Соңғы уақыттары БАҚ-та ұйымдасқан қылмыстық топ (ҰҚТ) мүшелерінің құрықталғаны туралы ақпарат көп тарап жүр. Осыған қарап-ақ елімізде ұйымдасқан қылмыспен күрес күшейе түскенін аңғаруға болады. Мәселен, ІІМ-де арнайы департамент құрылды. Бір жағы ақпараттың артқанынан қылмыстық топтар көбейіп кеткендей әсер қалады. Сондай-ақ заңгерлер бұл бапты квалификациялауда да мәселе бар екенін айтып отыр. 10 айда – 33 қылмыс 20 қазанда Қостанай қаласында облыстық Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында екі азаматты ұстады. Ұсталғандардың тұрғылықты жерінен атыс қаруы мен оқ-дәрілер табылды. Барлығы 6 атыс қаруы, 2 газды тапанша, 4 463 дана патрон, 7 аңшы пышағы және 1 бита алынды. 26 қазанда жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Атырау облысы Полиция департаментінің басқарма қызметкерлері Атырау қаласында мұнай өңдейтін шағын зауытты анықтады. Заңсыз мұнай сақтайтын бұл шағын зауыттан 250 тонна өңделген мұнай және 400 тонна мұнай қалдықтарының қоспасы табылды. Өнімнің шығарылу заңдылығын растайтын ешқандай құжат жоқ болып шықты. Атырау қаласында орналасқан өндірістік базалардың бірінің аумағында шағын зауытты ашқан Ресей Федерациясы азаматы ұсталды. 29 қазанында Көліктегі полиция департаментінің басқарма қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының барысында Алматы қаласында есірткі жасайтын зертхана әрекетінің жолын кесті. 1 келіден астам психотроптық зат, 2 бөшке химиялық заттар және есірткі дайындауға арналған мамандандырылған аппаратура алынды. Ұсталғандардың айтуынша, сыйымдылығы 200 литр болатын ыдыстағы нәрсе психотроптық заттарды дайындауға арналған химиялық еріткіш екен. Ұсталғандар қамауға алынып, тергеу жүргізілуде. Алынған есірткі заттарының ақшалай эквиваленті 2 млрд теңгеге жуық. Бұл деректер өткен бір ай ішіндегі қылмыс хроникасының бір парасы ғана. Тізе берсе, мұндай қылмыстардың қатары көп. Мәселен, 16 қазанда өткізілген арнайы операция кезінде асыл тастарды заңсыз сатумен айналысып жүрген Қарағанды қаласының және Павлодар облысының тұрғындары қылмыс үстінде ұсталды. Асыл тастар Қарағанды және Павлодар облыстарының аумағында заңсыз жолмен өндірілген. Қылмыскерлерден жарты тоннадан астам (550 келі) асыл тастар, 27 мың АҚШ доллары, 3,5 млн-нан астам Ресей рублі, 600 мың теңге, 1 мың еуро ақшалай қаражат және асыл тастарды өңдеуге арналған құрал-жабдықтар, сондай-ақ атыс қаруы алынды. Жаңа департамент құрылды Еліміздегі және әлемдегі өзгерістер мен оқиғалар қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қадағалайтын полицияның әлеуетін одан әрі күшейте отырып, жылдам әрі дұрыс шешімдер қабылдаудың маңызды бола түскенін аңғартып отыр. Әсіресе, соңғы жылдары қалыптасқан жағдай ұйымдасқан қылмысқа қарсы пәрменді іс-қимылдың қажеттілігін бұрынғыдан да арттыруды талап етеді. Мәселен, ұйымдасқан, оның ішінде трансұлттық қылмысқа қарсы күрес бұрын жасалған қылмыстарды ашумен және оларды тергеп-тексерумен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Қылмыстық топтарды жою және қылмыстың дер кезінде жолын кесу үшін сол топтарды қалыптасу сатысында анықтау бойынша тиянақты және мақсатты бағытталған жұмыс жүргізу қажет. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігінің құрылымында жаңадан дербес Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті құрылған болатын.
«Біздің Департаментке ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, оны қаржыландырудың жолын кесу, аса қауіпті қылмыстарға, адам саудасына қарсы тұру және қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау міндеттері жүктеліп отыр. Департамент ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысады, жедел-іздестіру және алдын алу іс-шараларын өткізеді, қызметтің басым бағыттарын айқындап, ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылда халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың жетекшілері мен қатысушыларын, қылмыстық ортаның «беделділерін» анықтау, олардың қылмыстық әрекетін құжаттандыру, оларға қатысты ақпарат жинап, қылмыстың алдын алу шараларын қабылдау сияқты жұмыс бағыттарының тиімділігін арттыру көзделеді. Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан қылмыскерлерді жедел жолмен бақылау, олардың бостандықтағы сыбайластары мен қылмыстық байланыстарын анықтау үшін кешенді іс-шаралар жүзеге асырылады. Сонымен қатар қылмыстық жолмен табылған пайданы заңдастырудың түрлі жолдарын тапқан қылмыстық топтың жетекшілері мен қатысушыларын, олардың атына тіркелген экономика және өндірістік нысандарды анықтау және олардың қызметінің заңдылығын тексеру күшейтілетін болады. Ұйымдасқан қылмыстық әрекетті қаржыландыру көздері мен арналарын анықтау және жою, қылмыстық топқа қатысы бар азаматтардың мемлекеттік билік органдарына енуіне жол бермеу мақсатында жұмыстар одан әрі жалғастырылады. Алдағы уақытта осы және өзге де қойылған міндеттерді табысты іске асыру үшін проблемалық мәселелерді кешенді талдау, шетелдік озық тәжірибені зерделеу жүргізіліп, шетелдік әріптестермен ынтымақтастық нығайтыла түсетін болады», – дейді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қанат Нұрмағамбетов.Бұл тұста департамент басшысының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан қылмыскерлерді жедел жолмен бақылау, олардың бостандықтағы сыбайластары мен қылмыстық байланыстарын анықтау үшін кешенді іс-шараларды жүзеге асыру туралы сөзіне назар аудару қажет. Бүгінде асқан құпиялы іс-әрекетпен жүзеге асып жатқан бұл жұмыстардан мемлекеттің қылмыскерлердің соңынан шам алып түскенін аңғаруға болады. Оған қылмыстық жолмен табылған пайданы заңдастырумен күрестің де күшейе түсетіні дәлел. ҰҚТ ұғымын нақты анықтау қажет Белгілі заңгер Джохар Өтебеков «ұйымдасқан қылмыстық топ» ұғымының өзінде нақты тұжырым жоқ деп санайды. Ал негізінде оның белгілі бір анықтамалық ерекшеліктері болуы тиіс. Бірақ осы уақытқа дейін ондай талаптар сақталмаған. Екі адам бірге ұсталса болды, оларға ҰҚТ деген ат қойылып, айдар тағылды. Бұл дұрыс емес. Шындығына келгенде, ҰҚТ-да міндетті түрде жетекшісі болуы тиіс. Сондай-ақ олар кем дегенде үш адамнан тұруы қажет екен.
«Белгілі бір уақыттарда мемлекет ұйымдасқан қылмыстық топтарға соғыс жариялады да, бұл біртіндеп осы ұғымның стандартын өзгертіп жіберді. Яғни, оның ҰҚТ екенін немесе ҰҚТ емес екенін дәлелдеу қажетсіз болып қалды. Тергеу мен прокуратура адамдарға ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және қатысты деген айыпты жиі тағатын болды. Бір өкініштісі, олардың бұл ұстанымы сотта да қолдау таба бастады. Осы бап бойынша жұмыста немесе коррупциялық қылмыстарды бірге жасаған әріптестер жауапқа тартыла бастады. Жоғарғы сот та ұзақ уақытқа дейін ҰҚТ-лардың жетекшісі болуы шарт емес деген ұстанымда болды. Бұл – нонсенс. Осылайша, жасалған қылмыстың бабы дұрыс квалификацияланған жоқ», – дейді адвокат.Джохар Өтебековтың айтуынша, былтырғы жылдың басында Жоғарғы сот осы кемшіліктерді түзеп, ҰҚТ-ға нақты анықтама беретін нормативтік қаулы шығарған. Бірақ іс жүзінде бұл мәселе әлі де болса қойыртпақ күйінде қалып отыр. Өйткені құқық қорғау органдарының ұйымдасқан қылмыспен күресуге құлшынысы қатты. Ал нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы жоқ адамдар да ауыр баппен сотталып, зардап шегіп жатыр. Осыдан келіп, ҰҚТ-лар көбейіп кеткен сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде ұйымдасқан қылмыстық топтар көбейіп кеткен жоқ. Келесі бір адвокат Асқар Қаймақов та соңғы уақыттары бұқаралық ақпарат құралдарында ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы ақпараттардың көбейіп кеткені шындығында да ҰҚТ-лардың көбейіп кеткенінің белгісі деп ойламайтынын айтады. Өйткені салған жерден ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарып кету мүмкін емес. Бұрын ішкі істер саласында қызмет еткен ол ұйымдасқан қылмыстық топтардың санаттарын жақсы білетінін айтады. Сондықтан да ондай криминалдық элементтердің бірігуіне мемлекеттік күштік құрылымдар мүмкіндік беріп отырған жоқ. Олар ахуалды толық қадағалап отыр. Егер ақпарат құралдарында бәленше ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды деген ақпарат шығатын болса, бұл олардың қарап отырмағанын, кешенді жұмыстар жүргізіп жатқанын білдіреді. Сондықтан да ҰҚТ-лар белең алып кетті деп уайымдамауға болады екен.