«Маскасы» шешілген миллиардер
«Маскасы» шешілген миллиардер
871
оқылды
Theranos атты америкалық стартаптың негізін қалаған Элизабет Холмс алаяқтық жасады деген айыппен 11 жылға сотталды. Бұл келіншекті жұртшылық бір кездері жаңа Стив Джобсқа теңей бастаған да еді. Ол қанның бір тамшысымен-ақ анализ жасап, диагноз қоя беретін өнертабысты өмірге әкелем деп уәде еткен болатын. Холмстың компаниясы дәуірлеп тұрған шағында 9 млрд долларға бағаланған екен. Бірақ кейін анықталғандай, бұл құрылғы жұмыс істемейтін болып шыққан, ал Элизабеттің өзі жалған құжаттар жасатып келген. Осылайша, оның ісі Кремний алқабы тарихындағы ең ірі алаяқтық болып отыр. Элизабет Холмстың хикаясы осы күнге дейін Кремний алқабындағылар үшін құдды бір америкалық арманның ақиқатқа айналған мысалы болып келгені рас. Ауқатты отбасында дүниеге келген кейіпкеріміз мектеп бітірген соң Стэнфорд университетіне оқуға түседі. Талантты қыз бірінші курсында-ақ Сингапур­дағы Геном интитутында тағылымдама өтіп, қан үлгілерін зерттеумен айналысады. Осында жүргенінде Элизабетке бүтін бір зертхананы алмастыратын чип жасау идеясы келген. Ол қандай идея дейсіз ғой?! Элизабеттің сол кездегі пайымынша, бұл құрылғы нау­қастан бір тамшы қан алып, оған талдау жасап, диагнозды тікелей науқастың дәрі­геріне жіберуі керек екен. Былай қарасаңыз, тамаша жаңалық, иә?! Ауруханада кезек күтіп әуре болмайсың: дәріханаға кіресің де, саусағыңа әлгі аппаратты бір рет қадайсың. Сенің бір тамшы қаныңнан 240 түрлі талдау жасауға болады. Сингапурдан оралған Холмс осындай құрылғы жасаймын деп мәлімдейді. Бұған Ченнинг Робертсон есімді профессорынан басқа бірде-бір оқытушысы сенбейді. Жоба­ның ең алғашқы инвесторы да сол кісі болған. 2003 жылы 19 жастағы Элизабет универ­ситетті тастап, оқуға төлейтін ақшасына Real-Time Cures атты компания құрады. Сәл кейінірек оның атын Theranos деп өзгертеді. Бұл атау Therapy (терапия) және Diagnosis (диагноз) сөздерінің бірігуінен туған болатын. Мына әңгіме ешкімді есіңізге түсірмей ме? Стив Джобс та өз жолын солай бастаған еді ғой. Алма-брендтің авторы да әлемді өзгерту үшін оқуын тастап кеткен болатын. Расында да Элизабетті Джобспен жиі салыстыратын. Қара водолазкасы да, сөйлеу мәнері де Джобсқа ұқсап тұратын. Кремний алқабында «Fake it, till you make it» деген сөз жиі қолданылады. Мағынасы «Істі бітіргенге дейін өзіңе сенімді сыңай таныт» дегенге саяды. Абайша айтқанда, «Болмасаң да ұқсап бақ». Әлдебір дүниені ой­лап тапқан адам дана емес, сол дүниенің болашақта өте пайдалы боларына айналадағы­ларды сендіре алған адам дана. Элизабет те осы философияны басшылыққа алып, өз жо­басына қомақты инвестиция тартады. Құрыл­ғанына 12 жыл өткенде, оның компаниясы 9 млрд долларға бағаланған еді. Сол кезде Forbes Холмсты әлемдегі ең жас self-made миллиардер әйел деп таниды. Алайда уәде етілген аппарат бұл кезде әлі сатылымға шықпаған болатын. Элизабет Холмс Компания америкалық Safeway супер­маркеттер желісімен келісімшартқа отырады. Safeway өзінің 800 дүкеніне әлі әзірленбеген аппаратты жеткізуге 300 млн доллар инвес­тиция құяды. Бұдан соң оларға Wallgreen’s дәріханалар желісі қосылады. Бұл желі әлгі құрылғыны өз дәріханаларына орнатуға 50 млн доллар жұмсайды. Әйткенмен, компанияның бұл қуанышы ұзаққа созылмайды. Әуелі, АҚШ үкіметі, дәлірек айтсақ, FDA-дің (Азық-түлік пен дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы) Theranos-қа күмәні туады. Осы тұсты дұрыстап түсіндіре кетейік. АҚШ-та медициналық өнімдердің үш класы бар. Тіс щеткасы сияқты денсаулыққа қаупі өте төмен құрылғылар бірінші класқа жатады. Екінші кластың құрылғылары күрделірек: қан алуға арналған құралдар, арнайы инелер, шприцтар, линзалар – бұлардың бетіне тұтынушыларға арналған ес­кертпе қағаз жапсырылуы тиіс. Ал өмір сү­ру­ге бейімдейтін (мәселен, имплант) заттар үшінші клас болып есептеледі. Бір қызығы, Хол­мстың өнертабысы екінші класқа енбеді. Компанияның құқықтық мәселелер бөлімі барынша жақсы жұмыс істегенге ұқсайды: масс-маркетке шыққан Theranos екі жыл бойы «бірінші кластағы құрылғы» деген құжат ұсынып келген. Әлбетте, олардың мұнысына FDA қабақ шыта қарайды. Ал бұл шақта компания «сырты бүтін, іші түтін» күйде еді. Қызметкерлер ұйым жұмысы жайлы тіс жармау жөніндегі қатаң шарттарға қол қоятын. Кейінірек сотта белгілі болғандай, ұйым табысының орасан зор бөлігі зертхана­лық қажеттіліктерге емес, компания беделін ақтаумен айналысқан құқықтық бөлімге ба­ғыт­талып отырған. Мысалы, Theranos-та осы бренд туралы Уикипедиядағы мақала­ларды түзететін арнайы бір бөлім де болған. Хош, сонымен Theranos-қа қатысты сұ­рақтар көбейе түседі. Ақыры, 2015 жылы The Wall Street Journal тілшісі Джон Карейру ком­панияның ізіне түседі. Джон медицина тақы­рыбын жазатын журналист еді. Ол ға­лым­дармен және ұйымның бұрынғы қызмет­кер­лерімен сөйлесіп, тыңғылықты зерттеу жүр­гіз­геннен кейін мына шындықты ашады: Theranos құрылғылары уәде етілген 240 тесттің 15-ін ғана жасап, қалғандарын жасы­рын түрде Siemens аппаратында жүргізген. Бірақ тіпті Siemens-тің мықты өнімдері де дәл нәтижені көрсетуге қауқарсыз болған. Сон­дық­тан кейбір науқастардың диагнозы да жал­ған қойылған. Орташа есеппен, нәтижелер небәрі 51 пайыз жағдайда ғана сәйкес келген. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам». Осының бәрі сотта дәлелденіп, сот Элизабетті 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Аталмыш іс хақындағы пікірлер екіге жарылады. Бір тарап Элизабетті қаншама адамның сенімін пайдаланған әккі әйел деп санаса, енді бір жақ оны өз қиялына көзсіз сенген адам деп таниды. Не де болса, оның Кремний алқабындағы бұл хикаясы ендігәрі стартаптар жайында мәлімдеме жасарда мейлінше абай болу керек екенін ұғындырды. Үкім шығарда Холмс жанары жасқа толып көпшілік алдында кешірім сұрады, бірақ өз кінәсін мойындаған жоқ...