Кәсіпкерлерді қолдайтын Жолдау
Кәсіпкерлерді қолдайтын Жолдау
471
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа кезектен тыс жолдаған Жолдауында бизнестің дамуына қатысты реформаларға тоқталды. Бірқатар заң қайта жазылып, баж салығының мөлшері өзгереді. Жас кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріліп, жұмыссыздықпен күрес жанданады. Осы және өзге де маңызды өзгерістер туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров айтып берді. –Жолдау жылда жарияланады, бірақ биылғы Жолдауда қаңтар оқиғасының себебі мен салдары айтылып, жалпы Жаңа Қазақстанды құру барысында бизнес-қауымдастық күткен үлкен құжат болды. Президент экономикалық, саяси реформалар туралы айтты. Оның ішінде, бизнеске тікелей қатысы бар реформалар қозғалды, – деді Ұлттық палата өкілі. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров кәсіпкерлерге байланысты жаңашылдықтарды былай топтастырды: Демонополизацияның жұмысы әрі қарай жалғасады. Бірыңғай операторлардың қызметі жетілдіріліп, нарыққа берілуі керек немесе табиғи монополиялар заңнамасына сәйкес реттелуі тиіс. Жаңа реттеушілік саясат. Бұл реформа екі жылдан бері жүзеге асырылып келе жатыр. Өткен жылғы желтоқсанда Президент тиісті заңға қол қойған. Мемлекет басшысы реформаның аяқталу мерзімін 2024 жылдың 1 қаңтары деп бекітті. – Реформаны жүзеге асыру барысында біршама проблема болды. Бұған бекітілген кестеден екі ай кешігіп жатқанымыз дәлел. Мемлекеттік органдар тиісті құқықтық актілердің тізілімін жасалмады. Талдауларды сапалы әрі уақытылы орындамады. Мұның бәрі қайта қарау мен реформа процесін кешіктіреді, артық әуре-сарсаңға салды. Іс жүзінде барлық салада ескірген талаптар кездеседі. Мұны бірнеше түзету енгізіп шеше алмаймыз. Бизнеске қойылатын талаптарды талдау аяқталған салаларда барлығы үшін түсінікті жаңа ережелер белгілеу қажет. Президент те бұл реформа тек кейбір құқықтық актіні аздап өзгерту емес, кейбір саланың реттеу актілерін толық қайта жазу керегін мәлімдеді. Біз де осы «таза парақтан» реттеу реформасының базалық шарттарын жасаған кезде кейбір сала бойынша құқықтық актілер жаңадан жазылу керегін айтқан болатынбыз», – деді Ербол Өстеміров. Бизнеске тікелей қатысы бар бюджет, салық кодексі жаңадан жазылатын болды. Басты назар салық әкімшілендіруі бойынша талаптар толық қайта жазылатыны болып отыр. Салық органдары тарапынан жүргізілетін әкімшілендіру кәсіпкерлерге ең көп проблема туғызатын әрекеттер болып саналады. Мемлекеттік сатып алуға байланысты да жаңа заң жазылады. Мұндағы басты мақсат – тауар, қызмет, жұмысты сатып алған кезде олардың төмен құны емес, сапасы бірінші орында болуы керек. Кәсіпкерлерге несие ресурстарының жетіспеушілігіне тоқталды. Шағын және орта бизнестің жетіспейтін қаржысы 42 млрд теңгені құрайды. Осыған орай үкімет пен ұлттық банкке тиісті шара қолдануды тапсырды. Белгілі бір қорларда жиналып қалған қаржыдан кәсіпкерлерге несие берудің механизмін әзірлейді. «Бұл бағытқа тоқталу керек. Үлкен қалаларда, ауылдарда жұмыссыз жастар бар. Қаңтар оқиғасында да жас жігіттеріміздің қатысуына жұмыссыз болуы да әсер етті. Енді олардың кәсіпкерлікке деген ынтасын қолдап, 2,5 пайызбен несие беріледі. Бұл – өте маңызды шешім. Жастарды қолдау ғана емес, жаңа кәсіпкерлер санын көбейтіп, бизнес нысандарын арттыруға септігін тигізеді», – деді сарапшы. Сот реформасы. Жоғары сот және тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс жалғасады. Көптеген алаңда адвокат, заңгерлермен талқылау өтіп, көптеген ұсыныс жолдауда аталды. – Президент қолдап, кейбір реформаға нүкте қойды. Оның ішінде сот төрағасының қызметі таратылып, оның орнына аға сот қызметі енгізіледі. Облыстық соттар, алқа сот төрағалары, Жоғарғы сот судьялары сайлау арқылы тағайындалады. Мұны біз де қолдаймыз. Осы реформа соттардың тәуелсіздігіне оң әсер етеді», – деді Ербол Өстеміров. Мемлекеттік баждың мөлшері де кәсіпкерлерге үлкен проблемалар туындаты. – Баждың мөлшері талапта көрсетілген соманың үш пайызын құрайды. Үлкен сомаға талап-арыз берген кезде миллиондаған сомамен баж төлеу керек. Мұны да айтқан болатынбыз. Президент енді пайыздық мөлшер емес, нақты бір абсолют санмен жасауды тапсырды. Мысалы, басқа мемлекеттерде баж салығы 20-30 мың еуро болады. Солардың тәжірибесін талдап, баж салығының жоғары мөлшерін бекіту керек. Біз 20 АЕК көлемінде бекітуді ұсынғанбыз, – деп түйіндеді Ербол Өстеміров.