20 қарашада өткен президент сайлауы ұлттық заңнама мен халықаралық міндеттемелерге сай жүзеге асырылды. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты.
«Сайлауды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыру Қазақстанның ұлттық заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне, ашықтық және айқындық қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылды. Учаскелерде мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруі үшін қажетті жағдайлар жасалды. Көру қабілеті нашар азаматтар үшін алғаш рет сайлау бюллетеньдеріне брайль қарпімен трафареттер жасалып, барлық сайлау учаскелері олармен қамтамасыз етілді», – деді ол ОСК отырысында.Оның айтуынша, дауыс беру күні сайлау процесін кандидаттардың 11 мыңнан астам сенім білдірген адамы, 45 мыңнан астам ұлттық және халықаралық байқаушылар бақылаған.
«Олардың қызметі сайлаушылар мен сайлау процесіне қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз етуге оң ықпал етті. Байқаушылар мен сарапшылар сайлаушылардың өз азаматтық ұстанымы мен электораттық белсенділігін танытып қана қоймай, елдің мүддесі мен болашағы жолында саяси жауапкершілік танытқанын, сондай-ақ саяси науқанның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығын, технологиялық жаңалықтардың енгізілгенін және сайлау учаскелерінің тиісінше қамтылғанын ерекше атап көрсетуде», – деді Нұрлан Әбдіров.