Қазақстандық университеттерде академиялық адалдық қағидаларын бұзу фактілері қаншалықты жиі кездеседі? Бұған жол берген студенттерге қандай жаза тағайындалған? Көшіргені үшін оқудан шығып кету қаупі болса да, неліктен мұндай амалдар әлі тиімді болмай келеді? Осы жөнінде аз-кем сараптап көрген едік...
Әуелі, академиялық адалдықты бұзатын фактілерге не жататынын тізіп шығайық. Көпшілігіміз оның мысалы ретінде көшірмені ғана білеміз, алайда ғылымда адал болу принципінің ауқымы әлдеқайда үлкен. Көшірмеден бастайық. Бұған сөзбе-сөз көшіріп алудан бөлек, әлдебір тұжырымды (мейлі, оны өз сөзіңізбен жазсаңыз да) авторсыз көрсету де жатады. Өзіңіз бұрын жазған жұмысты немесе соның бір бөлігін жаңа жұмыс ретінде қолдану да – плагиаттың бір түрі (автоплагиат). Деректерді фальсификациялаудан да сақ болыңыз. Бұл дегеніміз – бөтен мәтіннің мағынасын бұрмалап беру, манипуляциялау немесе әлдекім айтпаған ақпаратты айтты деп жазу. Сондай-ақ, емтихан, куиз кезінде алаяқтыққа жол беру (көмектесу, көшіру), гострайтинг (ghostwriting – басқа біреуге жаздырту), тапсырманы уақытылы орындамаған жағдайда жалған ақталу да студенттің академиялық адалдық қағидаларын бұзғаны болып есептеледі.
Қанша студент ереже бұзды?
Қазақстандық ЖОО-лар ереже бұзушылықтың деңгейіне қарай, студент жұмысының бағасын жоюдан бастап, оны оқудан шығаруға дейін жаза қолданады.
– Университетіміздің әрбір факультетінде әдеп жөніндегі комитеттер жұмыс істейді. Олар орташа есеппен бір жылда академиялық адалдық қағидаларын бұзу бойынша 120-дан аса істі қарайды. Ереже бұзушылықтың басым бөлігі емтихан кезінде болады: студенттер шпаргалка алып кіруге немесе смартфон қолдануға тырысады. Ереже бұзушылықтың мұндай түрі үшін көбіне студент жұмысының бағасы жойылып, сөгіс беріледі. Яғни студент әлгі пәнді қайтадан оқуы тиіс. Сондай-ақ соңғы жылдары гострайтинг фактілері де жиілеп кетті, мұндай жағдайда студенттер өзге біреуден жазба жұмысын сатып алып, өз жұмысы етіп көрсеткісі келеді. Былтыр мұндай 21 дерек тіркелді: барлық студент оқудан шығарылды, өйткені бұл – академиялық адалдық қағидасын өрескел бұзу. Одан бөлек, негізделмеген академиялық басымдық алу үшін жалған құжат жасатқан 3 студент анықталды, оларды да оқудан шығару туралы шешім қабылданды, – дейді М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің провосты Сергей Пен.
Ал Сулейман Демирель атындағы университтінің академиялық істер жөніндегі проректоры Андрей Бонданчиковтің айтуынша, аталмыш оқу ордасында академиялық адалдық қағидаларын бұзу фактілерінің арасында емтихан кезінде тапсырмалар жауабын көшіріп алу фактілері жиі кездеседі екен.
– 2019-2022 жылдар аралығында университетте оқу процесіне қатысты ережелерді бұзғаны үшін 235 студентке шара қолданылды. Академиялық адалдық ережесін сақтамаған студенттерге пән бойынша «AW» (Academic Withdrawal) бағасы қойылады. Студент 3 мәрте AW алса, оқудан шығарылады. Бірақ ондай фактілер болған жоқ, – дейді СДУ проректоры.
Ел аузында ең «қатал» ЖОО-лардың бірі саналатын Назарбаев университетінде оқудан шығарылғандар саны сондай көп емес екен.
– НУ студенттерінің мінез-құлық кодексіне сәйкес, ереже бұзушылықтың А, В және С атты үш категориясы бар. Провост кеңсесі ереже бұзушылықтың ең ауыр жағдайлары, яғни С санаты бойынша шағымдарды қабылдайды. 2013 жылдан бері Провост кеңсесі барлығы 30 істі қарады. Оның шамамен 50 пайызында студенттер оқудан шығарылды, – дейді университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі вице-провосты Лоретта О’Доннелл.
Антиплагиатты да алдауға болады
Отандық университеттерде студенттерді оқуда адал болуға ынталандыратын бірнеше шара бар. Солардың бірі – плагиатты анықтауға мүмкіндік беретін арнайы бағдарламалар. Мәселен, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, мұндағы студенттердің жұмысын плагиатқа тексеру moodle.enu.kz жүйесі арқылы жүргізіледі. Ал Назарбаев университеті, Сулейман Демирель университеті, КАЗГЮУ университеті секілді ЖОО-лар соңғы бірнеше жылдан бері Turnitin жүйесі арқылы көшірме жұмыстардың жолын кесіп жүр.
Академиялық қолдау мықты болса игі
Академиялық адалдық қағидаларын сақтауға ең мықты мотивация ретінде қайбір жылдары әлдеқашан қорғалып қойған диссертацияларды плагиатқа тексеріп, ереже бұзушылық анықталған жағдайда бітірушіні ғылыми дәрежесінен айыру керек екені айтылған еді.
– Өкінішке қарай, Қазақстанда ғылыми дәрежесінен айыру мүмкін емес, өйткені бұл ғылыми дәрежені тағайындау ережелерінде қарастырылмаған. Тіпті өз қалауыңмен де ғылыми дәрежеден бас тарта алмайсың – ондай тәртіп пен негіз жоқ. Бірақ мұндай ережелер, мәселен, Ресейде немесе Қырғызстанда бар. Қазақстанда да осы мәселеге қатысты заңнаманы жетілдіріп, реттеу тетіктерін енгізу керек, – дейді М. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің провосты Сергей Пен.
Ал А. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасованың пікірінше, академиялық адалдықты қамтамасыз ету – жүйелі, кешенді жұмыс.
– Академиялық адалдықты айтқанда, біз оқытушыларға қойылар талапты та естен шығармауымыз керек. Көбіне біздегі студенттер ерінгеннен жұмысты қате жазбайды – олар жай ғана жұмысты қалай дұрыс жазу керектігін білмеуі мүмкін. Ал оны оқытушылар үйретуге міндетті. Мен Ұлыбританияда оқыған кезімде бізге мұғалімдер курс басталардан бұрын академиялық жазба жұмысын қалай жазу керек, плагиат дегеніміз не, сілтемені қалай жасаған жөн – осының бәрін бүге-шігесіне дейін түсіндірді. Жұмысты жазу барысында да прогресті білу үшін қайта-қайта кеңсесіне шақырып, одан қалса, академиялық жазу жөнінде қосымша курстар ұсынып, қысқасы, академиялық қолдауды өте жақсы істейді. Тағы бір айта кетерлік жайт, академиялық адалдықтың бастауы мектепте жатыр. Балаларды мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ өз ойын қорықпай, негіздеп жазуға, сыни ойлауға баулыса, білім саласындағы біраз мәселе дұрысталар еді, – дейді университет ректоры.
Расында, біз Шеффилдте оқып жүргенде, оқу жылы басталысымен, күн сайын электронды поштамызға мұғалімдер тарапынан түрлі мазмұндағы хаттар үздіксіз келіп тұратын. Бір хатта эссе тақырыбына қатысты кітаптардың тізімі берілсе, енді бірі академиялық жұмысты қалай жазу керектігі жайлы нұсқаулықтар болатын. Курстық жұмысты тапсырар уақыт таяғанда оқытушылардан «Үлгеріп жатырсың ба?», «Дедлайн мына кезде болады, есіңнен шығып кетпесін», «Түсінбеген нәрселерің болса, пәлен уақытта кеңсеме кел», «Жазып бітірген бір бөліміңді маған жібере беруіңе рұқсат, қарап шығып, пікірімді айтайын» деген тәрізді хаттар жауады. Жұмысты жазу барысында да, көшірмені кешірмейтінін білесің, плагиатқа, біреудің еңбегіне аса мұқият қараушы едік. Айталық, жай ғана «Жер домалақ» деп жаза алмайсыз, сол тіркестің қасына Жердің домалақ екенін растаған ғалымдардың еңбегін бірге атап өтесіз. Сонда шамамен 1000 сөздік шағын эссені жазу барысында сіз кемінде 20-30 кітаппен танысып үлгересіз. Мұның өзі сіздің осы тақырып туралы біліміңізді айтарлықтай арттырады. Ал бүкіл бакалавриат не магистратура бойына қаншама қазынаға кенелетініңізді осыдан-ақ елестете беріңіз. Академиялық адалдықты да, айналып келгенде, адамды алысқа ұшыратын қанат қалыптастырады дейтініміз сондықтан.