Кәсіпқой боксшы көршісін өрттен құтқарып қалды
Кәсіпқой боксшы көршісін өрттен құтқарып қалды
450
оқылды
Петропавлда кәсіпқой боксшы өрттен ер адамды құтқарып қалды, – деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Төтенше жағдай 24 қарашаға қараған түні болды. Петропавлдағы "Жұмысшы" кентінде тұрғын үй өртенген.
"Өрт сөндірушілер келгенге дейін үй иесін – 1951 жылы туған ер адамды көршісі, қарама-қарсы үйде тұратын кәсіпқой боксшы Евгений Павлов өрттен алып шықты", – деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Үйден шыққан өртті көрген Евгений үй маңындағы "Газельге" жүгіріп барып, адамдардың назарын аудару үшін дабыл жұмысын қосады. Сосын жанталаса үйдің есігін ашып, кірмек болғанымен жалын мен қою түтіннен аттап баса алмайды. Бас киімін суға малып алып, аузы-мұрнын тұмшалап, түтіннен қорғанып, үйге кіреді.
"Түтіннің қоюлығы соншалық, Витя ағайдың сұлбасын 4-5 метр қашықтықта әрең ажырата алдым. Ол маған қарай келеді екен. Мен де оған қарсы еңбектеп бардым да, есікке дейін тартып алдым. Бірден үйімізге алып келдік, қажетті көмек көрсеттік, көп ұзамай өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем келді. Бақытымызға орай, Витя ағайға медициналық көмек қажет болмады", – деп еске алды сол түнді Евгений.