Атырау облысында жоғалып кеткен 3 адам бір күннен соң табылды
Атырау облысында жоғалып кеткен 3 адам бір күннен соң табылды
289
оқылды
Атырау облысында жоғалған үш адам бір күннен соң табылды. Оның екеуі балық аулауға, біреуі мал іздеуге шыққан. Облыстық ТЖД-ның қоғаммен байланыс тобының айтуынша, екі жігіт кеше, 20 қарашада сағат 09.00-де жоғалып кеткен.
«Атырау қаласына таяу орналасқан Құрсай ауылының екі тұрғыны – 23 және 21 жастағы екі жігіт моторлы қайықпен Каспий теңізіне қарай шығып кеткен. Бірақ балық аулауға кеткен жігіттер кері оралмаған. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жоғалған балықшыларды Каспий теңізінің жағалауынан іздестіруді кеше, 20 қарашада сағат 09.32-ден бастап, кешкі сағат 21.25-ке дейін жүргізді. Іздестіру жұмыстары бүгін, 21 қарашада қайта жалғасып, сағат 11.25-те хабарсыз кеткен балықшылар табылды», - деп мәлімдеді департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Іздеу жұмыстарына Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 2 адам, 1 техника, Атырау қалалық Полиция басқармасынан 1 адам және жоғалғандардың туыстары жұмылдырылған. Сонымен қатар Құрманғазы ауданындағы Ниетбай ауылынан 8 шақырым қашықтағы Сасықтау учаскесінен 40 жастағы әйелдің хабарсыз кеткені анықталды.
«Әйел адам мал іздеуге шығып, үйіне кері оралмаған. Оны 8 адам 3 техникамен іздеп, Сасықтау учаскесінен 15 шақырым қашықтан тапты», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
ТЖД қызметкерлерінің көмегімен табылған үш адам да медициналық көмекті қажет еткен жоқ.