Наталья Годунова жаңа қызметке тағайындалды
Наталья Годунова жаңа қызметке тағайындалды
Фото: kaztag.info
1,083
оқылды
Президент Наталья Годунованы Қазақстан Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы лауазымына тағайындады. Бұл туралы Мемлекет басшысының Жарлығы Ақорданың сайтында жарияланды. Президент Жарлығында: «Наталья Николаевна Годунова Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы лауазымына тағайындалсын» делінген. Наталья Николаевна Годунова 1972 жылы 24 мамырда Орал қаласында туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын (экономист мамандығы бойынша), Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Қаржы академиясын бітірген. Еңбек жолын 1993 жылы «Орал Агроөнеркәсіпбанкте» экономист болып бастады. Батыс Қазақстан аумақтық мемлекеттік мүлікті және активтерді басқару комитетінің жетекші маманы, бөлім бастығы, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының бөлім меңгерушісі, Батыс Қазақстан облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры (1997 - 2005); Қазақстан Республикасының  Ресей Федерациясындағы Сауда өкілідігінде кеңесші-экономист  (2005-2006 ); Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі (2006-2009); Қазақстанның  Ресей Федерациясындағы Сауда өкілдігінің консультанты, орынбасары, міндетін атқарушы (2009-2011); Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі (2012-2013); Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, экономика, қаржы және жұмыспен қамту мәселелеріне жетекшілік етті (2013-2015); *«Нұр Отан» партиясының хатшысы, «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесі бюросының мүшесі (2015-2017); Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі (2017-2018); 2018 жылғы ақпанда Есеп комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы (2008) және «Құрмет» орденімен (2016) марапатталған. *«Нұр Отан» – қазіргі атауы “AMANAT “ партиясы.