Қазақ тарихының тамыры тереңге кететінін жиі айтамыз. Тәуелсіздік алғаннан бері отандық ғалымдар ұлт тарихын індетіп зерттеп келеді. Халықтың мыңдаған жылдан бері келе жатқан мәдени, рухани қазынасын шама-шарқымызша түгендедік. Сөйте тұра, әдебиетте Шыңғыс қағаннан әріге кететін тұлғаларды суреттейтін көркем шығарма аз. Дегенмен мүлдем жоқ емес. Ал сол санаулы туындының бірқатарын жазған жазушының бірі – Тұрсынхан Зәкенұлы. Ол – жазушы ғана емес, тарихшы һәм аудармашы. Қытай, ұйғыр, өзбек, түрік, парсы тілдерін меңгерген Тұрсынхан Зәкенұлы Білге, Күлтегін бітіктастарындағы қытайша мәтінді де аударғаны бар. Түркология саласы бойынша 150-ден астам мақала, «Көне түркі ескерткіштеріндегі қытай жазбалары», «Ойратнама: Жоңғария мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы, жойылуы», «Қытай әдебиеті» монографияларын жазған зерттеушінің қаламынан «Балқан тауға барғандар», «Көкбөрілердің көз жасы», «Мәңгітас» повесть-романдары да дүниеге келді. Біз биыл асқаралы алпысқа толған ғалыммен сұхбаттасып, біраз мәселе төңірегінде пікірлестік. – Тұрсынхан Зәкенұлы, біздің білуімізше, сіз жас кезіңізде Қытайда «Жеті қаған» деген қазақ дастанын хатқа түсіруге атсалысыпсыз. Қазақта мұндай дастанның болғанын естімеген едік. Дастан тарихи оқиғалар желісімен пайда болған ба, әлде көркем шығарма ма? Қай дәуірден сыр шертуі мүмкін? – «Жеті қаған» дастаны – ұзақ эпос. Оны Шыңжаңда тұратын қырғыздардың ішінен шыққан Жүсіп Мамай деген әйгілі манасшысы жырлаған, содан жазып алдық. Жалпы, манасшылардың арасында ол кісінің орны ерекше.1992 жылдың басында «Осындай бір қазақтың дастаны бар, менің жадымда қалғанын жырлап берейін деп» Шыңжаңның автономиялы-районы аз ұлттар мәдениетін жинау-реттеу және баспадан шығару кеңсесіне хабарласыпты. Кеңсенің қазақ бөлімінің сол кездегі басшысы Қалидолла Мұртазаұлы және мен, Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясының вице-президенті Жақып Мырзаханұлы, әйгілі тарихшы Нығмет Мыңжани, әдебиет зерттеушісі Әуелхан Қалиұлы секілді бір топ адам бірлесіп, әлгі манасшыға барып, хал-жағдайын біліп, әңгімелесіп, осы дастанды жазып алу жөнінде уәделескен болатынбыз. Дастанды жазып алу тікелей маған тапсырылды. Магнитофон апарып, жырды ақсақалдың айтуымен таспаға түсіре бастадым. Бірақ манасшы кей тұстарын есіне түсіре алмай қиналғаннан кейін «эпосты жазып беріңіз» дедім. Маған жазып бергендерін қырғызшадан қазақи мәнерге салып аударып отырдым. 1995 жылы Шыңжаң халық баспасынан дастанның «Арыстан хан» деген 1-бөлімі басылып шықты. Сол тұста мен Қазақстанға кетіп қалдым. Қалған жұмысын сол кеңсенің қызметкерлері жалғастырып жазып алды. Бірақ Арыстан ханнан кейін, Мұзбұршақ туралы бір дастан ғана қысқаша жазылып алынды, қалғандары хатқа түскен жоқ. Сол жыр Отырар ғылыми кітапханасы тарапынан шыққан «Қазақтың қолжазбалары» деген серияның 4-томына енгізілді. Онда менің Шыңжаңдағы реттеген нұсқам және менен кейін жазылып алған нұсқа шықты. Бұл тарихи жыр ма, көркем шығарма ма, осы кейіпкерлер тарихта болған ба деген мәселе әлі күнге дейін анықталмаған. Жиделі-Байсын өлкесінде және оған көршілес аймақтарда өмір сүрген ежелгі қазақ тайпаларының өмірінен сыр шертетін, бабаларымыздың сол жақта болғандығын көрсететін дастан десек болады. Мұндағы Арыстан хан, Қызыл Арыстан хан, Түктабан, Мәлік Қатам, Мұхаммед Бинни, Мәлік Зат, Бидайық, Мұзбұршақ, Аққуақ дегендер тарихта болған-болмағаны әлі күнге анық емес. Дәлірек айтқанда, өмірде болған хандар, қағандар емес. Әзірге олар жайлы жазба дерек жоқ. Әлде біз білмей жүрміз бе, болмаса тарихқа жазылмай қалған ба, ол жағы беймәлім. Жүсіп Мамай өзіне жеткен қолжазбалар негізінде жырлап берді. Бұған әртүрлі күдікпен қараушылар да бар. Манасшының айтуынша, қырғыздың молда Қылыш деген атақты ақыны болған. 30-жылдары халық жауы аталып, қуғын көріп, шығармаларына тыйым салынған. Қазан баспасында оның талай кітаптары шыққан екен. Содан ақынның інісі Мамырхан деген кісі оның кітаптарын, қолжазбаларын жасырын алып өтіп, Қытай жақтағы қырғыздарға барып, Балбай деген кісіге тапсырған. Сол тәберіктердің арасында молда Қылышқа тиесілі қазақтың жеті қағаны туралы жинаған деректері де ұшырасады. Отызыншы жылдарда шекара асып аман қалған сол мұра 1968 жылы Қытайдағы мәдени революция тұсында Балбайдың үйінен тәркіленіп, түгелдей өртеліп жіберілген. – Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясының вице-президенті Жақып Мырзаханұлының жазуынша, Қытайдың Санжы қаласының маңында Еренқабырға тауының етегінде осы «Жеті қаған» дастанында жырланатын алтыншы қаған, Көк түркілердің патшасы, Мұзбұршақ қағанға арналған үлкен кесене бар екен. «Қытайлар ол жерді өз қамқорлығына алған. Бүкіл Қытай, Ішкі Моңғолия аумағындағы қазақтар ол жерді қасиетті жер санайды. Осы мәселе зерттеуді күтіп жатыр», – дейді. – Бұл туралы дерек сол кезде шықпаған еді. Жинақ жарыққа шыққан соң дастанға қызығушылар көбейді. Солар іздеп тапқан болуы керек. Мен естімеген едім. Мен «Жеті қаған» дастанында айтылғандар Түркі қағанатының соңғы кезеңі мен Қарахан мемлекеті заманындағы оқиғалар ма екен деп жорамалдаймын. Сол кездегі ислам діні пен түркі танымының тоғысқан заманында туған шығарма болуы да ғажап емес. Жақып Мырзаханұлы айтқан кесенеге келсек, оған мән беріп, қандай деректер бар, аңыздар бар ма соған қатысты зерттеп көру керек. Өйткені ол дәуірде шекара жоқ, аталмыш өлкелер біртұтас этномәдени кеңістік құрамында болды. Осы аралықта ата-бабаларымыз өмір сүрген. Біз жырды қағазға түсіріп, сақтап қалуды, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат тұттық. Ал оның деректерін зерттеу, түпкілікті саралау бізден кейінгі ғалымдардың еншісінде болуы тиіс. Жалпы, көне дәуірдегі біздің тарихымыз аңыз түрінде ауызша келіп жетті, нақты хатқа түскені сирек. Қолжазба мәліметтер шетелдердегі архивтерде сақталған. Жазба деректер араб, парсы, қытай мұрағаттарында жатыр. – Қытай мұрағаттарындағы біздің тарихымызға қатысты біраз құнды мәлімет Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізге жеткізілді. Оның қазақшаға аударылуына Шыңжаңдағы ғалымдар да атсалысты. Алайда әлі ашылмаған, көпшілік назарына ұсынылмаған тарихи мәліметтер бар ма? – Әрине бар, осы тұста мен бізге жете қоймаған екі кезең туралы айтайын. Біріншісі – көне Түркінің мұраларына қатысты. Қытайдың орталық аймағында Ордос үстіртінің оңтүстігіндегі Қытайдың байырғы астанасы болған, қазіргі Сиань қаласы төңірегінде көптеген түркілерге қатысты көптеген мұра – тас ескерткіштер, мүсіндер, заттай мұрағаттар табылған орындар бар. Осылардың ашыққа шыққандары бар. Алайда жария етілмеген, жабық жатқан түркі дәуірлік ескерткіштер өте көп. Бұл – шамамен VI–IX ғасырға дейінгі кезеңдер. Археологиялық жәдігерлер қазып алынған қалпы мән берілмей қоймаларда қалып, әлі зерттеуге шығарылмай жатыр. Тас ескерткішке қытайша жазылған мәтіндер бар. Ол кезде түркілер мен Тань династиясы өте тығыз қарым-қатынаста болған. Шындығына келсек, Тань династиясын құрушылар да түркілер ғой. Екіншісі – Бейжіңдегі Гугун мұражайында Қазақ хандығы дәуіріне тән дипломатиялық хаттар мен императордың қазақ жеріне байланысты, ойрат пен Жоңғарияға қатысты көптеген қаулы, жарғысы сақталған. Солардың бір бөлімі аударылды. Алайда көп нәрсе ресми хат пен жылнамаларға түспей қалғаны анықталып отыр. Әсіресе, манжу тілінде жазылғандар. Білесіз, манжу тілі – өлі тіл, маньчжурлар ұлт ретінде жойылып кетті. Осы манжу халқының тілі – Манжу империясының қарым-қатынас тілі болды. Билеушісін қазақтар Ежен хан деп атаған. Жалпы, Манжу империясы – көшпелі тайпалар құрған тарихтағы төртінші империя. Әрине, олар тікелей түркітектес халық емес. Бірақ көшпелі тайпалар болғаны рас. Ал империяларға келсек, алғашқысы – ғұндар, екіншісі – түркілер, одан кейінгісі – Шыңғыс хан империясы. Манжу империясы енді күшейіп келе жатқан кезде, батыстық жаңа отаршылдық тарих сахнасына шықты, мына жақтан Ресей күшейді де оның қанатын жайдырмай қойды. Біздегі қолжазба – тарихи мәліметтер манжу тілінен қытай тіліне аударылған нұсқасы. Түп деректердің барлығы Бейжіңде. Аталмыш деректерді Бақыт Еженхан деген тарихшы әріптесіміз зерттеп жатыр. Ол көне манжу тілін үйренді. Бірқатар материалды қытай тілімен салыстырып қазақшаға аударды. Сөйтсе, қалыптасқан құжаттар екі тілде жазылған ғой, алдымен манжу тілінде, сосын қытайшаға аударылған. Ал қытайшаға аударғанда тәржімашылар кезде түпкі мәтінді байытып, сөздерді, тіркестерді қосып аударады екен. Содан түпнұсқа өзгеріп кетіп отырған... – Тарихи тақырыптағы шығармалар жас ұрпақ үшін қызықты етудің маңызы зор. Біздің елімізде бірқатар тарихи дәуір мен тұлғаларға қатысты фильмдер түсірілді. Осы тұста тарихымызды зерттеуші және оны көркем шығарма қылып халыққа ұсынушы ретінде ықылым дәуірдің тағылымын жастардың бойына қалай сіңіруге, қандай тәсілмен қызығушылығын оятуға болады? – Қазір тіпті үлкендер кітап оқуды сиретіп барады. Сондықтан балаларды, жас буынды тарихқа қызықтыру үшін ең алдымен анимациялық фильмдерді қолға алу қажет. Одан кейін тарихи сериал-фильмдер арқылы баурауға болады. Өзім Алтын Ордаға дейінгі үш дәуірден роман жаздым. Бірінші – «Атилла. Балқантауға барғандар», екінші – Көк түріктер тарихынан «Мәңгітас», үшінші, Шыңғыс хан дәуірінен «Көк бөрілердің көз жасы» деген роман жаздым. Соңғысы, 2001 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы қарсаңында жасырын дауыс беру арқылы өткізілген конкурста бірінші орын алды. Үш кітабымды да тарихшы ретіндегі туындым халыққа жетсе деген оймен көркемдік деңгейде жаздым. Өйткені тарихи еңбекті ғалым не зерттеуші болмаса былайғы жұрт оқи бермейді. Ешкім ықылым заманда қазіргі дәуірге келген жоқ. Бірақ тарихтың болмысын санамызда елестетуіміз керек. Қазақтың этномәдениетін, көне тілін, көшпенді өмір салтын, сол заманның ойлау менталитетін жеткізу керек. Осы мақсатты көздедім. Аталған еңбектерім экранға шықса деген арманым бар. Қазіргі тарихи фильмдерді көріп жүрміз. Бір нәрсе кемшін шығып жатады. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымы, этномәдениетін, ойлау жүйесін, этнографиясын жас авторлар, сценаристер, режиссерлер, әртістер біле бермейді. Сахналық мәнер басым. Тарихи киноларда кейіпкерлер бүгінгі тұрмыстың тілімен сөйлейді, дәстүрлі бабасының тілін білмейді. Мысалы, қазақ хандығы дәуірін алайықшы. Ол заманның адамы талдап, анықтап сөйлемейді, бір нәрсені түсіндіріп отырмайды. Астарлап, образбен, емеурінмен айтады. Қысқа және нұсқа, ойланып-толғануы, іс-әрекеті де бүгінгі бізден мүлдем басқаша. – Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Жәнібек АМАНГЕЛДІ