Биыл көктемнен бері Қазақстанға ресейлік шоу-бизнес өкілдері мен әншілерінің келіп, концерт ұйымдастыруы жиіледі. Себебі түсінікті, өздерінде ойын-сауыққа сұраныс азайған соң елімізге лап беруде. Кейбірі саяси кереғар түсініктерін тықпалайды. Бірінің концерті дүркіреп өтті. Бірі кейінге шегерілсе, келесісіне шектеу қойдық. Мәдени байланысты саяси көзқарасымен астастырған оларды еркіне жіберген жөн бе?Билік бейжай қарамады
Жыл басында солтүстіктегі көршімізде геосаяси ахуал ушыға бастаған тұста ресейлік танымал әншілер елімізге келіп, концерт өткізетінін көптеп жарнамалай бастаған. Мәселен, 10 наурызда ресейлік Валерий Леонтьевтің Алматыда концерті өтетін болды. Дегенмен көп ұзамай уақыты кейінге шегерілді. Себебі оған Қазақстанға ұшып келуге тыйым салынған еді. Сонымен қатар ресейлік әнші Любовь Успенскаяның кеші де өз уақытында өтпеді. Мұндай мысалдар көп. Кештердің өтпеуіне қоғамның қарсылығы да әсер еткені жасырын емес. Әйтеуір билік өкілдері де құлақ асқандай сыңай көрсетті. Жалпы, ресейлік жұлдыздардың Қазақстанда концерт өткізуі сонау 2010 жылдан бері үдеді. Бұл үрдіске белгілі бір дәрежеде шенділер де ат салысқаны жасырын емес. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы 2015 жылы 5 маусымда «Премия МУЗ-ТВ 2015. Гравитация» атты сәтсіз өткен, жанжалға толы думанды ұйымдастыруға бақандай 2 миллион доллар жұмсаған. Ол аздай, 2018 жылы жазда Астанада «Ұлы дала бірлігі» атты үлкен шоуконцерт өтті. Соның аясында оннан астам ресейлік әнші концерт қойды. Мұны басқа емес, Астана әкімдігінің өзі ұйымдастырды. Ал оған қанша қаржы қарастырылғаны белгісіз. Мәдениеттанушы Ханзада Мырзабектің айтуынша, негізі соңғы үш жылда Қазақстандағы ресейлік эстрада өкілдерінің концерттері үш есеге жуық азайған.
«Аталған үрдіске олардың құнының өскендігі ықпал етпеді, керісінше, ұйымдастырушылардың айтуынша, ресейлік жұлдыздардың құны екі еседей төмендеген. Филипп Киркоров қолына 40 мың, Дима Билан, Басковтар 30 мың, Валерия, Аллегрова, Газманов, Орбакайтелер 10-15 мың доллар берсе келіседі. Елімізде концерттерді ұйымдастырумен айналысатын 300-ден астам заңды және жеке тұлға тіркелген. Олар демеушілер таба алмай отыр. Себебі ресейлік әншілерге қатысты «сенім дағдарысы» туған. Жоспарланып қойған концертті Мәдениет министрлігі кез келген уақытта доғара салуы мүмкін», – дейді ол.
Араздықты ауыздықтаған абзал
Қош, мәселеге жай мәдени қарым-қатынас ретінде қарап, қол қусырып отыруға бола берер еді. Дегенмен олардың арасында қос ел арасында алауыздық тудырғысы келетіндер бар. Оған мысал ретінде таяудағы жайтты айтамыз. Ресейлік пикапер, блогер Алекс Лесли (құжаттағы аты-жөні Александр Кириллов) жақында Алматыға келіп, қазақ қыздарын қарату жөнінде тренинг өткізетінін мәлімдеді. Әрісін қозғамай-ақ қояйық, бірақ оның ұлт араздықты өршітуге негізделген сөздері жетерлік. Көп ұзамай Алматының Полиция департаменті блогер Александр Кирилловқа Қазақстанға бір жылға кіруге тыйым салынғанын хабарлады. Бірақ ол сонда да елге келетінін айтып, тіптен құзырлы органдарды көзіне ілмейтінін жеткізді. Ал бұл кезде қазақстандық бір топ жігіт блогерді әуежайдан күтіп алып, «сабасына түсіретінін» жария етті. Енді қараңыз, біріншіден, ең қауіптісі – ұлтаралық қақтығыстың туындауына себепкер болып отыр. Екіншіден, ашуға булыққан қазақстандық жігіттер арандатушылыққа еріп кетсе не болар еді? Біздің ойымызша, билік мұның бәріне әлі де бейжай қарамағаны жөн. Жалпы алғанда, ресейлік шоу-бизнес өкілдерінің осыған ұқсас арандатушылыққа негізделген мәлімдемелері бұрын да болған. Мұның бәрі бірте-бірте алауыздық тудыруға негіз болуы ғажап емес.
Ал Ресейдегі «Новая газета. Европа» басылымы Қазақстандағы тағы бір үрдіс-трендке назар аударған екен. Елде қазақ халқына тіл тигізген немесе соғысты үнсіз не ашық қолдайтын ресейлік танымал тұлғаларға қарсы халықтық қозғалыс дамуда. Оның өкілдері салалық министрлікке хат жазып, ол адамның елге келуі, концерт беруі, не жұртшылықпен кездесуі ел ішінде әлеуметтік кернеуді өршітуі мүмкін екенін алға тартып, бұл іс-шараға тыйым салуды сұрайды. Дегенмен басқыншылыққа жақ болғандардың бірі – Филипп Киркоровтың өз концерттерін Қазақстанда дүрілдетіп өткізуіне жауаптылар жол берді. Ал жақында ресейлік әнші Полина Гагаринаның елімізге жоспарланған гастролдік сапарлары өтпейтіні мәлім болды. Гагарина да басқыншылықты қолдағандардың қатарында тұр.
Ойын-сауықпен «ойрандауды» ойлайды
Көрші елдің санкцияда қалған хәлінен кейін халық біраз нәрседен құр қалды. Атап айтқанда, ойын-сауықтан. Олар да қарап жата ма, таяуда ресейлік «Мегаполис» түнгі клубтар желісінің менеджері Вадим Староваров Ресейде ойын-сауыққа сұраныс күрт азайғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қалталы жастар шетелге кеткен. Қалған бөлігінің қызықтауға ақшасы жоқ. «Біздің индустрия күйреудің алдында. Жағдайы аянышты. Хиттарымен радио және интернетте жиі көзге түсетін ресейлік әнші-әртістердің өзі жұмыс көлемін арттыру үшін құнын арзандатты. Оларды шақырғанымызбен, концерт өзін-өзі ақтамайды. Бұрын олар стадион жинайтын. Бірінен соң бірі концерттерін келесі жылға ауыстыруда. Халықтың төлем қабілеті құлдырады. Ресейліктер концерт, театр тұрмақ, отбасын қалай асырауға бас қатырады», – деген ол.
Енді олардың назары Қазақстанға ауғаны айдан анық дүние. Филипп Киркоровтың Астанадағы концертінің билеттері 15-60 мың теңгеге жетті. Осыған қарамастан ел жаппай сатып алған. Жария болғандай, зал лық толы өткен. Оның алдында Валерий Меладзе Қазақстанда бірнеше кеш өткізіп, жеке өнер көрсетті. Оның үшеуі Алматыдағы Республика сарайында болды, барлығында аншлаг болды. «Би-2» тобы жазда және күзде Almaty Arena-да концерт берді. Бұл топтың концертіне билет 15 000 теңгеден 85 000 теңгеге дейін болса да, зал толған. Ал бұдан бұрын Алматыда, өзге қалаларда «Сплин», Би-2, «Машина времени», Лайма Вайкуле, Кай Метов, «Винтаж» топтары аралады. Олардың бірқатарына Украинадағы соғысты қолдамағандықтан, ашық қарсы шыққандықтан рұқсат берілген тәрізді. Осылайша, түрлі көзқарастардың әсері эстрада сахнасындағы жағдайдың құбылуына соқтырды.
Қазір бұндай үрдіс бізде ғана емес, ТМД-ға мүше мемлекеттерде де белең алған. Оны айыптай алмаймыз. Қалай болғанда да өнерге ешкімнің араздығы жоқ, әйткенмен сол киелі ұғымды саяси көзқарасымен астастырып, арандату мақсатында қолданатындарға жол жабық болса керек. Сайып келгенде, ол әншілер тыңдармандар алдындағы өз абыройына дақ түсіріп жатқанын білсе игі.