Бірінші оқылымда депутаттар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын, сондай-ақ оның «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді қарау ұсынылады. Құжаттар Мемлекет басшысының биылғы жылғы 17 наурызда жаңа Конституцияның қабылдануына орай кешенді қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жасау туралы тапсырмасын орындау үшін әзірленді. Заң жобалары қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге, сондай-ақ әкімшілік әділет шеңберінде халықтың борыштық жүктемесін азайтуға бағытталған. Бұл ретте қылмыстық рақымшылық жасау әрекетін қолданбау ұсынылатын қылмыстардың тізбесі айқындалды. Рақымшылық жасау туралы түпкілікті шешімді сот әрбір сотталған адамға қатысты жеке қабылдайды.
Бұдан бөлек, депутаттар селекция және асылдандыру жұмыстарын жетілдіруге, араларды қорғау мен көбейту үшін жағдай жасауға, сондай-ақ ара шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға бағытталған ара шаруашылығы мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылайды.
Салалық комитет қорытынды дайындау үшін Қазақстан мен Өзбекстан Үкіметтері арасындағы екі елдің кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісімді жұмысқа қабылдайды.
