«Астана Операның» жұлдызды құрамы Алматыда өнер көрсетеді
«Астана Операның» жұлдызды құрамы Алматыда өнер көрсетеді
489
оқылды
Музыка табынушылары да, әртістер де асыға күткен «Астана Операның» Алматыға гастролі 8-10 желтоқсан аралығында өтеді. Мүлде екі түрлі бағдарлама – Гала-концерт пен Дж.Вердидің «Реквиемі» оңтүстік астананың үздік алаңдарында ұсынылады. Атақты солистер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігінде театрдың хоры және симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетеді.  Гастроль – театрдың шығармашылық қызметінің ажырамас бөлігі. Шетелдегі өнер көрсетулермен қатар, «Астана Опера» балет труппасы жуырда Мәскеуде Кремль сарайы  сахнасында өнерін паш етті, ал желтоқсанның ортасында Баку мен Минскіге сапарлар жоспарлануда. Әртістер өз өнерлерін отандастарымен қуана бөлісуде. – Алматылық көпшілікпен кездесу – әрдайым айтулы оқиға және игі дәстүр. Мұнда өнер көрсететін мүмкіндікті әркез асыға күтеміз, – деді «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров. – Алматы – шығармашыл адамдар үшін айрықша орын. Біріншіден, бұл қалада сүйікті орындаушыларымен кездесуді тағатсыздана күтетін біздің адал жанкүйерлеріміз бар. Екіншіден, Алматы – бұл дарындылардың шеберханасы, сонда оқыған біздің көптеген әріптестеріміз үшін ол alma mater болған, сондықтан жастық шақ қаласына кезекті рет бару – барлығы үшін үлкен қуаныш. Астана Опера Биылғы дәстүрлі желтоқсан турының ерекшелігі – өнер көрсетулер бір емес, екі сахнада өтеді, олар Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерттік залы мен Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясы. – «Астана Операның» алматылық жанкүйерлері бізді Абай атындағы опера театрында көруге үйреніп қалған. Алайда бұл жолы біз өз өнерімізді жаңа алаңдарда паш етеміз деп шештік. Алматыдағы өнер көрсетуімізге опера музыкасын бағалайтын жандарды қуана шақырамыз, – деп атап өтті Ғалым Ахмедьяров. 8 желтоқсанда Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі концерттік залының сахнасында көрермендерге симфониялық шығармалардан, отандық және әлемдік опера нөмірлерінен құрылған керемет гала-концерт ұсынылады. Классикалық музыканы бағалайтын жандар А.Серкебаевтың «Арнау» симфониялық күйін, Т.Мұхамеджановтың «Туған жерін», В.А.Моцарттың «Сиқырлы флейта» операсынан Түн патшайымының ариясын тыңдай алады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Салтанат Ахметова, Бибігүл Жанұзақ, Медет Чотабаев, сондай-ақ Татьяна Вицинская, Салтанат Мұратбекова, Галина Чеплакова, Саян Исин, Талғат Ғалеев, Шыңғыс Расылхан, Гүлдана Алдадосова жеке және дуэт болып өнер көрсетеді. Бағдарламада В.А.Моцарт, Дж.Верди, Дж.Пуччини, В.Беллини, Ж.Бизе, И.Кальман, А.Дворжак, Е.Брусиловский, Т.Мұхамеджановтың және басқа да композиторлардың туындылары шырқалады. 10 желтоқсанда Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында солистер, «Астана Опера» мен Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының бірлескен хоры, және «Астана Опера» симфониялық оркестрінің орындауында Абзал Мұхитдиннің жетекшілігінде әлемдік классика өнерінің фантастикалық күшке ие ең ұлы туындыларының бірі – Джузеппе Вердидің «Реквиемі» ұсынылады. Хормейстерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ержан Дәуітов пен Бейімбет Демеуов. Музыкалық туынды барлық қатысушылардан жоғары орындаушылық өнер деңгейін талап етеді. «Реквиемге» ария, дуэт, терцет, квартет, ансамбльдер енген. Хор мен оркестр, әлбетте, маңызды рөл атқарады. Қатысушы адамдардың өзара әрекеттестігі осынау данышпандық шығарманың қайталанбас рухын туғызады. Италиялық композитордың мәңгілік туындысының әрбір орындалуы айтулы музыкалық оқиға саналады, оның куәгері ұмытылмас әсер алады.