Астанада жалған анықтама сатқан медициналық орталықтың басшылары ұсталды – видео

Астанада жалған анықтама сатқан медициналық орталықтың басшылары ұсталды – видео

Астанада медициналық орталықтың екі басшысы ұсталды. Клиенттер көлікті басқаруға жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық анықтамаларға тапсырыс берген. Polisia.kz-тің дерегінше, Астананың полицейлері алдын ала сөз байласу арқылы жалған медициналық анықтама сатқан ЖШС-ның екі басшысын ұстады. Олар ақша алып, медициналық мекемеге іс жүзінде бармай-ақ уақытша еңбекке жарамсыздық парағын, денсаулық паспортын, санитарлық кітапшаларды, №086, 075 нысанындағы анықтамаларды және өзге де медициналық құжаттарды дайындаған. Тергеу кезінде Астана қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Тәуелсіздік даңғылы бойындағы медициналық орталықтың 33 жастағы басшысын ұстады.   https://youtu.be/s8sPwAfduk8 Тінту барысында қолма-қол ақша, мөрлер, медициналық мөртабандар, медициналық анықтамалардың үзбелі түбіртек байламдары, тіркеу журналдары, медициналық кітапшалар, толтырылған және мөр қойылған еңбекке жарамсыздық парақтары тәркіленді. Сондай-ақ Әуезов көшесінде орналасқан медициналық орталықтың тағы бір 33 жастағы басшысы ұсталды. Тінту барысында медициналық кітапшалар, еңбекке жарамсыздық парақтары, мөрлер тәркіленді. Клиенттердің жұмысқа орналасу, көлік құралдарын басқару үшін жүргізуші куәлігін алу және тағы басқа қажетті медициналық анықтамаларға тапсырыс бергені анықталды. Факті бойынша жалған құжаттарды дайындағаны және өткізгені үшін Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.