыс ор­ны құрылып, мем­лекеттік бюд­жет­ке түсім кө­бей­ген. Күре­жол­дар жөнделуде. Аман­дық болса, Талдықорған – Өскемен, Үш­а­рал – Достық, Күрті – Бурыл­бай­­­тал, Ұзы­н­ағаш – Отар сынды мем­ле­кет­тік, халықаралық маңы­зы бар трас­салар толығымен пай­да­ла­ну­ға берілетін кез де жа­қын­дап қалды. Тұрғындарының 80 пайызы ауыл­дық жерде тұратын облыста алыстағы елді мекендерді да­мытуға зор көңіл бөлінуде. Ау­ру­ханалар мен мектептер, спорт нысандары са­­лынуда. Соған қара­мас­тан, үш ауы­сымды оқытудан құты­луға әлі бірнеше жыл ке­рек сияқты. Өйткені Жетісу же­рін­де ішкі көші-қон мен демо­гра­фия­лық өсім қарқынды. Әкім баян­дамасында бұдан басқа да біраз жаңалық пен жақсылық қам­тылды. Қарапайым халықтан жүзі та­ныс шенеуніктері көп залда отыр­ғандар арасынан сұрақ қоюға ке­­зекке тұрғандар көп болды. Алыс­тағы Арыстан ат арылтып жеткен, жер­лестерінің сәлемін әкелген Роза Әбдіраманова жарылыстан қираған қаланы қалпына келтіруде өздеріне жүктелген міндетті мерзімінде әрі сапалы орындаған жетісулықтарға, оларды ортақ іске ұйыстыра білген облыс басшысына алғысын айтты. Осы тұста журналист Қозыбай Құрманның былтыр дәл осы дра­ма театрда өткен есеп беруде кө­терген мәселелердің сол бойы қоз­ғаусыз қалғанын жайып салға­нын да айта кеткен жөн. Жур­на­лист Қаратал ау­данындағы Тас­тө­бе ауылына апа­ратын он бес ша­қырымдық жол­дың жағдайы на­шарлығын, осын­дағы 1,5 шақы­рым­­дық бө­лік­­тің Қаратал мен Көксу ау­­да­ны­ның қайсысына тиесілі еке­ні анықталмағандықтан мүлде қа­рау­­­сыз қалғаны былтыр айтылып, облыс әкімі сол кезде жауапты тұлғаларға тапсырма бергенімен, әлі күнге ештеңе шешілмегенін жет­­­кізді. Сонымен бірге өткен жыл­­ғы есепте жетісулық жампоз ақын Жұматай Жақыпбаевтың 75 жыл­дығына орай Талдықорғаннан кө­ше атауын беру, мерейтойлық ша­ра­лар ұйымдастыру туралы ті­лек­тің де тарс ұмытылғанын орта­ға салды. Баталов сол жерде екі ауданның әкімін, өзінің орынбасарын және тағы да басқа жауапты тұлғаларды орын­дарынан тұрғызып, біраз сіл­кі­леп алды. Оның нәтижесін келер жылы көреміз. Ақтаңгер айтыскер ақын Ай­тақын Бұлғақов облыстық идео­ло­гия саласының жұмысы мүлде сын кө­термейтінін ашық айтты. – Билік халыққа мейлінше жа­­қын болуы керек. Бұл жайында Ел­­басы да, Президент те айтудан кен­­де емес. Өкінішке қарай, біз­дің өңірдің идеологиясында, мәде­ни­е­ті мен руханиятында қор­да­­лан­ған проблема баршылық. Соны тиіс­ті тұлғаларға жеткізейін де­сең, олар жүре тыңдайды, нәти­же шы­ғармайды. Сіздің қа­был­дауы­ңызға кіру қарапайым халық түгіл, біздерге де оңай емес. Ма­ңайы­ңыз­дағылар жолатпауға тырысады. Айтарымды осы жерде жария ете­йін бе, әлде жеке жолығайын ба? – деп сауалын тікесінен қойған ақын көп­­шілік алдында артық нәр­се­лер ай­тып қояды деді ме, облыс әкі­мі Ай­­тақынды дүйсенбі күні қабыл­дай­тын болды. Есептік жиын барысында ары­зын жеткізе алмаған Талдықор­ған қаласының тұрғыны Ляззат Құдай­берген облыс әкімімен жиыннан соң жолықты. – Мен сізге өткен жылы қара­ша­­да өтінішпен кіріп, ата-анамнан қалған пәтердің құжатын реттей алмай жүргеніме жиырма жылдан асқанын айтқан едім. Сол кезде сіз қала әкімінің орынбасары Асхат Мей­рамғалиұлына тапсырма бер­ген­сіз. Содан бері жарты жыл­ға жуық уақыт өтсе де, мәселе ше­шіл­ген жоқ. Ол үй базада жоқ. Әркім өз бетін­ше кіріп алған. Мен ол жерде тіркеуде тұрмын. Енді кімге, қайда барарымды білмеймін, – деді төрт баланың анасы. Амандық Баталов Талдықорған қа­ласы әкімінің орынбасарын ша­­қырып, тапсырманы дер кезін­де оры­ндамаған шенеунікке арыз жа­зып, жұмыстан кетуді ұсын­ды. Облыс басшысының бұл қа­да­­мын біреу дұрыс, біреу бұ­рыс кө­­рер. Осының алдында қала­лық тұр­ғын үй-коммуналдық ша­руа­шы­­лық бөлімінде былық-шы­лық кө­бін, осыдан он шақты жыл бұ­рын салынып, пайдалануға бе­ріл­ген көпқабатты үйлердегі тұр­­ғындардың баспана құжаттары әлі реттелмегенін жазған едік. Мі­не, сол асқынып, алдан шықты. Жиыр­­ма бір жыл шешілмеген мә­се­ленің күрмеуін тарқатпадың деп тағайындалғанына жыл да тол­ма­ған орынбасарды орнынан босату да ақылға сыймайтындай.   Болат АБАҒАН, Алматы облысы