Денсаулық сақтау және медицинаны дамыту еліміз үшін басымдыққа ие салалардың бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласын жаңғырту, ана мен баланы қорғау және ақпараттық жүйелердің жұмысы мәселелерін көтерді.
Елімізде әсіресе ауыл медицинасы да күрделі реформаларды қажет ететіні жасырын емес. Елімізде алдағы екі жылға арналған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы әзірленді. Жоба аясында медициналық объектілер салу, көпбейінді мекемелерді көбейту қолға алынды. Маңғыстау облысындағы ауылдарда 416 мыңнан астам тұрғын тұрады. Өңірде оның ішінде шағын ауылдарда медициналық амбулаториялар ашылып, жедел көмек көрсету жеделдеді.
Маңғыстау көптеген жылдар бойы еліміздегі туу көрсеткіштері бойынша алдыңғы орында тұр. 2021 жылы аймақта 23 229 бала дүниеге келсе, биыл жыл басынан бастап 16 631 жаңа туған нәресте туылды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) соңғы бес жылда өңірде жаңа туған балалар мен аналар өлімінің төмендетуге үлкен үлес қосып отыр. Мұның ішіне амбулаториялық қабылдау, үйде патронаждық бару, көп таралған аурулар мен жарақаттарды емдеу, сондай-ақ отбасын жоспарлау мәселелері кіреді. Нәресте өлімін азайту мақсатында өңірде неонаталдық хирургия саласы дамып, әртүрлі патологиялары бар 11 жаңа туған нәрестеге сәтті ота жасалды. Ал өңеш атрезиясының күрделі ақауымен туылған салмағы 1 520 грамм болатын нәрестеге жасалған күрделі ота сәтті өтті. Жаңа туған нәрестелер арасындағы өлім-жітім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға төмендеді.
Аурухананың заманауи технологиялармен жабдықталуы Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігерлеріне күрделі операцияларды еш қиындықсыз жүргізуге жол ашты. Жыл басынан бері 6 341 операция жасалды. Бұрын тек Алматы мен Астанада жүргізілетін отаның бірі коронарлық артерияларды стенттеу операциясы өңірде алғаш жасалды. Сонымен қатар дәрігерлер алғаш рет кардиовертер-дефибриллятор аппаратын қойып, «созылмалы жүрек жеткіліксіздігі» диагнозы қойылған науқастың өмірін сақтап қалды.
2020 жылы аймақта алты қабатты онкологиялық орталық салынды. Мұнда дәрігерлер онкогинекологияда, онко-урологияда, іштің онкологиясындағы ауруларды минималды инвазивті әдістерді қолдана отырып емдейді. Диспансер облыс тұрғындарына мамандандырылған, жоғары мамандандырылған, оңалту, паллиативтік және консультациялық көмек көрсетеді. Сондай-ақ облыс бойынша онкологиялық көмекті ұйымдастыруды үйлестіреді. Оның құрамында 10 негізгі бөлім бар. Осылайша науқастардың өзге жақтан ем іздеуі үш есеге азайды. Бүгінде диспансерде 50 дәрігер жұмыс істейді, оның ішінде екі медицина ғылымдарының докторы және төрт медицина ғылымдарының кандидаты бар. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңірде онкологиялық аурулар үш пайызға төмендесе, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім деңгейі 22 пайызға азайған. Бұл дегеніміз – өңір медицинасындағы оң өзгерістердің бір көрінісі.
Алайда Маңғыстауда медицина саласында маман тапшылығы бар. Осы мәселесі шешу үшін биыл облысқа 93 дәрігер келді, оның ішінде жас мамандар 73, басқа облыстардан 18, басқа елдерден 2 маман бар. Мамандар даярлау үшін облыс әкімінің 157 гранты бөлінді. «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша биыл ауылға 18 жас маман келді. Медициналық ұйымдар есебінен дәрігерлер жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Соңғы үш жылда аймақта ауылдық елді мекендерді медициналық ұйымдармен қамтамасыз ету үшін бірқатар дәрігерлік амбулатория, медициналық мекеме ашылды. Жыл соңына дейін Жаңаөзен қаласының Рахат ауылында дәрігерлік амбулаторияны пайдалануға берілмек.
Медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау саланың мамандарының әлеуметтік жағдайы әрдайым назарда. 2023 жылдан бастап Маңғыстау дәрігерлерінің жалақысын 30 пайызға, орта медицина қызметкерлерінің жалақысын 20 пайызға, кіші медицина қызметкерлерінің жалақысын 23 пайызға көбейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар аймақта денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктер мен тұрғындардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында медициналық қызмет көрсету саласында бақылау жүргізіледі. Бұл өтініштер тоқсан сайын облыстық денсаулық сақтау басқармасы деңгейінде талданып, тиісті шаралар жасалынады.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,
Маңғыстау облысы