Салық жүйесі жетіле түседі
Салық жүйесі жетіле түседі
459
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заң жобаларын қарап, депутаттық сауалдарын жолдады. Сөз басында Сенат Төрағасы елімізде өткен Президент сайлауының қорытындысына тоқталды. Палата Спикері Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлау алдындағы бағдар­ламасында белгілеп берген маңызды міндеттерді іске асыру үшін Парламент ауқымды жұмыс атқаруы қажет екенін айтты. Отырыс барысында сенаторлар «Салық және бюд­жетке төленетін басқа да міндетті төлемдер ту­ралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төле­нетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қол­данысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, қабылдады. Бұл заң еліміздің салық жүйесін одан әрі жетілдіруге ар­налған. Жаңа түзетулердің қатарында еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайту және бірыңғай төлемді енгізу туралы норма бар. Мұндай шара микро және шағын бизнес субъектілеріне қазіргідей еңбекақы төлеу қорынан 34,5 пайыздың орнына 2023 жылдан бастап 2028 жылға дейін біртіндеп 26,3 пайызға дейін өсе отырып, 20 пайыздық бірыңғай төлемді таңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ заң аясында осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінген автомобильдерді пайдалану және бастапқы тіркеу үшін бір жолғы тәртіппен 200 мың теңге мөлшерінде бірыңғай алым төлеу тәртібі қарастырылған. Сонымен қатар Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарады. Жан-жақты талқылау нәтижесінде сенаторлар құжатты концеп­туалды түрде қолдайтындарын білдіріп, оған өз толықтыруларын енгізді және Мәжіліске қайтару жөнінде шешім қабылдады. Сондай-ақ Палата отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына және ауыл шаруашылығын дамытудың перспективаларына қатысты мәселелер бойынша Сенаттың парламенттік тыңдауларында әзірленген ұсынымдардың орындалуы туралы ақпарат берді. Палата отырысында сенаторлар өздерінің депу­таттық сауалдарын да жолдады. Ақмарал Әлназарова бірқатар ірі медициналық ғылыми зерттеу институттарының, оның ішінде аку­шерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталықтарының материалдық-техникалық жабдық­талуы төмен деңгейде екенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Дәурен Әділбеков еліміздегі сапасыз жолдар мә­се­лесін көтеріп, «Қарағанды-Балқаш» автожолының техникасы мен құрылыс мерзіміндегі бұзушылықтарға қатысты наразылығын жеткізді. Советбек Медебаев Ұлытау облысына қарасты қалалардағы апатты және тозығы жеткен тұрғын үй проблемаларына назар аударды. Ол осындай тұрғын үй иелерге қатысты мәселелерді шешуге және төтенше жағдайлар қаупін азайтуға арналған нақты шаралар ұсынды.