Әлеуметтік желіде Алаш арыстарының көзсіз суреті басылған жейделер жұрттың қызу талқысына түсіп жатыр. «Бес арыс» деп аталатын бұл коллекцияны Qulan.kz онлайн киім дүкені сатылымға шығарған екен. Желі қолданушылары заманында ұлтты ояту жолында қызмет еткен тұлғалардың мына бейнесі құдды бір зағип адамдар секілді әсер беретінін жазып, реніш білдіріп жатыр. Дүкен әкімшілігі бұл идеяның Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен келісілгенін айтқан, алайда кеше ғана басқарманың өкілі Ағабек Қонарбайұлы шариғатта тірі жанның көзін салмай, бейнесін ғана салуға болады деген пәтуа жоқ екенін мәлімдеді. Біз осы мәселе жөнінде философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Кеңшілік Тышқанның пікірін білген едік. – «Адамның суретін көзсіз етіп салу керек» деген мәселе шариғатта шынымен бар ма? Оның себебі неден шыққан? – Мен де жейдеге қатысты осы дауды әлеуметтік желіден оқып қалып, екіұдай ойда қалғаным рас. Қазақ зиялыларының көзсіз салынуы оларды қорлап тұрғандай көрінді. Бізде әдетте көшеде ілініп тұрған адамдардың суреттерін бүлдіріп, көзін жыртып не ойып кетіп, қорлап жатады ғой. Бұл да құдды бір сондай секілді болып тұр. Әрине, негізі шариғатта кеудесінде жаны бар тіршілік иесінің суреттерін салуға белгілі бір деңгейде тыйым салынған. Ертеректе адамдар о дүниеге барғанда, Құдай: «Қане, сол суреттеріңе жан беріңдерші» деп айтады деп сенген. Одан бөлек, бұрынғы кезде ұлы тұлғалардың суретін салу табынушылыққа ұласып кетуі мүмкін деген қауіптен де туған болуы мүмкін. Бірақ біз қазір зайырлы қоғамбыз. Мешіттер мемлекеттің ісіне араласпайды. Оның үстіне бүгін – ақпарат заманы, бәріміз суретімізді желіге де салып жатырмыз. Ешқайсымыз көзімізді жауып жатқан жоқпыз ғой. Намаз оқыған кезде киімде тірі жанның суреті болмасын, әйтпесе мәкруһ болады деген сөз бар. Соған байланысты жігіттер мына жейдемен мешітке баратын болса үстінде сурет болмасын деп те осылай істеген шығар. Олай болса, жалпы суретті неге салады?! Көзін салмайтын болса, суретті де салмай-ақ қоюы керек еді. Мешітке баратын болса, соның сыртынан басқа киім киіп те әлгі суретті жабуға болады ғой. – Діни ұстанымды ұлттық сипаттағы дүниелерге қолдану қаншалықты дұрыс? – Діни ұстанымдар басқа қағида да, ұлттық, патриоттық ұстанымдар – басқа қағида. Сондықтан қазір неше түрлі қаһармандардың, батырларымыздың, әртүрлі мультфильм кейіпкерлерінің суреттері емін-еркін насихаттала береді. Біздің қоғам тек намаз оқитын адамдардан тұрмайды. Ол жерде басқа азаматтар да бар. – Осындай кейбір діни түсініктер ұлттың ұйысуына кедергі болып, қоғамның бірлігіне сызат түсіреді деп ойлайсыз ба? – Негізі, дін халықтың ұйысуына кедергі болмай, керісінше, біріктірушілік қызмет атқаруы тиіс. Діни және ұлттық құндылықтарды бір-біріне қарсы қоя беру жақсылыққа апармайды. Мұсылмандық мен қазақшылық бір-біріне жат ұғымдар емес. Бұрын ата-бабаларымыз да намаз оқитын жерге сурет ілме деп тыйым салды, бірақ былай бәрінің үйінде суреттер бар еді ғой. Сондықтан діни түсініктерге келгенде фанатизмнен аулақ болған жөн. – Әңгімеңізге, рақмет!