Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Шымкенттегі бірқатар құзырлы органдарда болып, өңірдегі кәсіпкерлердің өзекті мәселесіне қатысты жайттарды талқылады.
Атамекен кәсіпкерлер палатасында өткен жиында негізінен республика көлемінде шешілуі тиіс күрделі мәселелер сөз болды.
Жиында бизнес-омбудсменге шымкенттік кәсіпкерлер бизнес жүргізудің қиындықтары туралы айтып берді. «Қазақбитум» ЖШС-нің бас директоры Ержан Бейсенбаев Шымкентте локомотивтердің жетіспеушілік проблемасын көтеріп, бұл өңір экономикасының дамуына кері әсерін тигізіп жатқанын атап өтті. «Біздің компания Ресейден гудрон әкеледі. Ресей шекарасынан Шымкентке дейін битум шикізаты бар вагондар 3-4 күн жол жүреді. Ал Шымкент станциясынан Тоғыз станциясына дейін кем дегенде 5 күн жүреді, кейде тіпті одан да көп уақыт кетеді. Теміржолшылардың айтуынша, оларда бүкіл өңірде бір ғана локомотив бар және оның өзін өзге қажеттіліктер болса, бірден алып қояды. Осыған байланысты бізде зауыт жиі тоқтап тұрады. Ал жаңасын іске қосу үшін тағы 2-3 күн қажет. Салдарынан қала қажетті битум көлемін ала алмай отыр. Есесіне өңірде битум тапшылығы пайда болды. Бізге «Қазақстан темір жолы» мен Шымкенттегі локомотив арасындағы осындай жүйесіздікті реттеп беруіңізді сұраймыз», – деді кәсіпкер.
Бизнес-омбудсмен Шымкенттегі ҚТЖ жұмысына қатысты шағымдардың көптігін, бұл мәселе компания басшылығымен және тиісті министрлік өкілімен келіссөз үстелінде шешілетінін атап өтті. «Сіздер айтқандай, жылдамдық 3-4 есеге төмендегенін көріп отырмыз. Бұл бизнес үшін үлкен мәселе. Мұның бірнеше себебі бар – локомотивтердің жоқтығы, дұрыс емес маршрут, астық таситын көліктердің тапшылығы болуы мүмкін, көптеген мәселелер бар. Жалпы елде тауарды тасымалдау жылдамдығы алты есе төмендеді, бұл экономиканың дамуына кері әсер етеді. Бірақ ол өкінішке қарай Шымкентте шешілмейді. Келесі аптада біз осы мәселе бойынша ҚТЖ басшылығымен кездесуге ниеттіміз, кездесуге Монополияға қарсы агенттікті, Индустрия және сауда министрлігін шақырамыз. Бизнесмендерге кездесу нәтижесі бойынша жеке есеп беретін боламыз», – деді ол кәсіпкерлермен кездесуде.
Сондай-ақ кәсіпкерлерді қосылған құн салығы да мазалап жүр екен. «Шымкентмай» АҚ және «Шымкентмай-Доня» ЖШС басшылығы ҚҚС асып кеткен соманы қайтару Қазақстанның экспорттық кәсіпорындарын ынталандыруға қайшы келеді және керісінше экспорттық әлеуеттің төмендеуіне әкеледі деген күмәнін жеткізді. Бұл валюталық түсімдердің және шикізатты өңдеу көлемінің төмендеуін білдіреді. Ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамтамасыз етуге де қауіп төнуі мүмкін. Кәсіпкерлер мұны мемлекет тауарлардың отандық өндірісін дамытуды ынталандыру үшін қолайлы жағдайлар жасаудың орнына кезекті әкімшілік кедергі жасады деген пікірде. Сонымен қатар, ережелердегі жаңалықтар ҚҚС асып кеткен соманы қайтарудың оңайлатылған тәртібін қолдануға құқығы бар салық төлеушілерге ғана қатысты болуы керек еді дейді. Ал, бизнес-омбудсмен бұл бойынша мұның күрделі мәселе екенін, мәселелердің басым көпшілігі республикалық деңгейде шешілуі керектігін атап өтті. «Қаржы министрінің бұйрығымен ҚҚС қайтару тәртібі туралы салық кодексінің нормалары арасындағы қайшылықтарды айтып отырсыздар. Біз бұл мәселені білеміз, үкіметке тиісті ұсыныс жасадық. Қазіргі таңда келіссөздер жүргізіп жатырмыз», – деп жауап берді ол. Астанаға оралған соң бұл мәселені пысықтайтынын жеткізді.
Жүн өндірушілердің жұмысына да қауіп төніп тұр. 30 сәуірде жүнге экспорттық баж салығын алып тастауға мораторий аяқталады. Еліміздегі бірегей жүн өңдейтін «Шымкент-Кашмир» кәсіпорнының директоры Санат Шағанбекұлы бұл баж салығы 2023 жылдың 1 мамырынан бастап екі жылдан кейін қайтарылуы кәсіпорын жұмысына кері әсерін тигізеді деп қауіптенеді. «2021 жылы ҰКП-ның араласуымен Қазақстан жүнге 10 пайыздық экспорттық баж салығын алып тастады. Бұған дейін бұл мәселе мемлекеттік органдардың, бірлестіктердің, ҰКП-ның қатысуымен түрлі орындарда жылдар бойы талқыланып келген. Соның нәтижесінде Қазақстанда жуылған жүнімізді қабылдайтын жаңа кәсіпорындар іске қосылған жағдайда 2 жылға, яғни 2023 жылдың 30 сәуіріне дейін экспорттық баж салығын алып тастауға қол жеткіздік. Алайда бүгінгі күнге дейін жағдай өзгерген жоқ, жаңа зауыттар іске қосылмай, ел ішінде сұраныс жоқ. Өнімдеріміз тек шетелде ғана сұранысқа ие», – дейді Санат Шағанбекұлы.
Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл сауда вице-министрлерімен бұл мәселені талқылап, мораторий жойылғанға дейін қалған жарты жылда жағдайдан шығудың жолын табуға уәде берді.
Бизнес-омбудсменге балық өнімдеріне еуро номер алу жөнінде жүгінген «Алина» шаруа қожалығы өнімдерін Еуропалық Одақ елдеріне экспорттау үшін кәсіпорын Еуропалық Одақтың тізілімінде тұруы керек, алайда бұл үлкен проблема болып тұрғанын жеткізді. «Бүгінде Қазақстанда кәсіпорынның еуропалық стандарттарға сәйкестігі туралы еурокод беретін орган жоқ. Бұған дейін оны ветеринарлық бақылау және қадағалау органдары берген. Бірақ бірнеше жылдан бері еурокодтарды беру тоқтатылды. Ресейде орын алып жатқан жағдайға байланысты Еуропалық кәсіпорындар бізбен тікелей байланысып жатыр. Ал біз еурокодсыз экспорттай алмаймыз», – деп шағымданды кәсіпкерлер. Рустам Жүрсінов бұл халықаралық-құқықтық сипаттағы өте күрделі мәселе екенін, енді бұл проблеманы шешуді тездету үшін Сыртқы істер министрлігіне жүгінетінін атап өтті.
Бизнес-омбудсмен кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерін тыңдау барысында тиісті министрлік өкілдерінен, түрлі деңгейдегі департаменттердің жауапты тұлғаларынан шұғыл жауап алып отырды.
Жалпы жиында темір жолға қатысты шағымдар көп айтылды. Оңтүстік өңірлерде болған Рустам Жүрсінов бұдан бөлек, кәсіпкерлер тарапынан жер мәселесі, құрылыс тауарларының шектен тыс қымбаттауы компанияларды банкротқа ұшыратып, салдарынан басталған объектілердің аяқталмай қалу қаупі бар екенін атап өтті. «Көтерілген мәселелер өте маңызды. Олардың басым көпшілігі республикалық сипатта. Бір бөлігін біз қабылдау кезінде бірден шешуге тырыстық, қалғанын Астанада тиісті ведомстволармен пысықтайтын боламыз», – деді ол.