Үкімет үйінен үкілеп жіберген Жамбыл облысының жаңа әкімі Бердібек Сапарбаев сәрсенбінің сәтті күні ел алдында есеп берді. Бір күн бұрын өткен облыстық қоғамдық кеңесте «Менің келгенім кеше ғана, сондықтан алдарыңызда есеп беруге құқығым жоқ» деп қысылған әкім бұл жолы қара халықты көріп арқаланды ма, әйтеуір ағынан ақтарылып, көсіліп сөйледі.
Баяндамасын облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовтің ерен еңбегін бағалаудан бастаған Бердібек Машбекұлы есепті жиын аяқталғанша аймақтың экс-әкімін естен бір шығармады. Алда атқарылар жұмыстар мен түйіні тарқамаған түйткілдерді сөз еткенде «Маған Асқар Исабекұлы бұл жайында айтқан» деп түйіндеп отырды. Тіпті жарыссөзге шыққандар бұрынғы әкімді мақтап, көкке көтеріп жатқанда «Сәлемдемеңізді Мырзахметовке өзім жеткіземін» деп мейірлене түсті. Әрине, талай жыл бір салада еңбек еткен әріптестер арасында мұндай берік байланыс болғаны дұрыс. Мұны қара халық та бағалап, Мырзахметовтің есімі аталған тұста қол соғып, қошемет көрсетіп отырды.
Әкім есебінде елді елең еткізердей еш жаңалық айтқан жоқ. «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан күтеріміз көп деген сыңайдағы баяндама жасап шықты. Ұққанымыз – былтыр барлық бағытта тиянақты жұмыстар атқарылған, биыл сол тірлікті жалғастыру ғана қалып тұр. Және ескі жобалар ескірмейді. Мырзахметов «мөр» басып, таңбасын қалдырған барлық бастама жалғасын табады. Сондықтан биыл өңірде ауыз толтырып айтарлықтай өзгеріс бола қоймайтындай. Бірақ кадрға қатысты ауыс-түйістер болатыны анық. Бұған дейін облыстық прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өңірлік департаменті, облыстық полиция департаментінің бастықтары ауысып үлгерсе, осы аптада бос тұрған облыс әкімінің орынбасары қызметіне Ержан Жылқыбаев жайғасты. Осыған қатысты тұрғындар арасында түрлі пікір айтылды. Мәселен, өңір тұрғыны Дариға Досанова: «Мырзахметов әкім болған тұста Жамбылға шымкенттіктер ағылды деп шырыл қаққан болсақ, қазір сіз айналаңызды бұрын өзіңіз әкім болған өңірлер мен министрлікте бірге қызмет істеген адамдармен толтырудасыз. Сонда Жамбылда сол қызметке лайықты азаматтардың болмағаны ма?» деп ішкі назын жеткізді. Бұл сауал облыс әкімінің шамына тигені анық байқалды. Бердібек Машбекұлы: «Әркім әр жерде жұмыс істеуге құқылы. Басқа өңірде тудым екен деп, сонда ғана қызмет етуім керек пе? Облыстың кадрларының қызметте қалу, қалмауы өздеріне байланысты. Егер сапалы жұмыс көрсетсе, ешкім оларға тимейді. Бұл мәселе аудан әкімдеріне де қатысты. Жақында олардың есептерін елмен бірге қайта тыңдаймын. Егер халық ол әкімнің жұмысына көңілі толмаса, оларға да қатаң шара қолданылады» деп әкім сөзіне зіл түсірді.
Бұдан кейін жиынның шырқын диқандар бұзды. Еңбек адамдары Меркі қант зауытынан ала алмай жүрген ақшаларын айтып, облыс әкімінің жеке қабылдауына сұранғанымен, Бердібек Сапарбаев оларды сенбі күні ғана қабылдай алатынын айтты. Бірақ бұл уәде шаруаларды қанағаттандыра алмады. Есепті жиын біткеннен кейін есік аузынан аймақ басшысын күтіп алған көпшілік өз шағымдарын жеткізді. Зауыт басшылығы біріне 2 миллион теңге қарыз болса, енді екіншісіне 8 миллион теңгеге дейін берешегі бар екен. Бұған Бердібек Машбекұлы кәсіпорынның қарызын зауыттың өзі төлеуі керек екенін айтып, бұл мәселеге қатысты нақты жауабын сенбі күні беретінін жеткізді.
Саятхан САТЫЛҒАН,Жамбыл облысы