«Жер қазатын, тасты уататын, тасымалдайтын ауыр техникалардың тарсыл-гүрсілінен күндіз де, түнде де құлақ тұнады. Жазды күні терезелерді ашып қоятындықтан мүлде ұйықтай алмаймыз. Күндізгі ыстықтан соң үйдің ауасын тазартып, салқындатып алмақ болғанымызбен, карьерден шыққан шаң-тозаңға көміліп, техникалардың құлақ тұндыратын тарсыл-гүрсілінен зықымыз шығады. Есік-терезелерді күн сайын сүртеміз. Қалың шаң тұтады да қалады. Кеніш жақтан жел соққанда шаңның кесірінен тыныс ала алмай қиналамыз. Қазіргі кезде тарсыл-гүрсіл жабық терезеден де естілетін болды. Әсіресе, отбасында кішкентай сәбилері барларға қиын. Балаларда шаңға деген аллергия пайда бола бастады. Біздің биліктегілер, тиісті орындардағылар мердігерге ешқандай шара қолдана алмай отыр. Тұрғындар арызын естімегендей, көрмегендей кейіп танытады», – дейді бөлектіктер.Барлығы 2019 жылы басталыпты. Оған дейін жасыл желекке бөленген ауылда тыныш қана, таза ауамен тыныстып, тірлігін істеп өмір сүріп жатқан жұрттың мазасы ауыл жанында карьер ашылғаннан кейін қашқан. Кеніштен шығатын шаң-тозаң айнала ортаны барынша бүлдірген. Қазіргі кезде ағаш-бұталар, үйлердің сырты мен есік-терезелері түгелімен шаңға көміліп тұрады. Бақша өсіру мүмкін болмай қалған. Жеміс-жидек пен көкөністер көктемей жатып солады. Жұрт жуған кірін далаға жая алмайды. Тиісті органдарға жазған, айтқан арыз-шағымдарынан ештеңе шықпайтынына көзі жеткендердің алды бала-шағасының ертеңіне алаңдағандықтан, үйлерін арзанға сатып, экологиясы таза, жағдайы дұрыс басқа аудандарға, елді мекендерге көшуге кіріскен. Осылайша, айдың-күннің аманында ауыл жанындағы заңға бағынбайтын кеніштің кесірінен туған ауылдарын тастап кететіндер көбейіпті. Жергілікті жұрт тек қана пайданы ойлаған кәсіпкер мен оның шектен шыққан әрекеттеріне тосқауыл қоя алмайтын шенеуніктерден мүлде түңіліп отыр. Заң талаптарына сай белгіленген нормалар бойынша кеніштер тұрғынжай аймағынан кем дегенде 1000 метр қашықтықта орналасуға тиісті. Ал Бөлек ауылының жанындағы карьер жеке үйлерден 100 метр жерде жұмыс істеп тұр. Күні-түні тас уататын диірмен мен басқа да техникалардың тарсыл-гүрсілі мен арлы-берлі қатынаған жүк көліктерінің гүрілі адамдардың денсаулығына орасан зиян келтіріп қана қоймай, айнала ортаны да бүлдіріп жатыр. Осындай заңсыздыққа көз жұма қараған билік органдары тұрғынжай аймағының дәл қасынан өнеркәсіптік нысанның ашылуына қалай ғана рұқсат бергені түбегейлі тексеруді қажет етеді. Осыған орай тұрғындардың арызы Алматы облысының прокуратурасына да жетіпті. Қазіргі кезде бұл іспен табиғат қорғау прокуратурасы жұмыс істеп жатқан көрінеді.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы